Қазақстан әлемге саяси және экономикалық жетістіктерімен таныла отырып, этносаралық татулық, мәдениеттердің әр алуандығымен үлгі көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты түрлі этностарды ұйыстыра білді. Бұл елді татулық пен ізгілікке бастайтын дара жол болып қала бермек.
Осынау бірегейлік елімізде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше айшықтала түседі. Аталған мейрам бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін әлемге танытатын айрықша дәстүрге айналды. Соның арқасында қазақстандық әрбір азамат үшін ұрпақтар сабақтастығы арқылы жеткен татулық, бірлік, сенім мен тең құқықтылық ең маңызды қасиеттер болып қалыптасқан.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап халық бірлігі және мемлекет пен қоғамның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыру басты назарға алынды. Аталған мақсатқа жету үшін қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау ең маңызды мәселе болатын.
Елбасының бастамасымен дүниеге келген бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі барлық этностардың шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуіне ықпалы зор екендігі дау тудырмайды.
Бүгінде Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы алып құрылымға айналып, еліміздегі барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда.
ҚХА-ның басты бағыты – мәмілеге келу және біріктіруші негіздерді нығайту арқылы барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылады. Ал ең басты ерекшелігі – еліміздегі барлық этностардың мүдделерін бір арнаға тоғыстыратын, барлық азаматтардың этностық және діни ерекшелігіне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтайтын әлеуетті институтқа айналуында болып отыр.
Біздің сыртқы саясатта жүргізіп отырған негізгі бағыттарымыз – ТМД шеңберіндегі бірігу туралы ұсыныстар, ЕурАзЭҚ, Әлемдік діндер съезі, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету сияқты шаралар Қазақстанды халықаралық қоғамдастықта ықпалды елге айналдырып, посткеңестік кеңістіктегі экономикалық, саяси тұрғыда ең қарқынды дамушы мемлекет ретінде көрсетуде.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басты мақсаты Қазақстан қоғамында барлық этностар-дың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, жергілікті, байырғы ұлтқа негізделген әлеуеті мықты қоғам құру.
Қазақстан халқы Ассамблеясы демократиялық жаңаруларды бастан кешіп жатқан Қазақстандағы азаматтық қоғамның алғашқы қарлығашы болғаны даусыз.
Қазіргі таңда ҚХА-ның тікелей күш салуымен этносаралық қатынастар саласын саясаттан тыс сақтап, елдің көпэтностық ерекшелігін мемлекеттің басты қозғаушы күшіне айналдырдық деп мақтанышпен айтуға болады. Ассамблея этномәдени бірлестіктерді дамыта отырып, саяси, құқықтық және мәдени бағытта қазақстандық жаңа үлгіні тәжірибеге енгізді. Осы негізде «Саналуандық арқылы – бірлікке» деген атаумен этносаралық қатынастың қазақстандық үлгісі қалыптасты.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ел экономикасының қайта түлеп, тұрақты даму қарқынына ілесуі, қоғамды демократияландыру үдерістерінің жедел дамуы кезеңінде маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде алдыңғы қатардан көрінуде. Қоғамның этностық ресурсы ел экономикасын дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және Қазақстан қоғамының рухани мүмкіндіктерін дамытуға бағытталып отыр.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң елдің әрбір азаматына халық үшін аянбай қызмет етуді, осы елдің патриоты болуға шақырып, нақты іс-қимыл бағыттарын ұсынады.
Ассамблея атынан сайланған депутаттар нәтижелі еңбек етіп, заң жобаларын әзірлеуге белсенді атсалысуда. Депутаттар еліміздегі барлық аймақтық этномәдени бірлестіктермен, азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді.
ҚХА этносаралық қатынас саласының барлық мәселесіне араласып, мемлекеттік органдармен белсенді жұмыс істеп отыр. Мәжілістегі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының отырыстарында мемлекеттік органдармен бірлескен шаралар жоспары жүзеге асырылып, бірқатар бағыттар бойынша нақты шаралар атқарылуда.
Ассамблеяның дүниеге келген жылдардан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі оның әлемдік қоғамдастық алдында беделін арттырып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті.
Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс ошағы Қазақстанды да өз қанатының астына тартып отыр. Халықаралық кеңістікте жүріп жатқан үдерістерге көз салар болсақ, дағдарыс қаржылық, экономикалық салалармен ғана шектелмей, әлеуметтік, этносаралық және дінаралық мәселелердің ушығуына себепкер болуда.
Аталған жағдайларды ескеретін болсақ, дағдарысқа қарсы кешенді шаралардың басталуына көңіл бөлген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігіне таңғалмасқа амал жоқ. Аталған шаралар тек қана экономика және әлеуметтік салалармен қатар, идеологиялық мақсатта кідіріссіз жұмыс істеуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, соңғы ұсынылған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі осыған дәлел.
Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайды деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті – мемлекеттік саясаттың басым бағыты.
Елбасы аймақтардағы жұмыстарды күшейтіп, әлеуметтік қиындыққа тап болған халыққа жан-жақты жәрдем көрсетуді үнемі айтып келеді. Осыған байланысты, Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық саласындағы ауқымды жұмысын атап кеткен жөн. «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны, этномәдени орталықтардың бұл саладағы жұмысы халыққа кеңінен танымал.
Елді жұмылдырушы маңызды фактордың бірі – қазақ халқы, оның дәстүрлік, тілдік және мәдени құндылықтары. Кез келген мемлекеттің бірліктің, ортақ мақсатқа ұйысуының негізі халықтың жаппай мемлекеттік тілді қолдануы екені сөзсіз. Мемлекеттік тіл – ел егемендігінің басты шарты. Ол – Қазақстан халқының басын біріктіруші құрал. Сондықтан барлық этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқытып-үйрету бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып отыр.
ҚХА жанында облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық деңгейде Қоғамдық келісім кеңестері мен тәрбие, отбасылық мәселелер бойынша Аналар кеңесі бар. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында Ассамблеяның өскелең ұрпаққа мемлекеттік этносаясаттың негізгі түсініктері мен бағыттарын ұғындыратын кафедралар ашылды.
Биыл 5 наурызда әрбір қазақстандықтың өмірі үшін маңызды, халықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған Президенттің жаңа әлеуметтік бастамалары ұсынылды.
Сол сәтте Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзін «Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік. Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды. Мен этномәдени бірлестіктерге де айрықша ризашылық білдіремін», – деп бастауы бекер емес болатын. Бұл – әлеуметтік модернизация жолындағы, өз өмірін Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат үшін жаңа мүмкіндіктер беретін ауқымды жоба. Жаhандық ұлттық бірлік, бұл – әлеуметтік бірлік. Барлығымыздың ең басты міндетіміз – қоғамдық бірлікті сақтау, оны қадірлеу.
Юрий ТИМОЩЕНКО, Парламент Мәжілісінің депутаты