Алматыдағы «Бөбек» ұлттық орталығында Наурыз мейрамы тойланды. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Бірінші ханымы Сара Назарбаева, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, аталған министрліктің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков қатысты.
Әз-Наурызда күн мен түн теңеледi. Табиғат пен Жер-Ана құлпырады. Жан-жануарлар түлейдi. Тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурызкөже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың ұлы күнiн тойлайды.
«Бөбек» орталығында өткен мерекелік іс-шараның тақырыптық идеясы – «Рухани жаңғыру: мәңгілікке бастар жол». Көктемгі мейрамның жарқын дәстүрлері осы шара барысында рухани-адамгершілік құндылықтар аспектінде көрсетілді. Осы мерекеге қатысқан балалар үйінің тәрбиеленушілері, гимназия мен колледж шәкірттері, «Бөбек» орталығының қызметкерлері және басқа да меймандарға құттықтау сөздерін арнаған Сара Назарбаева мен Бибігүл Асылова Наурыз мейрамының мәні мен маңызына ерекше тоқталды.
Орталықтың ат шаптырым аумағында киіз үйлер тігіліп, мол дастарқан жайылды. Шараға қатысушылардың барлығы да наурызкөжеден дәм татып, Шығыс халықтарының басты мейрамы саналатын – Ұлыстың ұлы күні турасында тартымды әңгіменің тиегін ағытты. Одан кейін мерекелік бағдарлама гала-концертке ұласты. Жиналған қауым «Бөбек» орталығы өнерпаздарының орындауындағы сан алуан көрністерді тамашалады. Халық әндері шырқалды. Театрландырылған көріністер қойылды. Керемет күйлер орындалды. Кең-байтақ, қонақжай Қазақ елінде тұрып жатқан өзге де халықтардың ұлттық билері биленіп, тарихи-мәдени композициялар қойылды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ