Шаш алу – біздің қоғамда елеусіздеу кәсіп, елеусіз болса да арнайы мамандануды талап ететін өнер. Ал осы саланың білікті маманы болу үшін не істеу керек, қанша уақыт кетеді!? Ғаламтордағы хабарламаларға көз жүгіртіп көрсек, бір-екі айда үйрететіндер көп екен. Мәселені нақты, қайнаған ортасынан білмек болып, Астанада жұмыс істеп жүрген шаштараздың бірімен әңгімелесіп көрдік.
Заңғар Мұсабекұлы Қытай елінде туып-өскен. Мектеп бітіргеннен кейін тарихи отаны Қазақстанға оралмақ болады. Алайда белгілі бір себептерге байланысты бір жылға қалуға тура келеді. Міне, осы уақытта ауылында жұрт мақтаған қытай шаштаразы бар екен, соның қасына екі ай шәкірті болып ілеседі.
– «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді ғой. Бәрі сол ұстазымның ақылымен басталды. Егер ол жөн көрсетпесе бұл салада жүруім екіталай еді. Сол кісінің айтуымен екі айдан кейін Құлжа қаласындағы «Фу Каң» деген шаштараз мектебінің филиалына құжат тапсырдым, – деп сабақтады әңгімесін Заңғар.
Мектептің ерекшелігі сол – қызметі жағынан біздегі сән салондары секілді. Ол жерге клиенттер келіп шашын алдырады, оларға түрлі қызметтер көрсетіледі. Ал оқушылары мен ұстаздары жатын орнымен, уақытылы ас-суымен қамтамасыз етіледі. Оқуы тегін. Тіпті сол жерде жүріп, ақша табуға да болады. Қысқасы, шаш алатын мамандар үшін жағдайдың бәрі жасалған. Басты талап – сабырлық таныту, бар зейініңмен тыңдап, үйренуге ұмтылу.
(Фу Каңда оқып жүрген кезі)
– Ауылдағы ұстазымның қасында жүріп біраз нәрсені үйренгенмін. Енді тағы бірер ай осы мектепте оқысам нағыз маман болып шығамын деп ойлағанмын. Сөйтсем ол ойым бекер болып шықты. «Фу Каңда» әрбір ұсақ нәрсеге үлкен көңіл бөледі екен. Сенесіз бе, бастапқы үш айда клиенттің басын жуып, кептіруді ғана үйретті. Ал келесі үш айымыз шаш бұйралайтын бигудиді қоюға ғана кетті. Міне, осы уақыт аралығында сабырлық танытпағандары оқуын тастап кетіп жатты, – деп есіне алды кейіпкеріміз.
Тағы бір ерекшелігі, әрбір кезеңді оқып бітірген сайын арнайы емтихан тапсырады екен. Сынақ кезінде шашты дұрыс тарау, оның түсу салдары, шампуннің құрамындағы пайдалы, зиянды қосындылары секілді қарапайым сұрақтардан басталып, бигуди тектес түрлі құрылғылардың жылдам әрі кәсіби түрде орнатылуына дейін тексеріледі. Ол – ол ма, тіпті химия, геометрия сабақтарынан да белгілі бір деңгейде емтихан алынады. Неге десеңіз, геометрия шаштың тегіс алынуын, ал химия түрлі қоспалардың нәтижесінде шығатын бояудың түсі және оның адам терісіне қаншалықты әсер беретінін үйретеді екен. Сынақтан сүрінбей өткендері келесі кезеңге жолдама алса, жалқауланып, жүрдім-бардым қарағандары үш ай қалып қайта оқиды.
(Фото: instagram.com)
– Бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде әрбір кезеңнің өз қиындығы бар. Оқушылардың күнделікті тапсырмасы болады. Соны мұғаліміңнің көңілінен шығатындай, тап-тұйнақтай етіп орындағаннан кейін ғана клиенттердің басын жуып, кептіруге рұқсат. Ол үшін оқушыға белгілі бір көлемде ақша беріледі, – дейді Заңғар.
(Жұмыс барысынан көрініс)
Айта кетерлік тағы бір жайт, осы саланың бүге-шүгесіне дейін мән бергені сондайлық, тіпті клиентпен сөйлесіп, тілін табудың да жолдарын үйретеді екен. Себебі қаншалықты шебер болғаныңмен келген адаммен жылы сөйлесе алмасаң, жұмыс орныңның беделіне нұқсан келеді. «Клиенттің ісі ылғи да дұрыс».
Заңғар кәсіби деңгейде шаш алу үшін үш жыл уақытын тек оқуға жұмсапты. Яғни шаштараз болу үшін үш жыл оқыған. Бәрін сәтті аяқтағаннан кейін, яғни 2013 жылы оқушыларды «Фу Каңның» Шанхайдағы негізгі орталығына тәжірибеден өтуге жібереді. Ұстаздарының ойынан шыққаннан кейін ғана шебер дәрежесін иеленген екен. Сол жылдың қараша айында Қазақстанға көшіп келеді.
(Фу Каңды бітіріп шыққаннан кейін алған сертификаты)
Заңғардың әңгімесін тыңдап отырып, мұндай жұмыстан «Фу Каңға» қандай пайда бар деген сұрақ туындады. Оқуы тегін, баспанасы, уақытылы тамағы бар. Одан қала берді клиенттің басын жуып, кептіріп бергені үшін ақша алады. Осы ойымды аңғарған Заңғар әңгімені өзі жалғай жөнелді.
– «Фу Каң» өте танымал салон. Сондықтан клиенттері де өте көп. Мысалға бір адам шашын алдырғаны үшін 20 юань төлесе, соның жеті юані шеберге, ал бір юані шашын жуған оқушыға беріледі. Ал қалғаны мекемеге тиесілі. Сондықтан ол жерде оқушылар тегін оқығанмен, кәсіпорынның да есебі түгел, – дейді.
Заңғардың әңгімесінен кейін ғаламтордағы «бір-екі айда үйретеміз» деген хабарландырудың жарнамалық сипаты айқындала түскендей көрінді. Атам қазақ «дүние бір тиыннан құралады...» деген үлгі қалдырған. Сондықтан шаш алу кезінде де, оның саудасын жүргізу барысында да әрбір ұсақ нәрсе назарға алынса, «құда да риза, құдағи да риза». Бұны кәсіби шеберлік деп атаса керек.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»