Жоғары дамыған жаңа ғасырға иек артып отырсақ та Қазақстан Республикасы басқа да кейбір елдермен қатар қоршаған ортаның проблемаларынан арыла алмай отыр.
Бүгінде Қазақстанда экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік басымдықтардың стратегиялық компоненттерінің біріне айналып отыр.
Еліміздің көптеген аймақтарындағы экологиялық қиын жағдай тұрғындардың денсаулығына нұқсан келтіріп, олардың түрлі ауруларға шалдығуына жол ашуда. Соның ішінде техногендік әсерлердің кесірінен құрғақшылық тудыру, топырақтың құнарын жою, су ресурстарын құрту мен ластау, табиғаттың генетикалық қорын азайту, өнеркәсіптік апаттардың көбеюі, радиация таралуының артуы, қауіпті және улы қалдықтардың өсуі – міне, осының бәрі экологиямызды барынша бүлдіруде. Мәселен, 2017 жылғы мәлімет бойынша, «Қазгидромет» 49 қаланы зерттеп, оның сегізін барынша ластанған қала қатарына қосты. Олар Жітіқара, Атырау, Балқаш, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Теміртау және Өскемен қалалары.
Бүкіләлемдік экологиялық форумның 2017 жылғы қорытынды есебіне қарағанда Қазақстан 136 мемлекеттің ішінде экологиясының тазалығы жөнінен 99 орын алған.
Міне, осы жағдайлар мемлекеттік органдар тарапынан экологиялық мәселелерге жіті қарауды талап етіп отыр. Еліміздің Экологиялық кодексі 2007 жылы қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштерін әзірлеуді өкілетті және жергілікті атқару органдарына жүктеген еді. Оны іске асыруға байланысты 2015 жылы Энергетика министрлігінің бұйрығы да шыққан. Бірақ бұл талаптар қағаз жүзінде ғана қалды. Тек Жамбыл, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары ғана көрсеткіштерді әзірледі, қалғандары бұл іске әлі кіріскен де жоқ.
Сонымен қатар бізде әлі күнге қоршаған орта сапасын рационалды әдіспен анықтау бойынша біртектіленген көрсеткіштер де белгіленбеген. Экологиялық төлемдердің тиімділігі де өте төмен. Табиғатты бүлдірушілерге салынатын айыппұл көлемінің де ықпалы аз.
Біз осы мәселелерді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауалмен жолдап, төмендегі ұсыныстарды іске асыруды сұрап отырмыз:
1. Жергілікті атқарушы органдарға осы жылдың аяғына дейін қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштерін әзірлеуді тапсыру;
2. Осы көрсеткіштердің негізінде өкілетті органға еліміздің әрбір аймағы бойынша қоршаған орта сапасын анықтау және оны оңалту шараларын қарастыру туралы тапсырма беру;
3. Мақсатты көрсеткіштерді нормативтер ретінде қолдану мүмкіншілігін қарастыру.
Құралай ҚАРЕКЕН,
Мәжіліс депутаты