Еліміздің барлық өңірлерінде 2017 жылғы 1 қарашадан мекенжайды тіркеу кодтары негізіндегі «Халықты құжаттандыру және тіркеу» ақпараттық жүйесі арқылы мекен-жай мәліметтерін жаңа форматқа енгізу жөніндегі жаңа сервис іске қосылған болатын.
Бұл қызмет жаңа жүйеге мәліметтер енгізу жолымен жүзеге асырылады. Дегенмен жаңа сервис қосылғалы, интернат-мектептер мен қарттар үйлерінде, жатақханаларда тұрып жатқан азаматтардан тіркеуге қатысты өтініш түскен жағдайда оларды аталған ақпараттық жүйеге мәліметтер енгізу жолымен тіркеу мүмкіндігі жоқ, өйткені аталған қызмет түрі тек тұрғын үй қорына енетін объектілер тұрғындарын ғана тіркеуді жүзеге асырады.
Ал жоғарыда аталған объектілер категориясы мекенжайлық регистр мәліметтеріне сәйкес не денсаулық сақтау мен демалыс объектілеріне, не білім беру объектілеріне немесе коммуналдық қызмет көрсету объектілеріне жатқызылып, әйтеуір тұрғын үй қорына қатыссыз қалған. Бұл жаңа сервис іске қосылғанда мәселе тудырып отырғанын айта кеткен жөн және ол әлеуметтік нысандарды тіркеу үшін соңғы бес жарым айдың ішінде келіп жатқан тұрғындарға қатысты болып отыр.
Тұратын жері бойынша тіркелуге қатысты қиындық туғандықтың салдарынан осы категориядағы азаматтар асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақы, мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға және зейнетақы төлемдерін алуға байланысты кедергілерге ұшырап отыр. Оның үстіне осы санаттағылардың тұрып жатқан мекенжайға дер кезінде тіркелуін реттемеген басшылыққа әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған.
Біз осы мәселені Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке білдіріп, «Халықты құжаттандыру және тіркеу» ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүлік объектілерінің тізімін кеңейтуді сұрадық.
Әлия САПАРОВА,
Мәжіліс депутаты