Диқаншылықпен айналысатындардың екінің бірі агроном еместігі белгілі. Бірақ агроталаптарды білмеймін, мына шаруа маған қол емес дейтін уақыт таңдауы және жоқ. Қызылорда облысы ақ күріштің отаны саналады. Күріш дегеніңіз, мехнаты көп жұмыс. Бабын таппасаң пайдаға шыға алмайсың.
Облыстық кәсіпкерлік палатасы диқандарға көмектесудің тағы бір тәсілін тапты. Өңірде «Тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және күріш өнімділігін арттыру» тақырыбында өткен семинарда «тегін кеңес» беру қызметі қолға алынатындығы хабарланды.
Бұл мақсат үшін онсыз да жетпей жатқан агрономдарды ана шаруашылықтан мына шаруашылыққа тартқыламайды. Зейнетке шыққан агрономдар жұмысқа алынбақ. Оларға кеңседен орынжай берілмек. Диқан кеңсеге келіп, аптасына екі рет тегін кеңес ала алады. Қажет болған жағдайда егіс басына апарып, дақылының жайын көрсетіп қажетті нұсқауларын тыңдайды.
Бұл әрине кәсіпкерлік палатасының ауадан алып отырған ақылы емес. Мұндай жақсы үрдіс ауыл шаруашылығынан мол өнім жинап отырған Еуропа елдерінде жолға жақсы қойылған. Онда зейнеттегі агрономдар келісім-шартпен жұмыс жасайды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков: «Осындай жол арқылы шаруашылықпен айналысып жатқан жастарға қолдау көрсетеміз, тәжірибесін байытамыз», дейді.
Несі бар, үйренетін үрдіс. Ауыл шаруашылығы қатты дамыған Голландия елінде күніне 60 литр сүт бере алмаған сиыр қасапханаға кетеді екен. Ал ауылдағы қыз-келіншектер күніне он литр бермейтін сиырларының шандыр желінін қақтап әлі отыр.
«Үйрен де жирен» дейді халық даналығы. Зейнетке шыққан, тәжірибесі толысқан кешегі маманның көмегі бүгінгі жас буынға әбден керек. Әйтпесе дақылды сеуіп тастап, «алма піс, ауызға түс» пайда берген емес. Кәсіпкерлер палатасының бұл ізденісін жақсылыққа баладық.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы