• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

«Бір адамның көңілін қалдыру – бір шаһарды бұзумен тең»

2357 рет
көрсетілді

Ислам – бейбітшілік деген сөз. Татулыққа үндейтін, туыстыққа шақыратын дін бұл. Құран аяттарында, пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммедтің хадистерінде, сахабалардан жеткен сырлы сөздерде де ел арасына іріткі салатын, алауыздық тудыратын, бүлікке шақыратын бірде-бір дерек таппайсыз. Күніне бес рет дәретін алып, жайнамазға жығылатын адам – таза адам. Ал таза адам жаманшылыққа бармайды. Әрі-беріден соң қасиетті кітапта «бір адамның көңілін қалдыру – бір шаһарды қиратумен тең» деген сөз бар. Бұдан біз Исламның әлемдегі ең бейбітшіл дін екенін көреміз. Дегенмен, бүгінде дін атын жамылған, қасиетті дінімізді өздеріне бетперде етіп алған кейбір азаматтар Алла тағаланың тура жолын басқа пиғылда пайдаланып жүр. Адамның көңілін қалдырудың өзін күнә санайтын дінді ұстанатын мүміндер нақақтан нақ мойнына қан жүктемес болар. Айрандай ұйып отырған елдің арасына іріткі салып, мойындарына қару асынып, жұрттың зәре-құтын қашырмас еді. Бұл тура жолдан тайған, хақ жолымызға көлеңке түсіргісі келетіндердің ісі. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дейді дана халқымыз. Айтып-айтпай не керек, бұл адасқандардың ісі болып отыр. Жаратушы Алла тағала «мен адамдарды барлық нәр­седен пәк етіп жараттым» дейді. Өмірге пәк бо­лып келген, пәк дінді ұстанған, соның шариғат­тарына мойынсұнған, Жаратқан Иеміз көрсеткен тура жолмен жүрген адам қалайша жамандыққа баруға тиіс? Лаңкестік, бүлік деген ұғымдар Исламмен екі дүниеде де қабыспайды. Қабыспайтыны сол, Ислам діні зұлымдықты ешқашан жақтаған емес. Сан ғасырлардан бері ата-бабамыз тура жолдан тай­май, Әбу Ханафия мәзһабының шарттарын бұз­бай ұс­та­нып келе жатыр еді. Кейінгі жылдары қа­сиет­ті діні­міз­дің келбетіне дақ түсіріп, дін атын жа­мы­лып жаман­шылыққа бастайтындар шығып жа­тыр. Білген адамға олар біздің қатарымыздан емес еке­нін аңғару қиын емес. Өйткені, Ислам діні қан төгісті қаламайтынын айттық. Сондықтан Алла та­ға­ладан бауырларымыздың адаспауын тілейік. Адасқандар болып жатса, қазақ атам айтпақшы «адасқанның айыбы жоқ қайта үйірін тапқан соң» деп бауырымызға басайық. Мына бес күн жалғанда тату-тәтті ғұмыр кешкенге жетпейді. Алла нәсіп етіп берген ғұмырымызды бейбітшілік заманда, ынтымақтасып, ұйысып өмір сүрейік, ағайын! Мұхамедқали БЕКҚОЖАҰЛЫ, Еңбекші ауылдық «Қожа ата» мешітінің имамы. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.