Астана медицина университетінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған тағылымды іс-шара өтті.
Іс-шараны «Нұр Отан» партиясының қолдауы арқылы елордадағы «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» мен «Жұлдыздар сөнбейді» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Оған сұрапыл соғыста жерін жаудан, елін езгіден қорғаған жауынгерлер, жеңіске жету жолында үлкен үлес қосқан тыл еңбеккерлері, «Нұр Отан» партиясының Сарыарқа аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бағлан Әлімғазина, тиісінше аталған орталықтың төрағасы Шерзод Пулатов, қоғамдық қордың басшысы Сәуле Дәулетбекова, оқу орнының студенттері мен ұстаздары, т.б. қатысты.
Басқосуда сөз алған Бағлан Әлімғазина жиналған қауымды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, ардагерлеріміздің ерлігіне алғыс білдірді. Бүгінгі бейбіт өмірдің орнағаны қарт ардагерлердің арқасы екенін ерекше атап өтті. Ол сөз арасында «Нұр Отан» партиясының майдангерлер мен тыл еңбеккелеріне арналған арнайы жобалары барын, сәтті түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Ал Шерзод Пулатов мұндай кездесу жыл сайын түрлі орындарда өтетінін жеткізді.
– Қазақстанның болашағы елін-жерін ойлайтын, білімді жастардың қолында. Мұндай тағылымды жиынды студенттердің алдында өткізуіміздің бір себебі – соғыста қаза болған жауынгерлер мен сарбаздардың рухына тағзым ету, өскелең ұрпақты олардың есімдерін қадірлеуге шақырып, патриоттық сезімін арттыру, – деді Астанадағы «Өзбек ұлттық мәдени орталығының» басшысы.
Кездесу барысында «Жұлдыздар сөнбейді» қоғамдық қорының арнайы әзірлеген деректі фильмі жұртшылық назарына ұсынылды. Фильмде соғыс жылдарындағы жауынгерлердің қаһармандағы, тыл еңбеккерлерінің көмегі, қара халықтың көрген қиындықтары, жеңіс жолы көрсетілді.
– Еліміздің біраз өңірін аралап, тарихи мәліметтер іздеймін, тіпті 70 жылдан асса да жаңа батырларды кездестіріп жататын кездерім болады. Осындай ізденістің арқасында түрлі деректі фильмдерім әзірленді, мақалаларым жарияланды, – дейді Сәуле Дәулетбекова.
Алқалы отырыста ақын Мұхаббат Аматаева «Соғыс жүректерден кетпейді қасіретің, жүректерді жылатады мұң мен зарың» деп басталған өлең шумақтарын оқып, жастарды тебірентті. Ал кәсіпкер Хасан Қалматұлы батыр ата-апаларымызға арнайы сыйлықтарын тарту етті.
Жиын соңында қан майданның қақ ортасында от кешіп, елін, жерін жау оғынан азат еткен, бірнеше жерінен жараланып, әл үстінде жатса да келер ұрпақтың қамын ойлаған батыр тұлға, 92 жасқа келген Жапаш ата Кашеков ақ батасын беріп, егемен елімізге мәңгілік бейбіт өмір тіледі.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»