• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 27 Сәуір, 2018

ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» хабына жетекшілік етеді

303 рет
көрсетілді

Заман өрісі дамып,  қоғам талабына сай жаңа мүмкіндіктерге ие  болып отырған «жаһандану ғасырында» білім саласы да жаңа тенденцияларға бет бұратыны белгілі. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында ерекше атап көрсеткендей биылғы жылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағыты бойынша еліміздің іргелі оқу орындарында заманауи арнайы кадрлар даярлау ісі қолға алына бастады. Соның ішінде, сұранысы аса жоғары  IT, пиар-менеджмент мамандарын мейілінше сапалы әрі білікті етіп даярлау – еліміздің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеретін басты фактор екендігіне көз жетіп отыр.

Аталған міндетті жүзеге асыру барысында  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «біздің негізгі мақсатымыз – оқу орнын әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру. Соған орай жетекші мамандар даярланып қана қоймай, ғылым мен инновацияны дамыту мәселесі де қамтылатын болады. Жалпы, университеттер инновациялық экономиканың драйвері болуға тиіс»,-деді елбасы қабылдауында. Расымен, соңғы жылдары «әлемнің екінші ұстазы» - әл-Фараби бабамыздың есімін иеленген оқу орны:  ел экономикасы, мәдениеті, әдебиеті, технологиясы  үшін жоғары білікті мамандарды  даярлауды қамтамасыз ететін ғылыми-инновациялық кешенге айналды.    Статистикалық деректердің көрсетуі бойынша, университет соңғы үш жыл ішінде  үлкен серпіліс жасап, «QS» халықаралық рейтингінде 236 орыннан көрінді.  «Great Value Colleges»  халықаралық рейтингі  болса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды әлемдік университеттер арасында  31-орыннан, ал технологиялық жағынан дамыған ең озық 50 университетің қатарынан көрінуге лайықты деп тауыпты.

Отанымыздағы  жетекші оқу орны, сарапшылардың пікірінше, жаңа білім, озық идеялар мен технологияны  бойына сіңірген, ғылыми білім беру және инновациялық орталықтарда, қоғамдық мекемелер мен түрлі компанияларда сауатты әрі сапалы қызмет атқара алатын маман даярлауға толыққанды қауқарлы. Мемлекеттік инфрақұрылымды жүзеге асырудың методологиялық негізі «Al-Farabi university smart city» бірегей ғылыми-инновациялық жобасы жыл сайын ұлттық университетте таныстырылып, түйінделетіні соның айғағы.

Ұлттық университет жүзеге асырып жатқан сан түрлі жобалардың насихаттық әрі имидждік белең алуына – оқу ордасының журналистика факультеті, «ЮНЕСКО, Халықаралық журналистика және қоғамдық медиа» кафедрасының студенттік баспасөз қызметі, жоғарғы білімді профессорлар, оқытушылар қатарынан тұратын білікті ұжымы барынша қамтамасыз етуде. Аталмыш кафедраның түлектері қазірде  халықаралық стандарттағы білікті журналистерге айналып, комерция, менеджмент, маркетинг, мәдениетаралық коммуникация, ақпараттық технологиялар, экономика, әлеуметтану салаларында қызмет етіп, әлемдік деңгейде еліміздің атын танытып жүр.

Тағы да айта кетерлігі,  жиырмасыншы ғасырдың аяғында құрылған әлем университеттері, жетекші ЖОО-лары мен халықаралық ұйымдардың қатарында Қазақстан аты абыроймен аталып, зор беделге ие болуына осы кафедра дайындаған пиар мамандары, соның ішінде әсіресе, пиар департаменті бөлімінің басшылығы,  пиар-директорлар, жарнама агенттігінің пиар-менеджерлері, мемлекеттік, қоғамдық және коммерциялық құрылымдары мамандары аянбай қызмет етіп отыр.  Жақында ғана «ЮНЕСКО, Халықаралық журналистика және қоғамдық медиа» кафедрасының ықпалымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» жаһандық хабына жетекшілік ету міндеті сеніп тапсырылды, «UNAI Hubs-қа» жетекшілік ету мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылды.

Біріккен ұлттар ұйымынының «жаһандық коммуникация» бойынша Бас хатшысының орынбасары Алисон Смейлдің қолы қойылған сертификат  12-сәуір күні  БҰҰ-ның «академиялық ықпал» бағдарламасының  штаб-пәтерінен жолданып, университет оқытушыларына арнайы табысталды.  Қазіргі таңда Қазақстанның 25 жоғары оқу орындары БҰҰ-ның «Академиялықықпал» бағдарламасына қосылған. ҚазҰУ-да өткізілген баспасөз мәслихатына арнайы келген БҰҰ-ның Қазақстандағы «қоғамдық ақпарат»  департаментінің директоры Властимил Самек жетекшілік ету мандатымен оқу орнын құттықтап, соңғы 4 жылда университеттің бұл саладағы қызметін абыройлы атқарғанын атап өтті. Айта кетерлігі, Қазақстан 2017 жылдан бері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғандықтан, еліміздің халықаралық қатынастардағы,  жаһандық проблемаларды шешудегі басты саяси алаңға айналып отыр. Осы орайда, В.Самек  «UNAI Hubs»  саласындағы университеттің белсенді қызметі Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы имиджіне оң ықпал ететіндігін де атап өтуді ұмытпады. Қорыта айтқанда,  жаһандық білім беру қауымдастығына мүше болу мәртебесіне тұңғыш  ие болған Орталық Азиядағы  университет өз иммиджін халықаралық журналистика мен қоғамдық медиа мамандары арқылы кеңінен танытып, жетекші рейтингтерінде асқақ абыроймен көрініп келеді.

Дастан Қастай, студент