Бүгінгі таңда қоғамдық тамақтандыру саласындағы іскерлік қызметтер халықтың наразылығын тудырып жататынын жиі естиміз. Біздегі либералды шешімдермен бұл саланың қызметін жылына бір-ақ рет тексеру белгіленген.
Алайда тұрғындардың қоғамдық орындардағы сапасыз астан улануы жиі орын алатындықтан олардың қызмет сапасын тексеруді жүйелі жолға қою азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтар еді. Пайда табамыз дегендердің залалы басқаларға тимеуінің жолы осы сияқты.
Өткенде ғана Шымкентте балмұздақтан жаппай уланған 200-дей адам ауруханаларға түсті. Бәрінің де диагнозы ішек инфекциясы мен тамақтың улы инфекциясы екендігі анықталды. Балмұздақтың қоспалары ешқандай рұқсат етілмеген, санитарлық эпидемиологиялық нормаларды сақтамаған үйішілік жағдайда дайындалыпты.
Осы оқиғаның дүмпуімен басқа да азық-түлік сауда орындары тексерілгенде қала бойынша 57 орында санитарлық және гигиеналық нормалардың бұзылғаны анықталған.
Осындай оқиға Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласының жанындағы Қызылтал кентінде де болды. Бұл жолы аудандық ауруханаға астан уланған 22 бала бірден жеткізілді. Павлодар облысындағы Береке ауылының мектебіндегі асханадан да тексерушілер көптеген бұзушылықтар тапты. Соның ішінде жеткізілген азық-түліктің сапасын көрсеткен ешқандай құжаттар болмаған. Тіпті Астананың кейбір мектептерінің асханаларындағы тамақтың сапасыз екендігін ата-аналар комитеттерінің өкілдері айтып, дабыл көтерді.
Міне, осындай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Оларды жоюдың жалғыз жолы – азық түлік, тамақ жеткізетін, сататын мекемелердің жұмысына жіті бақылау орнату. Алдымызда көптеген мерекелер келе жатыр, оның үстіне жазғы каникул күндері де жақын. Бұл уақыттарда мектеп оқушылары қоғамдық тамақтандыру орталықтарына жиі баратыны белгілі. Сондықтан біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, азаматтарымыздың, балалардың, соның ішінде мектеп оқушыларының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыстарының сапасын қадағалау шараларын қолға алуды сұрадық.
Артур ПЛАТОНОВ,
Мәжіліс депутаты