Облыс орталығындағы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының хабарынша, Шығыс Қазақстан облыстық«Дарын» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен академик Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиада өтті.
Олимпиадаға еліміздің мектептерінен 9-11 сыныптарында оқитын 200-ден астам оқушы қатысыпты. Олимпиада «Құрмет» орденінің иегері, атақты мұғалімі Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваны еске алуға арналды. Олимпиада 2015 жылдан бастап еліміздің Білім және ғылым министрлігі бекіткен республикалық олимпиадалар тізбесіне енгізілді. Жүлдегер атанатын 11 сынып оқушыларына жоғары оқу орындарына түсу барысында мемлекеттік грантқа ие болуға құқық береді.
Олимпиаданың облыстық кезеңінде І және ІІ орындарға ие болған мемлекеттік тілде оқытылатын жалпы орта білім беру және мамандандырылған мектептердің 12 оқушысы қатысты. Олимпиада қорытындысында І дәрежелі дипломға– облыс орталағындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 10, 11 сынып оқушылары Амантай Айгүл, Бауыржан Ақерке; II дәрежелі дипломға– 11 сынып оқушысыКенжехан Айдана, ІІІ дәрежелі дипломға –Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Илимхан Ақерке ие болды. Ал, «Тіл шебері» номинациясын өңірдегі Ақсу қаласындағы мамандандырылған гимназия мектебінің 10 сынып оқушысы Карибаева Малика иеленді.
Сонымен бірге, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасымен облыс орталығындағы №38 негізгі мектебінің 9 сынып оқушысы Солтанмұрат Камила, Ақсудағы мамандандырылған гимназияның 9 сынып оқушысы Күнтаева Әмина, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 9 сынып оқушысы Қунақпай Мәлике және Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Бәкібай Толғанай марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар
Суретті түсірген: Баян Әмірғалаиева