Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев жұмыс сапарымен Алматыға келді. Іссапар барысында вице-премьер бірқатар нысандарды аралап, еліміздегі электронды сауда және IТ саласын дамытуға бағытталған кеңес отырысына қатысты.
Үкімет басшысының орынбасары алдымен Қазпошта қызметінің Алматыда жаңадан ашылған цифрлы кеңсесін аралады. Мұндағы заманауи талапқа сай құрылғылар мен келушілерді барлық ақпаратпен қамтамасыз ете алатын ақылды роботтардың қызметімен танысты. Жаңа кеңседе сәлемдеме жіберу, қабылдап алу, халыққа онлайн қызмет көрсету, ақша аударымдары мен колл орталығымен байланыс тәрізді бірнеше қызмет түрлері көрсетіледі. Соңғы уақыттары қазпоштадағы цифрлы жүйелер адам күшімен қатар жұмыс өнімділігінің артуына да септігін тигізген. Бұған мысал, жүк тасымалдау көлемі бұрынғыға қарағанда 33 пайызға артқан. Оған қоса пошта сәлемдемелерін әуе тасымалы арқылы жеткізетін заманауи дрондар да жұмысты біршама жеңілдетіп отыр.
Дрондарды тестілеу шарасына қатысқан Асқар Жұмағалиев: «Бұл технологиялар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында өте маңызды. Себебі, шалғайдағы тұрғындарға жаңа мерзімді басылымдардың күнбе-күн жетіп тұрғаны өте қажет. Аталған жобаның арқасында жеткізу уақытын, жол шығындарын үнемдеуге болады» деп тың жобаға оң бағасын берді.
– Былтыр алыс аудандарға сәлемдеме жеткізуге мүмкіндік беретін арнайы дрондарды іске қосқан болатынбыз. Осы технологиялардың арқасында алыс ауылдарға газет-журналдар күнбе-күн жеткізіліп тұрды. Бұл дрондар 20 мың шақырымға жуық қашықтыққа ұшып үлгерді. Биылдан бастап бірден 4 килоға дейін жүк көтере алатын дрондарды тестілеп жатырмыз. Әзірге жаңа дрондар бір бағытта 70 шақырымға дейін ұша алады. Қазіргі таңда Алматы, Қарағанды, Ақмала, ОҚО аумағындағы 30 ауыл сәлемдемелерді дрон арқылы алып отыр. Жыл соңына дейін 159 елді мекенді қамту жоспарда бар, – дейді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.
Сондай-ақ, А. Жұмағалиевтің басшылығымен е-коммерция және блокчейн мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, мемлекеттік органдар, екінші деңгейдегі банктер, ұялы байланыс операторлары өкілдерінің және ІТ қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өтті.
Онда вице-премьер министрге «Invest Online» атты электронды инвестициялық жоба таныстырылды. Жүйені таныстыру кезінде Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Жанат Құрманов «Invest Online» инвестициялауға арналған жаңа технологиялық өнімді білдіретіндігін, оны құру кезінде «блокчейн» технологиясы қолданылғандығын атап өтті.
«Халық үшін Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары шығарылды және жүйе іске қосылған сәттен бастап 59 млн. теңге сомаға 641 мың нот сатып алынды», - дейді Ж. Құрманов. Бұл өнімді Қазақстан Республикасының кез келген азаматы пайдалана отырып, үйден шықпай-ақ қашықтан алу тәсілімен бағалы қағаздарды сатып ала алады. Басқосу барысында мемлекеттік органдар денсаулық сақтау саласында ҚҚС басқару кезінде электрондық астық қолхаттары жүйесінде «блокчейн» технологиясын қолдану бойынша жобалық шешімдерді ұсынды.
«Бүгін блокчейн технологиясы және жасанды зерде негізінде әзірленген шешімдер мен жобалар ұсынылды. Бұл әмбебап, қолайлы тетіктер, оларды бүкіл Қазақстандықтар пайдалана алады. Осындай жобаларды іске асыру бизнесті, онлайн-сауданы ынталандырады. Қазақстандықтарға көрсетілетін қызметтердің мол ауқымы қолжетімді болады.» - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Жұмағалиев.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ