Майдан даласында қан кешкен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету мақсатында Алматы қаласында бірқатар ауқымды шаралар өтті. Соның бірі Мемлекеттік орталық музейде ұйымдастырылған Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Халық жүрегіндегі жауынгерлер» атты қайырымдылық жүздесу еді.
Тағылымы мол кездесуге Алматы қаласында тұратын соғыс және тыл ардагерлері келіп, қасіретті күндердің ауыр естеліктерін аңыздай әңгімеледі. Қала мектептерінен арнайы келген бүлдіршіндер қамкөңіл қарияларға гүл шоқтарын ұсынып, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, жиналған қонақтар мұражайдағы «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» экспозициясымен кеңірек танысып, жылдар жылнамасына қанмен жазылған қатерлі соғыс тарихына бір сәт үңілгендей болды.
Кеш соңы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметі академиясының сарбаздары, Корей мәдени орталығы, «Аяжан» Медицина колледжі өнерпаздарының, М.Ю. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы артистерінің орындауындағы мерекелік концертке ұласты. Онда шырқалған патриоттық әуендер жастарды ерлік рухқа тәрбиелей түсті. Сондай-ақ қайырымдылық іс-шараға демеушілік танытқан кәсіпорындар ардагерлерге толымды тарту-таралғыларын ұсынды.
«Жеңіс күні – жан аямай елін қорғаған ержүрек батырларымызды еске алу мерекесі. Асау уақыт тізгінін ауыздықтай алмайсың – жылдан-жылға адамзаттың басына алапат қасірет түсірген зұлмат соғыс жайлы баяндайтын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Ардагерлермен жүздесу өскелең ұрпақтың еліміздің өткен тарихын тереңірек зерделеуіне ықпал етіп, олардың бойында азаматтық сана-сезім, қазақстандық потриотизмді қалыптастыру, Отансүйгіштікке, қашанда ел мүддесіне қызмет етуге лайық болуға тәрбиелеп, ардагерлерге құрмет көрсетіп, алғыс сезімін білдіруге мүмкіндік береді» – дейді музей директорының орынбасары Бейбітқали Қақабаев.
Қайырымдылық бағытқа ден қойған шара ұйымдастырушылары мұндай жүздесулерді тек мереке күндері ғана емес, ұдайы өткізіп тұруға ниетті екендіктерін білдірді. Келелі кездесуге келген майдангерлер мен тыл ардагерлері өздеріне көрсетілген сый-құрметке дән риза болып, мәз-мейрам болып тарқасты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ