• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Мамыр, 2018

Отандық фильм – Оберхаузен кинофестивалінде

230 рет
көрсетілді

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмге» қарасты «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлес­тігінде түсірілген «Хат» фильмі мамыр айының 3 мен 8-і аралығында Германияда өткен 64-халықаралық «Оберхаузен»  қысқаметражды фильмдер кинофестивалінің (Internationale Kurzfilmtage Oberhausen) негізгі конкурстық бағдар­ламасына іріктеліп алынды.

Жас режиссер Әділ Мұсатаев түсірген дебюттік картина іш­тей жан арпалысына түсіп, ана­сына хат жазуды армандап, тол­ғаныста жүрген балалар үйінің тәрбиеленушісі туралы баяндайды.

– Фильм оқиғасы  шынайы өмірден алынған. Бұл оқиға Өскемен қаласындағы балалар үйінде болған екен. Осы оқиғаны танысымнан ести сала, дайын драматургияның бар екенін аңғарып, оны кино тілімен сөйлетуге асықтым.  Жас режиссерлерге қанат бітіретін осындай беделді кинофестивальде алғашқы фильмімнің тұсауы кесілгеніне өте қуаныштымын,– дейді режиссер Әділ Мұсатаев. 

«Оберхаузен» кинофес­ти­валінің ресми сайтының мә­ліметі бойынша, биылғы халық­аралық фести­вальдың негіз­гі байқауына 33 елден 53 қыс­қа­метражды фильм­нің қаты­сқаны белгілі болды. Олардың арасында АҚШ, Қытай, Мысыр, Аргентина, Бразилия, Үндістан, Франция, Жапония, Ресей, Қазақстан, Финляндия және тағы да басқа елдердің режис­серлері түсірген фильмдер бар. Жалпы биылғы байқауға 6000-ға жуық фильмнен тапсырыс түскен.

Алпыс жылдық тарихы бар «Оберхаузен» халықаралық қыс­қаметражды фильмдер кино­фес­тивалі әлемдегі қысқаметражды фильмдерге арналған ең ірі бай­қаулар­дың бірі. Ол 1954 жылдан бері өткізіліп келеді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ