Туризм – табыс көзі. Әлемде туризмді дамыту арқылы ғана бюджеттерінің бүйірін толтырып, сол түскен табыстың арқасында отырған мемлекеттер баршылық. Біздің еліміз де саланы дамытуға ден қойып, құдіретті табиғаттың өзі тарту еткен Жетісу, Көлсай, Шарын, Бурабай, Баянауыл, Қарқаралы сияқты жерұйықтарды туристік жұмаққа айналдыруға талпыныс жасағалы қашан.
Осы ретте соңғы жиырма жылда төрткүл дүние түгел назарын тігіп, жаһандық оқиғалар өткізудің орталығына айналған Астананың бәсі бөлек. Иә, ару Астананы іскерлік туризм орталығына айналдыру жөнінде алқалы жиындардың биік мінберлерінен аз айтылып жүрген жоқ. Осы орайда атқарылып жатқан кешенді шаралардың қарасы да біршама. 2017 жылдың соңында отандық және шетелдік тәжірибелі мамандардың күшімен жасалған «Астана қаласында туристік саланы дамытудың жол картасы» кешенді бағдарламасының тұсаукесері өткізілді. Аталмыш жол картасына сәйкес алдағы уақытта Астанадағы туристік саланы – іскерлік, қалалық демалыс түрлері және медициналық туризм бағыттарында дамытуға басымдық берілетін болады. Бас қаламызға туристерді барынша көп тарту мақсатында ғарыш музейі, ботаникалық бақ, жабық гүлзарлар, аквапарктер және басқа бұқаралық мәдени демалыс орындары ашылмақ. Сөйтіп 2020 жылы Астана қаласына келетін туристердің жалпы санын екі миллион адамға жеткізу, оның ішінде бір миллионнан астам шетелдік туристерді тарту көзделіп отыр.
Астананың іскерлік туризмді дамытуға қажетті әлеуеті зор. Оған адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірінен саналатын бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшысының берген бағасы бойынша «соңғы жиырма бес жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде үлкен табыспен өткізілуі айшықты дәлел болса керек. ЭКСПО-2017-нің туризм саласын дамытуға барынша ықпал ететін мол мұра қалдырғаны да даусыз. ЭКСПО-2017 көрмесінің бірегей нысаны – «Нұр Әлем» музей-павильоны. Сарапшылар Париждегі Эйфель мұнарасы, Лондондағы Хрусталь сарайы сияқты «Нұр Әлем» ғимараты ЭКСПО мұраларының әлемдік үлгілерінің қатарынан орын алады деген пікірді алға тартуда.
Дегенмен Астана қаласының туристер тартуда екі миллиондық межені алуының ауылы алыс жатқан сияқты. Нақты статистикалық мәлімет бойынша, ЭКСПО-2017 көрмесі 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елордадағы барлық қонақүйлер мен хостелдерде 800 мыңға жуық турист, оның ішінде 244 мың шетелдік турист тіркелген екен. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2016 жылы Астана қаласындағы барлық деңгейдегі қонақүйлерде 732 764 адам, оның ішінде 205 188 шетелдік қонақ тіркелсе, 2017 жылдың тоғыз айында 790 885 адам, оның ішінде 243 908 шетелдік қонақ болған. Көрмеге келген қонақтардың көпшілігі пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. «Саят» туристік фирмасының жетекшісі Инна Рейдің айтуынша, оның басты себебі Астанадағы қонақүйлердегі жамбасақының шектен тыс қымбаттауында болып отыр. «ЭКСПО-2017 көрмесі өтер қарсаңда елордадағы қонақүйлердің қожайындары бағаны 5-10 есе көтеріп жіберді. Көрме жұмысы басталған кезеңде қонақүйлерге келушілер қатары төмен екенін байқап, бағаны түсірген болды. Бірақ кеш қалған еді. Сайттарда, жарнамаларда алдын ала жарияланған бағаларды көріп, жұрт шошып кетті. Қонақүйлердің пайдаға құныққан қожайындарының ашкөздігінен әлемдік ЭКСПО көрмесіне қаншама турист келмей қалғанын кім есептейтінін қайдам. Тек біздің туристік фирманың өзіндегі мәлімет бойынша, күні бұрын көрмеге келуге тілек білдірген туристердің 70 пайызға жуығы қонақүйлердегі жамбасақының шектен тыс қымбаттауына байланысты соңғы сәтте сапардан бас тартты», дейді туристік фирма басшысы.
Аймақтың іскерлік туризмінің орталығына айналуы үшін ең алдымен, жан-жақты дамыған инфрақұрылым қажет. Ал бұл жағынан Астана қаласы әлемдегі көшбасшылардың бірі десек ақиқаттан алыстамаймыз. Туристер үшін тағы бір ауадай қажеттілік – аймақтағы тиімді жол қатынасы, оның ішінде қолжетімді әуе қатынасының болуы. Бұл ретте де Астананың мүмкіндігі мол. Бүгінде елорда төрткүл дүниенің төрт бұрышымен сенімді әуе қатынасын орнатқан. Өкінішке қарай, мәселе тағы да бағаға келіп тіреледі. Мамандардың айтуынша, көптеген әуе компаниялары Астана әуежайының қызмет көрсету тарифтерінің өте жоғары болуына байланысты жолақыларын қымбаттатуға немесе бағыттарын қысқартуға мәжбүр. Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, қызмет көрсетуші жекеменшік компаниялар болашақта бас қаламыздың іскерлік туризмінің орталығына айналуына мүдделі емес. Өйткені мемлекет күшімен жасалған қызмет көрсету құрылымдарына оңай жолмен ие болып алғандар қолда барда жедел байып қалуды ғана көздейді. Астана қаласында, жалпы еліміз бойынша туризм саласын дамытқымыз келсе, ең алдымен мемлекет мүддесіне басымдық берілуі керек. Ол үшін туристердің бірінші кезектегі сұранысы, қонақүйлердің, мейрамханалардың және әуе қатынасының тарифтерін реттеу керек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»