• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Сәуір, 2018

Атамекенін ұмытпайды

360 рет
көрсетілді

Ұлттардың ұлы достығы – қарапайым адамдардың бір-біріне деген бақай есепсіз, риясыз рухани туыстығынан басталатыны ақиқат. Алайда ешкімге ұқсамайтын айрықша адамдардың, өзгеше тағдыр иелерінің достығы дара. 

Сірә, Ольга Лункинамен араласып келе жатқанымызға отыз жылға жуықтаған болар. Қуанышта да, қайғыда да бірге болдық. Осы Ольга Алексеевна қазақ десе өзегін жұлып беретін жан. Оған талай көзіміз жеткен. Тіпті Лункиндердің отбасылық шежіресі толайым қазақ халқымен тағдыр­лас. Ол кісі қазақтың бар­лық қасиеті бүкіл әулетіне жұғыс­­ты болғанын ұдайы айтумен, дәлел­деумен келеді. 

Ақылшы анамыздай Ольга Алек­сеев­наны марқұм досым, қазақ иллю­зионисі Алтынай Байто­қанова арқылы танитын едім. Бұл кісі Алтынайдың өкіл шешесі болды. Өнерге баулыды. Екеуінің риясыз ауызбіршілігі – ежелден көрші, ежелден туыс орыс пен қазақтың ғажайып достығының үлгісі еді. Ольга Алексеевна бізге қарағанда ересек, өмір көрген адам ғой. Жас кезі­мізде қиналсақ, қателессек өз шеше­міздей ақыл-кеңесін айтып отыратын. Талай рет бәлішін жеп, басымызды иығына сүйеп, үйінде де қонып қалатынбыз.

Сәуірдің басында ойда жоқта Ольга Алексеевнамен жолығудың сәті түсті. Күн жылынғанда Алматыға арнайы келіп, өткен күннен есте­ліктерін сарқа әңгімелеп, мар­құм Алты­найын сағынып жүргенін жа­сыр­­мады. Қазақ­тың салтымен дас­тар­қанға достарды жинап, мол­да шақыр­тып, жеті шел­пегін пісір­тіп,  әрі өкіл қызы әрі досы бол­ған Алты­найға Құран аяттарын бағыш­татты... Жердің түбінен келіп, тағы да ана­лық, достық борышын атқарып кетті... 

Ата-бабасының, әке-шешесі, бала­­ларының да кіндік қаны қазақ топы­­рағында тамғандықтан болар, ол кісі қазақ циркіне трансформациялық өнерді алып келген марқұм өкіл қызы Алтынайы барда өзге елден бақыт іздеуді ойламаушы еді. Қос құлыны – Елена мен Екатерина көз алдымызда бой жетті. Алайда ол кісі әлі еркелігі басылмаған өз балаларынан гөрі, Алтынайға арқа сүйеуші еді. Алтынайдың кеткеніне шын көзі жеткеннен кейін ғана Санкт-Петербургке қыздарының қасына көшті.     

Байқап қарасам,  Ольга Алексеев­на­­дан қазақ туралы сөз сұрасаң талай қы­зықты оқиғаны айтып, ішек-сілесі қатып күледі, яки болмаса көзіне жас алады. 

«Қазақтың кең даласында менің атам да, әжем де, әкем де, шешем де, көзімнің ағы мен қарасындай қыз­дарым да туған. Әжем аттың құлағында ойнаушы еді. Қорықпай мініп алып, шауып жүретін. Аздап домбыра да тартатын. Әрине бізге қарағанда қазақша жақсы білді. Шешем қазақша өлеңдерді мәнеріне келтіріп айтушы еді. Меніңше, жер бетінде қазақ даласындай сұлу жер жоқ. Бізде бәрі бар: таулар мен теңіздер,  сайын дала, сарқыраған өзендер. Менің тари­хи Отаным – Қазақстан. Кім туған жеріне жаман­дық ойлайды?! Жы­рақта жүрсек те, тілегеніміз – осы елдің амандығы», дейтін Ольга Алексеев­на­ның әңгі­мелері тіпті қызық.

– Маған  бұл оқиғаны бала күнімде әжем айтқан. Әжеміз жас кезінде әке­сі­мен қазақтың бір байының үйіне қы­ды­рып барады. Ол кезде жер­­гілікті халықтың дәстүрін біле бер­мейтін әжеміз жастық аңғалдық­пен бір байдың бұзауын, байдың тоқыма­шылары тоқып бітіріп, сырт­қа жайып қойған кілемін мақтай берген ғой. Әкесі екеуі қайтуға жинал­ғанда жаңа­ғы ауқатты қазақтар пәуеске­леріне бұзауды байлап, кілемді салып қойыпты. Қонақ десе астындағы жалғыз атын сойып беретін қазақтың жомарттығы мен қонақжайлылығын бұдан асырып қалай айтарсың, – дейді Лункина. – Сол қонақжайлылық бізге де сіңісті болып кеткен екен. Қонақ келсе үй-ішімізбен қуанамыз. Дастар­қанды барынша толтырып, кетіп бара жатқан мейманның сөмкесіне бауыр­сақ, кәмпиттерді, сый-сияпатты толтырып салып бермесек көңіліміз көншімейді, – дейді ол кісі күліп. Расы солай. Айтқандай, Ольга Алексеевна­ның әжесінің әжесі қазақтың жетім баласын асырап алып,  үйлі-жайлы еткен. Өскенде ол жігіт шофер болып, кейін екі рет осы асырап алған отбасын ажал аузынан алып қалған деседі. Ол бір ұзақ хикая. 

Ольга Алексеевнаның өз әжесі де қиын-қыстау жылдарда жетім татар қызы Мариямды бауырларына басып, бой жеткізіп, кейін ұшқыш жігітке ұзатқан екен. 

– Қазақпен етене араласып, туыс­тардай сіңіп кеткен біз ғана емеспіз. Жас кезімізде небір әңгімелерді естуші едік. Мысалы, біздің қазақ көршіміз Рая   өзінің бес баласы болса да Ваня деген орыс баласын бақты. Кейін осы Ваня жақсы азамат болып өсіп, асырап алған ата-анасының алдынан қия кеспей, сыйлаумен өтті.

Соңғы жиырма жылда Алтынай­сыз күнім өткен жоқ. Тіпті алыс шетелдерде жүрсе де күн сайын хабарласып тұратынбыз. Алтынайымның орнын ешкім баса алмайды. Ол да маған екі қызым бой жеткенше көмектесті. Олар Алтынайды тәтелеп жақсы көретін әрі аздап қаймығатын. Алтынай өз пәтерін иллюзия өнері үшін сатып жіберіп, біраз жылдар шетелдерде жүрді. Цирктермен келісімшарты аяқталып, Алматыға келіп баспаналы болғанша шешем бәріміз біздің кішкентай жер үйде тұрдық. Бір рет те үйіміз тар деп айтпаған екенбіз. 

Кешке жұмыстан келгенімде Алтынай қасыма отыра қалып, сахна көйлектерін тігіп отыратын. Әңгі­мелесіп, күндіз көрген-білгендерін айтады, ақылдасады. Бірақ өзі тура жетпіс жыл жасағандай көреген еді. 

«Өмір бар жерде – өлім бар» деген осы ғой. Жылдар өтсе де Алты­най деп жылап жүрген Ольга Алексеев­наның басқа қазақ достары, туыс­тары да жеткілікті. Алайда Ольга Алексеевна үшін Алтынайы бір төбе, қалған дос-жарандары бір төбе болды.

– Әнші Ералхан Әбішевпен де отыз жылдай етене араластық. Жас кезімізде мен оның берген ақыл-кеңестеріне қарап, бір жағы қалжыңдап «ақсақал» деуші едім.  Менімен жездесінен бетер әзіл­деседі. Достарымның ішінде қазақ та, орыс, өзбек, татар, қырғыз, корей де бар. Бірақ бәріне қазақтың болмысы жұққан, – дейді Ольга Алексеевна. 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ