• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 30 Сәуір, 2018

Тұрғын үй мәселесіне жауап

385 рет
көрсетілді

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландырудың жаңартылған бағдарламасы валюталық ипотекалық қарыздардың проблемасын түпкілікті шешуге, қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендетуге және оларға тұрғын үйін сақтап қалу мүмкіндігін беруге арналған.

Қаржылық қызметтерді тұтыну­шылардың құқықтары мен мүддесін қорғау Ұлттық банк­тің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады және ипотекалық қарыз алушылардың жағдайы ведомство басшылығының үнемі бақылауында. Мемлекет соңғы үш жыл ішінде объективті мән-жайларға қарай қиын жағдайға ұшыраған ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бойынша бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдауда.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шегінде және 2015 жылы ипотекалық кредиттеу нарығында қалыптасқан ахуалға жасалған талдау нәтижелері бо­йынша Ұлттық банк пен Үкімет банктерден 2004-2009 жыл­дардағы кезеңде ипотекалық несие алған қарыз алушыларға мем­лекеттік қолдау көрсету тура­лы шешім қабылдады. Проб­­лемалы қарыздардың басым үлесі осы кезеңде берілген қарыз­­­дарға тиесілі, себебі қар­жы дағдарысының салдарынан кіріс көздерін жоғалтуына және шарттардың талаптары бо­йынша сыйақы мен өсімпұл сома­сының көлемін еңсере алмауына байланыс­ты несие алушылар қарыздарына қызмет көрсете алмады және несие бойынша кепілге берілген жалғыз баспанала­рынан айырылу қаупі болды. Осыған байланысты 2015 жылғы сәуірде Ұлттық банк Басқармасы Қайта қаржыландыру бағдарламасын бекітті және оны іске асыруға 130 млрд теңге бөлді, – деп атап өтті Алматы қала­сында БАҚ өкілдерінің және қоғамдық бірлестіктер басшы­ларының қатысуымен таяу­да өткен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және ипотекалық несие алушылардың мәселелерін реттеуге арналған дөңгелек үстел бары­сында Қазақстан Ұлттық банкі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев.

Бағдарламада негізгі борыш сомасына жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша капиталдандырылған сомаларды шегеріп, қарыз бойынша негізгі борыш қалдығын қайта қаржы­ландыру көзделеді. Қарыз алушының комиссиялар, тұрақ­сыздық айыбы (айыппұл мен өсімпұлдар) бойынша берешегін банктер кешіруге тиіс болғандығы маңызды фактор болды.

– Бүгінгі күні, бағдарламаның нәтижесінде қазақстандық 23 000-нан астам отбасы өзінің жалғыз баспанасын сақтап, ипотекалық несиелер бойынша төлемдерін жеңілдете алды. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қаржыландырылған несиелер саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болуы мүмкін, – дей отырып А.Терентьев бағ­дар­ламаның алдын ала қоры­тындысына түсініктеме берді.

Ипотека нарығына қосымша жүргізілген мониторинг валюталық ипотекалық несие алушылардың ағымдағы экономикалық ахуал кезінде осал болып қалатынын көрсетіп отыр, себебі олардың борыштық жүктемелеріне валюта бағамдары өзгеруінің әсері сақталуда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өзінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық банкке халыққа 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық несиелері бойынша мәселені түпкілікті шешуді тапсырды. Қазақстанда 2016 жылдан бастап осы валютада кірісі жоқ несие алушыларға шетел валютасымен ипотекалық кредиттерді беруге заңнамалық тұрғыдан тыйым салынғаны белгілі. Ұлттық банк Басқармасы 2018 жылғы 27 наурызда Қайта қаржыландыру бағдарламасын жаңа редакцияда бекітті. Жаңартылған бағдар­ламада валюталық ипотекалық несие алушыларға көмек қарас­тырылған, сондай-ақ 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген несиелерді қайта қаржы­ландыру кезіндегі талаптар жақ­сартылған. Бағдарламаны іске асыру нәтижелері бойынша жеке тұлға­лардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген барлық валюталық ипотекалық несиелері теңгеге ауыстырылатын болады деп болжанып отыр. Жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған валюталық ипотекалық несиелерін теңгеге қайта қаржыландыру 2015 жылғы 18 тамызға белгіленген бағам бойынша жүргізілетін болады. Қайта қаржыландыруға 2015 жылғы 18 тамыздан кейін ағымдағы бағам бойынша теңгеге аударылған валюталық несиелер де және сот актілері шығарылған несиелер де жатады. Бағдарламаға енгізілген толықтыру 21 000-нан астам несие алушы үшін қарызды өтеуге оңтайлы жағдай жасайды.

Александр Терентьев валюта­лық ипотекалық несие алушыларға банктердің қайта қаржыландыруды 2018 жылғы 30 желтоқсанға дейін жүзеге асыратындығын және несие алушыларға 2018 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей өзінің кредитор банкіне несиені бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыру туралы өтініш беру қажеттілігін баса айтты.

Бағдарламаға енгізілген өзгеріс­тердің екінші блогы 2004-2009 жылдардағы кезеңде несие алған ипотекалық несие алушы­ларға қолдау көрсетуге бағытталған. Осы блок бойынша жеңілдетілген талаптар несие алушы борышты 36,5 млн теңгеге дейін өтеген жағдайда несиені қайта қаржыландыру мүмкіндігін көздейді; банктердің несие алушылардың қарыздарды қайта қаржыландырудан банк­тер бас тартуына шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялардың шешімдерін міндетті түрде орындауы; халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жатпайтын қарыз алушы үшін мемлекеттік баж сомасын кемінде 36 ай мерзімге бөліп төлеу мүмкіндігін беру және т.б. Ұлттық банк бағдарламада несие алушылардың борышын толық өтеу көзделмейтіндігін, тек несиелерге қызмет көрсету жағдайларын жеңілдететіндігін атап өтті.

Ұлттық банк қаржылық қыз­меттерді тұтынушылардың құ­қық­тары мен мүдделерін қор­ғау­дың тиімді жұмыс істей­тін құқықтық тетіктерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Қаржы нарығындағы ахуалды, оған сыртқы фак­тор­лардың әсерін, тұты­нушылар өтініштерінің тақырыбы мен себептерін терең талдау негі­зінде заңнамалық деңгейде ипо­текалық несие алушылардың борыштық жүктемесі өсуінің алдын алуға, берешекті сотқа дейін өндіріп алу жөніндегі ашық құқықтық аяны құруға, несие алушылардың қарыздарды алуға және қызмет көрсетуге байланыс­ты шығыстарын төмендетуге бағытталған бірқатар маңызды нормалар қабылданды.

Сонымен, 2015-2017 жылдар аралығындағы кезеңде заңнамаға банктерден несие алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған 40-тан астам түзету енгізілген. Атап айтқанда, банк алдында міндеттемелерін орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы (айып­пұл, өсімпұл) мөлшеріне шектеу­лер, ипотекалық несие шарты бойынша міндеттемені орындау кешіктірілген қатарынан күнтізбелік 180 күн өткеннен кейін есептелген сыйақы және тұрақсыздық айыбын төлеуді талап етуге тыйым салу, сондай-ақ несие алушының банк шоттарынан ақша алуға шектеулер енгізілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасы шеңберінде банктерге несие алушыға алимент түрінде түсетін ақшадан берешекті өндіріп алуға тыйым салатын; банктерге жеке тұлғалармен жасалатын банктік несие шарттары бойынша банк несиесін беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банк шотын жүргізгені үшін, сондай-ақ несиені банк шотына есептегені үшін комиссия белгілеуге және алуға тыйым салатын нормалар көзделеді.

Кепіл мүлкін соттан тыс өткізу шеңберінде кепіл берушінің кепілді дербес өткізу тәртібін ен­гізу ұсынылады, ол кезеңде банк несие алушыға және кепіл берушіге қатысты берешекті өнді­ріп алу шараларын тоқтата тұрады.

Сонымен қатар 2017 жылы коллекторлық қызметті реттеу­ге байланысты заңнамалық түзе­тулердің үлкен топтамасы қа­былданды. Жаңалықтар бере­шекті өндіріп алудың сотқа дейінгі тәртібі бойынша ашық құқық­тық аяны құруға және коллекторлардың борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін белгілеуге мүмкіндік берді.

– Қазіргі кезде Ұлттық банк Қайта қаржыландыру бағдар­ламасының шеңберінде банктерге несие алушылардың борыштары бойынша олардың меншігіне өткен тұрғын үйді жалға тапсыру құқығын беру бойынша маңызды заңнамалық бастама жасады. Бұл ретте несие берушілердің өздері жалға алушылар болады. Бұл түзету несие алушыларға ұзақ уақыт тұру және оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді жалдау төлемдерін толық төлеген соң меншігіне қайтару мүмкіндігін береді, – деп атап өтті Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы.

Заңнаманы жетілдірудің осы тұрақты процесінің мақса­ты қаржы ұйымдары мен азамат­тардың тиімді өзара іс-қимы­лы үшін, банктік несие алушылардың құқықтарын қорғау үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ ел экономикасының қаржы секторының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

Мемлекет қабылдаған шаралар проблемалы ипотекалық несие алушылармен ахуалды түпкілікті шешуге мүмкіндік береді және реттеушінің кейінгі қызметі ипотекалық кредиттеуді ынталандыруға және халықтың қаржылық сауаттылығын арт­тыруға бағытталады деп болжанып отыр.

Дөңгелек үстелдің қоры­тындысы бойынша бірқатар қо­ғамдық бірлестіктердің өкіл­дері Мемлекет басшысына және Ұлт­тық банкке банктік несие алу­шылардың проблемаларын шешу­дегі жұмысы үшін алғыс білдірді.

– Бірлестігіміздің мүшелері атынан және жеке өзімнің атымнан Президентке халықтың валютамен алған ипотекалық несиелері мәселесін шешу жөнінде Ұлттық банк­ке дер кезінде тапсырма бер­гені үшін зор алғыс білдіргім келеді. Теңге бағамына түзетулер енгізу себебінен валютамен қа­рыз алушыларға өз қарыздарын жабудың өте қиын екендігін көріп отырмыз. Мемлекет тарапынан, атап айтқанда Ұлттық банктің жүргізіп отырған жұмысы проб­лемалы ипотекалық несие алушылар мәселесіне нүкте қояды деп сенеміз, – деп атап өтті «Ел бірлігі» ҚБ-ның төрағасы Шолпан Ризабекова.

– Біз Ұлттық банктің Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруды бастағанына өте қуа­ныштымыз. Ұлттық банктің ипо­текалық қарыз алушылармен жұмысы өте маңызды және Қайта қаржыландыру бағдарламасы азаматтарымыз үшін аса қажет, себебі ол азаматтардың баспанасын сақтап қалуға бағытталған, – деп түсініктеме берді дөңгелек үстел барысында «Триумф-5» ҚБ-ның басшысы Қанағат Тәкеева.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»