1916 жылғы қазақ жерін түгел дерлік қамтыған ұлт-азаттық көтеріліс көсемінің бірі Бекболат Әшекеев екендігі тарихтан белгілі. Иә, 1843 жылы алып Алатаудың Үшқоңыр биігінің етегінде туған, жасынан сауатты, яғни арабша оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, би болған, болыстық қызметтің де дәмін татқан, діндарлығы да бар ол Жетісу жеріндегі, атап айтқанда Үшқоңыр алқабындағы бас көтерудің батыл басшысы болды.
Себебі, 1914 жылы патшалық Ресей де дүниежүзілік соғысқа кірген еді. Бұл алапат азапты айқас барлық елге, оның ішінде Қазақстанға да ауыр зардабын тигізді. Әсіресе 1916 жылғы 25 маусымдағы армияның қара жұмысына 19 бен 43 жас аралығындағы қазақтарды алу туралы ақ патшаның жарлығынан соң, әр-әр жерде көтеріліс оты бұрқ ете қалды. Сол кездері Шүкітай ақынның:
Шамалғанның ауылым
жағасында,
Кім жетеді асылдың бағасына?
Ардақты аға сен едің,
ер Бекболат,
Тұлпар мініп, ел бастап
барасың ба! –
деп жырлағанындай, Бекболат батыр Жайылмыс болысындағы ел-жұртты тыл жұмыстарына адам бермеуге шақырып, патша жарлығын орындамауға үндейді, өзі сияқты қайыспай қарсы тұрғандардың басында болады.
Алайда мұздай қаруланған жазалаушы отрядтың тегеурініне төтеп бере алмай, көтерілісшілер жеңіліс тауып, Бекболат барлық кінәні мойнына алып, өзі қолға түседі.1916 жылғы 7 қыркүйекте Верный қалалық әскери гарнизонының соты оны өлім жазасына кесу туралы үкім шығарады. Сөйтіп Боралдай асуында жұрттың көз алдында дарға асылады!..
Елін ойлаған есіл ер осылайша көз жұмды. Ең соңғы демі біткенше өзін биік ұстады, жау алдында кешірім сұрап бүріспеді, бүгілмеді, ажалды қасқайып тұрып қарсы алды.
2000 жылы Хамза қажы Екейбаевтың және бүгінде жасы 99-ға толған соғыс ардагері Үсенбай Тастанбековтің бастамасымен 1 Май ауылына Бекболат есімі берілген. Ал жуырда осы елді мекенде ортасындағы гранит тұғырда батыр бейнесі бедерленген Бекболат Әшекеев атындағы саябақ ашылды.
Ол Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әрі көпшіліктің ұсыныс-тілегін іске асыру мақсатында жүйелі жүзеге асқан, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев бастаған, зиялы қауым қостаған, бүкіл қарасайлықтарды қатты риза еткен өте игілікті жұмыс еді. Бұл үшін «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қоры (директоры Сағындық Жылқыбаев) құрылып, аудан жұртшылығы да өз үлесін қосқан-ды.
Ескерткіш лентасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, Елбасының сыныптасы Едіге Жүнісбеков, аудан әкімі Махаббат Бигелдиев қиды. Ашық аспан астында ақ дастарқан жайылып, құран оқылды. Айтпақшы алдымен жиналғандар алдында белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбеков Бекболат Әшекеев туралы мазмұнды баяндама жасады.
Сонымен қазақтың қаһарман ұлының бірі, халық батырының рухына үлкен құрмет көрсетілді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы
Суретті түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ