«Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалында 1 мамыр – Халықтар бірлігі мерекесіне орай «Бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясы өтті.
Акцияға облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім меңгерушісі, саяси ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиев, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда қалалық филиалы «Дарын» бастауыш партия ұйымының төрағасы Абунасыр Алдабергенов және облыстағы әртүрлі этнос өкілдерінің жастары қатысты.
Алқақотан жиында «Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім меңгерушісі Сәулет Сахиев Қазақстан халқы Ассамблеясының осы жылдар ішіндегі жетістіктерін Ассамблея Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегімен ұштасып жатқандығын айтты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін негізгі тірек ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының маңыздылыған тоқталды.
- Бұл жоба гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында қолданылатын әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықтың қазақ тіліне аударуға арналғаны бізді қатты қуантты. Бұл -ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, одан әрі дамытып, әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғы шарттары. Сондықтан оқулықтар студенттер үшін де, оқытушы мамандар үшін де таптырмас көмекші құрал болатыны сөзсіз»,- деді ол.
Жиында жастар елімізде жасалып жатқан жұмыстарға жақсы бағасын берді. Оңды өзгерістерге өздерінің де атсалысып жатқандықтарын айтты.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»