«Отар» 40-шы әскери базасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеруі өтті. 3 мыңға жуық жауынгер, 300 бірлік әскери техника мен қару-жарақ, 40 ұшу аппараты жұмылдырылған бұл айтулы шараға Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Бірінші кезекте парад қолбасшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа әскери шеруді өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік туларды тапсыру рәсіміне дайын екендігі жөнінде баяндады.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев ардагерлерді, сарбаздар мен офицерлерді Отан қорғаушы күнімен құттықтап, еліміздің Қарулы Күштері қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.
– Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, оны бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны. Қазақстанның әскери қызметшілері – барлық дәуірдің тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңген батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен көзсіз батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы борышы мен міндетін терең сезінуі тиіс екенін атап өтті.
– Жауынгерлік Ту туған жерге адалдықтың, ерлік пен батылдықтың нышаны болып табылады. Қасиетті байрақ рухы биік, ержүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», деген сөзі бар. Азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінуі тиіс. Қарулы Күштерімізде жігерлі жігіттер қатарында аяулы аруларымыз да әскери қызметті абыроймен атқарып келеді. Сондықтан бүгінгі мереке ер азаматтармен қатар сап түзеген қайсар қыздарымызға да ортақ. Мемлекет Отан қорғаушыларға ерекше қамқорлық көрсетіп келеді, көрсете береді. Өткен жылы әскери қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға артты. Әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін өз ретімен тауып жатыр. Мұның бәрі Қарулы Күштер сарбаздарының ар-намысы мен айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери антқа адал болады деп сенемін, – деді Елбасы.
Президент өз сөзінде бүгінде еліміздің дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. Бұл орайда Қазақстан әскері еліміздің Тәуелсіздігін күзетіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп келеді. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік міндеттерді де лайықты түрде атқаруда.
Жауынгерлік парад кезінде Елбасы мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән берілетінін және Қазақстан 2030 жылға қарай заманауи, мобильді әрі жоғары кәсіби әскер жасақтау жөнінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.
– Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінетін болады. Қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлерге орай тиімді әрекет ету үшін Арнайы операциялардың жоғары мобильді күштері мен Аумақтық әскерлер құрылып, қорғаныс жүйесіне біріктірілді. Жаңа бөлімдер бүгін табыс етілген жауынгерлік туларды лайықты алып жүретініне сенімдімін, – деді Президент.
Осы арада сәл шегіне сөйлесек, егемендік алған күннен бастап татулық пен бірлікті ту етіп, ынтымақты ырысына балаған еліміздің бұл күнде әлем мемлекеттерінің алдында абыройы асқақ, беделі биік. Ежелден айбыны асқақ, рухы өр халықтың далалық данышпандығы мен кенен көрегендігі бүгінде Елбасы саясатының негізгі өзегіне айналып отыр. Бабалардың өнегесі мен қайталанбас ерлігі тәуелсіздік жылдарында еліміздің болмысында жаңаша түлеп, Отан деген ұлы ұғымның, қастерлі атаудың мәні мен маңызы ерекшелене түсті. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуеті жоғары әскері қалыптасты. Әскери қызметшілерге, сарбаздарға деген мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауы артты. Әсіресе егемен еліміздің болашағы болып саналатын жастардың бойында патриоттық тәрбие қалыптастыру, оларды отансүйгіштікке баулу, туған жерге құрмет көрсету, ел айбынын асыру жолында аянбай еңбек ету Елбасы белгілеп берген нақты мақсат пен міндеттің көрінісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», деген болатын. Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан әскерінің әлеуеті, мүмкіндігі әлемге әйгілі. Ал әскери сала сапындағы қызметшілер де, сарбаздар да ел бірлігін сақтауда, қауіпсіздікті қадағалауда қырағылық танытып келеді.
Отан қорғау – ұлы ұғым. Осы орайда Елбасы Жарлығымен 7 мамыр – Отан қорғаушы күні болып белгіленді. Бұл күні еліміз бойынша әскери қызметшілер сап түзеп, еліміздің қорғаныс саласының қарқынын дүйім жұртқа паш етіп келеді. Ал биылғы айтулы мерекенің мәні мен маңызы жылдағыдан айрықшаланып, ел тарихындағы тағылымды сәттердің сәулелі кезеңдерін қалыптастырды.
Отан қорғаушы күнін мерекелеу шеңберінде Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кентінде орналасқан «Отар» 40-шы әскери базасында өткен бұл әскери шеру екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлік тулары облыстардың, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне тапсырылды. Әкімдерге Ту тапсыру рәсімінен кейін Арнаулы операциялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы отрядының, сонымен қатар аумақтық әскерлердің әскери қызметшілерінің парадқа қатысушы құрамдары сап түзеп өтті.
Жауынгерлік парадтың екінші бөліміндегі заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы ұрыста қолдана отырып, барлау-әскери бөлімшелерінің шынайы тактикалық іс-қимылы келушілерді бей-жай қалдырмады. Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысы Қазақстан Қарулы Күштерінің кемелдігін көрсетті. Жауынгерлік парад кезінде көпшілік тамашалаған «Точка-У» тактикалық зымыран кешені, «Град» және «Прима» дүркіндетіп отшашу зымыран жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашқыш зымыран жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері аталған парадтың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетті.
Байтақ даламыздың бірлігін әйгілейтін, егемен еліміздің ерекшелігін танытатын көріністер келушілердің өз Отанына деген патриоттық және мақтаныш сезімдерін оятты.
Сонымен қатар 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300 бірлік қару-жарақ пен 40 бірлік ұшу аппараты жұмылдырылған жауынгерлік парад барысында Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскерлері зымыран атып, бомба лақтырды, сондай-ақ барлық қару түрінен оқ атты. Ал Әскери-әуе күштерінің майдандық және әскери авиациясының ұшақтары мен тікұшақтары аспанға көтеріліп, әуе іс-қимылдарын көрсетті. Әуеде өз шеберліктерін майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясы, С-295 су жаңа әскери-көлік ұшақтары мен Су-30 көп нысаналы жойғыштары паш етті. Парад кезінде «Жетісу Барысы» ұшқыштар тобы жоғары деңгейде шеберлік танытты.
Бұл Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ел аумағында өткен, мемлекетіміз үшін тарихи маңызы зор екінші жауынгерлік парад болып табылады. Биылғы жылғы парадтың ерекшелігі, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы, авиацияны жауынгерлік тұрғыда қолдана отырып, барлау бөлімшелерінің шынайы тактикалық іс-қимылдарын көрсету болды. Қазақстан әскерлерінің іс жүзіндегі әрекеттерін жұртшылық республикалық телеарналар және Қорғаныс министрлігінің ресми сайты арқылы тікелей эфирден тамашалады. Сонымен қатар полигон аумағында жүргізілген командалық-штабтық жаттығулардың нәтижесінде көрермендер Қазақстан армиясының жан-жақты мүмкіндігіне куә болды.
Жауынгерлік парад соңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты. Сонымен қатар Елбасы Жауынгерлік парадқа қатысушы азаматтарға далалық жердегі ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату сәтіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін алғысын білдірді.
– Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңізді және даладағы жаттығуларға бейімделгендеріңізді нақты көрсетті. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсіби деңгейінің одан әрі арта түсуіне септігін тигізеді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы барша азаматтарды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Отан қорғау – мемлекет алдындағы мәртебелі міндеттің бірі. Заманында бөрілі байрақ көтерген бабаларымыздың аманатына адалдық – бүгінгі парыз. Елбасы сенімі әрдайым ел азаматтарына соны серпін беріп, биік рух сыйлайтыны, сонымен қатар Отан үшін зор жауапкершілік артатыны ақиқат. Ешқашан Туы төмен түспеген, еңсесі еңкеймеген еліміздің байрағы болашақта да биікте желбірей беретініне сенім мол!
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы