• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2018

Айсары ауылының аяулы келіні

693 рет
көрсетілді

Қостанай қаласының іргесіндегі облыс аттас ауданда Айсары деген ауыл бар. Оны сырттан келгендер ана тіліміз есіктен қарап қалған жылдары Глазунов атандырған екен. Жұрт есін жиғаннан кейін өзінің Айсары деген әдемі атын қайтарып алып жатыр.

Осы ауылда қандай ұлт жоқ дейсіз. Қазақты айтпағанда, әзер­байжаны да, татары да, немісі де, орысы да, украины да осында. Бұрын негізгі тұрғындары болған неміс ағайындар атаме­кеніне көшті де, 90-шы жылдары Қос­танай облысының шал­ғай аудан­дарынан, тіпті өзге об­лыс­­тардан көшіп келгендер об­лыс орталығына жақын осы ауы­лға жайғасты. Ауыл олар­дың бар­лығына да құтты қоныс болды. Ауылдастар осы­ған шүкір­ші­лік етеді. Осы ауылда Қадыр мен Ефимия Оңай­бековтер алыс­тан емес, 10-15 шақырым жер­дегі Жақсылық деген ауылдан көшіп келген болатын. Қазір Ефимия Ивановна мен Қадыр Тоқтамысұлы да егде жасқа аяқ басты, немерелердің ата-әжесі атанып отыр. Сонда да «қолда өскен түйенің тайлақ аты қ­ал­майды» деген ғой, Ефи­мия­ның «Фима келін» аты қалған жоқ. Оны айсарылықтар ауы­лдағы ең үлгілі келін санай­ды, жас түскен келіндеріне, ба­ла­­лары­на үлгі етіп айтып отырады.

Фима қаланы қолайлап тұрса, Қадыр оның айтқанынан қара үзіп кетер ме еді, кетпес пе еді, кім білсін. Бірақ Фима өзінің келіншек болып түскен Жақсылық деген аядай ауылы­нан алыс кеткісі келмеді. Мол­даван қызына қазақтың Жақ­сы­лық деген ауылы жердің жән­наты көрінген еді.

– Сонау 70-ші жылдардың ортасында өзімнен үлкен апам комсомолдық жолдамамен осында келді. Мен 1976 жылы сол апамның артынан қонаққа келгенмін. Мектепті бітірген, 17 жастағы қыз едім. Мен сатушы болып орналасқан дүкенге қазақ жігіті машинамен зат тасиды. Ол зат әкелген са­йын екеуміздің көзіміз түйісіп қала береді. Әлгі жігітті жақсы көріп, ғашық болып қалдым. Келесі жылы Қадыр екеуміз отау құрдық, – дей­ді Ефимия Ивановна.

– Қазақ ауылын, отбасын жа­тырқаған жоқсың ба? – дейміз Фима жеңгемізге.

– Қазақ отбасы мені жабыр­қатпай, бөтенсімей, жақсы қарсы алса, мен неге жатырқаймын? Қадыр көп балалы отбасынан екен, мен келгенде ата-енем­нің тоғыз баласы бар екен. Жақ­сы­лық аққайың тоғайының шетінде, табиғаты тамылжыған жерден орын тепкен шағын ауыл екен. Мені таңғалдырғаны да, қызықтырғаны да, қазаққа сіңіп кетуіме де себеп болған ауылдың табиғатынан бұрын татулығы еді. Бір ауыл бір үйдің адамындай болып сыйласады екен. Мен қазақшаны осы ауылда жас келін болып жүргенде үйреніп алғанмын, – дейді Фима.

Жас келін ашықтығымен, еңбекқорлығымен тек ата-анасына ғана емес, ауылға сүйкімді келін атанды. Ата-енесін өзі қарап, қолынан аттандырды. Енесі қайтқан соң, атасын ала­қанына салды. Қазақта ата-ана қартайғанда көбіне кіші ұлдың қолында болады ғой. Атасы Тоқтамыс қартайғанда аға­йындары «кіші ұлыңның қолына бармайсың ба?» деп сұрапты. Сонда Тоқтамыс ақсақал: «Баланың бәрі бірдей. Қадыр мен Фиманың қолынан шығамын. Өйткені Фиманың менде еңбегі бар, осы уақытқа дейін мәпелеп бағып-қақты. Енді өлер шағымда кіші ұлдың қолынан шығамын деп кетіп қалғаным жөн бола ма?» депті.

Қадыр мен Фима екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан немере сүйіп отыр. Фима қазақтың барлық дәс­түрін сақтайды. Наурыз, Құрбан айт, Ораза айт, қыстағы со­ғым­ның шекесі, ата-енесінің әруа­ғы­на құран оқытып отырудың ешқайсысын құр жібермейді.

– Қадыр ағаңның ораза ұстағанына 10 жыл болды. Таң алакеуімнен тұрып, сәресісін дайындап беремін, серік болып бірге шәй ішемін. Кешке ауыз­ашарын дайындап отырамын. Енді өзімнің ораза тұтпаған нем қалды? – деп әңгімесінің аяғын әзілге бұрып та қояды Фима жеңгеміз. Ол қазаққа келін еткен тағдырына дән риза.

– «Молдавияға кеткеніңде қалай болар еді?» дейсің бе? Әй, қайдам, осыдан артық бола қоймас едім, сірә. Өйткені мен Қадыр­ды ұнатқан соң оның ата-анасын да, ел-жұртын да, жалпы қазақты жақсы көрдім. Ең бас­тысы сол емес пе? – дейді Фима. Иә, өзі де бақытты болды, қазақ­тың бір отбасын да бақытты етті. Ең бастысы осы болса керек.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Қостанай ауданы