• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2018

Шығармашылық пен марафон

811 рет
көрсетілді

Жүгіретін ақынды көрдіңіз бе? Шын мәнінде марафонға қатысып, жүгіруді өмірлік серігі еткен ақынды айтамын. Мен әлі көрмедім, дүние жүзінде де олардың саны көп емес сияқты. Марафон және жазушы десе бірден жапон жазушысы Харуки Мураками есімізге түсетіні сөзсіз.

Оның желаяқ ретінде танымал болуына жүгіру туралы жазған кітабы да септігін тигізді. Өздері жүгірмесе де жүгіру, марафон, желаяқ деген сөздерді өлеңдерінде қолданатын ақындар баршылық. Ағылшын тілінде іздеу жүйесіне жазсаңыз тіпті «жүгіру туралы жазған танымал ақындар» деп, өлеңдерімен бірге біраз ақпаратты шығарып береді екен.

Өзі де жүгірумен айналысатын New York Magazine журналының колумнисі Бред Сталберг (Brad Stulberg) «жүгіру мәтін жазуға ұқсайды: екеуі де қалыптасқан әдетті және сол іске толықтай берілуді талап етеді, ал соңында сіз бұрынғыға қарағанда жақсырақ бола түскеніңізді сезесіз» дейді.

Қай іс болса да, ең қиыны бастау екені белгілі. Мұның шығармашылыққа да, жүгіруге де қатысы бар. Шығармашылық жолы және жүгірумен қызығушылығы қатар басталған Харуки Мураками марафонды жүгіріп өтуді роман жазып шығумен салыстырады. Муракамидің жетістікке жету формуласы – тұрақтылық, күн тәртібі және ұстамдылық, яғни артық та, кем де емес, келесі күні жалғастыруға жетерліктей күшің қалатындай жүгіру керек және жұмыс істеу керек.

Соңғы жылдары елімізде марафон да, түрлі спорттық шаралар да көп өткізілгендіктен, саламатты өмір салтына ден қойып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап жатқандар да, сән қуып, қатарынан қалмай марафонға қатысып жатқандар да көп. Адамды қандай мақсат жетелесе де, ең бастысы нәтиже, ал бұл жылдан жылға адамдардың ойы өзгеріп, денсаулықты сақтау, ортаны өзгерту, сапалы өмір сүру бағытына ауысып жатқанын көрсетеді.

Не істесек те барлығымызға жақсы кеңес, кәсіби маманның тәжірибесі және қолдау керек. Оны көбіне кітаптардан алатынымыз өтірік емес. Сондықтан жүгіруге арналған екі-үш кітапқа сілтеме жасайын. Спорт журналисі Мэтт Фитцджеральд жүгіру туралы жиыр­ма­дан астам кітап жазыпты. Оған қоса триатлон, тамақтану, фитнес және арықтау тақы­рып­тарын да қамтыған. Бәріміз 20/80 деген Парето заңын естіп жүрміз. Яғни 20 пайыз күш-жігеріміз 80 пайыз нәтижеге жеткізсе, ал қалған күшіміз тек қана 20 пайыз нәтиже әкеледі. Осыған ұқсас Мэтт Фитцджеральдтің «80/20 жүгіру» («80/20 Running: Run Stronger and Race Faster By Training Slower») атты кітабы бар. Ол жаттығудың 80 пайызын төмен қарқында өткізу жүгірушінің шар­шауы мен жарақат алуын азайтатынын, дегенмен жүктемені өзгерте отырып жаттығу­шының жылдамырақ жүгіруіне және оның төзім­ділігі мен шыдамдылығын дамыта түсуіне мүмкіндік жасауға болатынын көрсетеді.

Мүмкін сіз «менің жасым қырықтан (елуден, алпыстан) асты, бәрі кеш, жүгіргені несі?» дерсіз. Бірақ оған да жауабымыз бар: Джо Фрил «50-ден кейін» (Fast After 50: How to race strong for the rest of your life) атты кітабында өз тәжірибесімен бөліседі, қартаюды зерттейтін ғалымдардың жұмыстарына сілтеме жасап, елуден асқандар ешнәрсеге қауқары жоқ, теледидар алдында отырып өмірін өткізетін адам емес екенін, спорт­пен айналысып, тың әрі қайратты болу­дың, ұзақ өмір сүрудің жолдарын көрсетеді.

Ал сіз АҚШ азаматы Маргарет Хэгертидің 72 жасында жүгіруді бастап, 81 жасында барлық құрлықтағы марафондарға қатысып шыққаны туралы білесіз бе? Не деген жанқиярлық, не деген қайсарлық десеңізші! Тағы бір қызық жайт: 2010 жылдың 5 тамызында 700 метр тереңдікте 33 шахтер Чилидегі Сан-Хосе шахтасында қалып қояды. Алғашқы 17 күнді жоғарғы жақпен байланыс болмай қараңғылықта өткізеді, содан соң диаметрі 12 сантиметр саңылау тесіп, сол арқылы су мен тамақ жеткізіліп тұрады. Жер бетіне олар 69 күннен кейін шығады. Мұның несі қызық дерсіз?

Асықпаңыз, сол 33 шахтердің ішінде болған Эдисон Пенья жер астында уақытын бос жібермей, жүгірумен айналысады, ол басылып қалмаған бар болғаны бір шақырымдай жерді айналып жүгіре береді. Барлығы оны ақымақ, есі ауысқан деп ойлайды, ешкім оны қолдамайды. 13 қазанда шахтерлер жер бетіне шығады, ал 7 қарашада Эдисон Нью-Йорк марафонына арнайы шақыру алып қатысады да, 5 сағат 40 минут 51 секундта жүгіріп өтеді. Таңғаларлығы, бұған дейін ол ешқашан спорт­пен айналыспаған және марафондарға қатыс­паған екен. Ал сіз әлі спортпен не шығар­ма­шылықпен айналыспағаныңызды, дұрыс тамақтана бастамағаныңызды, жаңа тіл үйренбегеніңізді түсіндіретін сылтау іздеп жүрсіз бе?

Шығармашыл адам бәрін жаңа парақтан, таза беттен бастайтыны сияқты, жүгірушінің де қадамы жаңа жолдан басталады. Бірақ екеуі де өздері қалаған нәтижеге қол жеткізеді, дегенмен көңілі толмай қайта бастау да, риза болып, алға қарай жылжу да, «осыған да шүкір» деп өзін жұбату да болады. Күнде марафон жүгірудің қажеті жоқ, марафонды жылына бір рет, әрі кетсе екі рет жүгіресіз. Ең бастысы, өз күшіңіз бен шегіңізді сезіп, уақытында тоқтап, дем алып, басқа нәрсемен айналысып, қайта қуаттанып, келесі кезеңге өтуге күш-жігеріңіз жеткілікті болсын.

Бақытгүл САЛЫХОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты