• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2018

Жетісуда Жеңістің 73 жылдығы аталып өтті

272 рет
көрсетілді

Алматы облысында 9 мамыр мерекесі аталып өтті. Талдықорғандағы Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қоюдан басталған шаралар легі «Жастар» саябағында жалғасты. Мұнда жиналғандар назарына «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған көрініс ұсынылды. 

Ардақты ардагерлер мен жиналған қауымды 9 мамыр мерекесімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов құттықтады.

- Бүгін батырлық пен жанқиярлық ерліктің, бірлік пен тату тірліктің мерекесі –Жеңіс күніне 73 жыл толып отыр. Баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Аға ұрпақтың жеңісі мен бүгінгі біздің жетістігіміз – бір-бірімен тығыз байланысты. Егер аға буынның ерлігі болмағанда, біз мұндай мемлекет құра алмас едік», - деп ерекше атап көрсетті. Бұл сұрапыл соғысқа 1 миллион 800 мың қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Бүгін қасымызда жүрген соғыс ардагерлері – бiздiң мақтанышымыз. Олар Отан қорғау жолында нағыз патриотизмнiң үлгiсiн көрсетті. Аға буын жастарды тәрбиелеп, еліміздің өсіп-өркендеуі үшiн атсалысты. Ардагерлерге барынша қамқорлық жасау – бiздiң қасиеттi борышымыз, - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Саябақта дәстүрлі «Дала асханасы» қойылып, соғыс және еңбек ардагерлері солдат ботқасынан дәм татты. Сахна төрінен облыстың өнерпаздар ұжымы майдан әндерін шырқап, патриоттық рухқа шақырды. Шараға арнайы шақырылған әйгілі әнші Әлібек Дінішев жетісулықтардың мерекелік көңіл күйін көтеріп, әуелете ән салды.

Сондай-ақ, «Талдықорған» ипподромында мереке құрметіне орай ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық дүбірлі жарыс өтті.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.