Аяқдоп спортына қатысты көптеген қызмет түрі бар. Солардың бірі – скауттық қызмет. Әлемде 1,5 миллион футбол командасы ресми түрде тіркелген болса, соның 300 мыңы кәсіби клуб. Әрқайсысының скауттары бар. Басты міндеттерінің бірі – әлемнің түкпір-түкпіріндегі талантты ойыншыларды назарда ұстау.
Әрбір футболшының өзіндік стилі, үйреншікті жолы болады. Өзінің оң жамбасына келмейтін командада ойнаса, қанша жерден талантты болғанымен, жоғары деңгейде өнер көрсете алмайды. Ал скауттар өзі қызмет ететін клуб басшылығына сол аяқдопшының ойын әдісі, таланты, кемшіліктері мен артықшылықтары туралы толық ақпарат беріп отырады.
Мысалы, чилилік Алексис Санчесті алайық, «Барселонада» жүргенінде нашар ойыншы болмаса да, команданың тики-така әдісіне толық үйрене алмай әбден қиналған. Ал «Арсеналдың» сапына қосылғаннан кейін негізгі құрамнан орын алып қана қоймай, команданы алға сүйрейтін басты ойыншысына айналды.
Скауттар үлкен клубтарда бағы жанбай жүрген тәжірибелі ойыншыларды ғана емес, жастарды да назарда ұстайды.
Осы ретте «Барселонаны» тағы да мысалға алған жөн. Бұл алып команда болғандықтан, жастардың негізгі құрамға бейімделуі оңай емес. Сондықтан каталониялықтардың «Ла Масиясына», яғни академиясына көз салатын клубтар көп. «Арсенал» сапында бағы жанған Франсеск Фабрегас (қазір «Челси» ойыншысы), Микель Артета, бертін келе Эктор Беллерин, «Ливерпульдің» аңызына айналған қақпашы Хосе Рейна, «Баварияның» негізгі құрамынан орын алған Тиаго Алькантара дәл осы каталон клубынан түлеп шыққан-ды.
Таланттарға қойылатын талап барОсы тұста скауттар мықты футболшылардың талантын қалай анықтайды деген заңды сауал туындары анық. Олай болса осыған аздап тоқталып көрейік. Қақпашы, қорғаушы, жартылай қорғаушы, шабуылшы қандай қасиеттерге ие болуы шарт?
Қақпашы. Ең бірінші олардың рефлексі жоғары болуы тиіс. Күтпеген соққыларды қайтара білуі, қарсыласымен жеке шыққан сәтте гол жібермеуі, қорғаныстағы әріптестерін бірден түсінуі, бұрыштама немесе айып добы орындалар кезде қай жерде кімнің жолын бөгеуі керектігін нұсқап отыруы қақпашының деңгейін бірден көрсетеді. Жақсы қақпашы – жарты команда.
Қорғаушы. Бұл позициядағы ойыншылардың сенімділігі жоғары болуы шарт. Қарсы команданың шабуылын дер кезінде тоқтата білуі, допқа талас кезінде оған бірінші болып жетіп, қауіпсіз тұсқа бағыттауы, тіпті қай кезде ойын тәртібін бұзу керектігін білуі де қорғаушының біліктілігін көрсетеді.
Жартылай қорғаушы. Нағыз әмбебеп ойыншы болуы керек. Шабуылға да араласып, қорғанысқа да дер кезінде үлгеруі тиіс. Қорғаушы секілді қарсыласынан допты тартып ала білуі, шабуылшы секілді ыңғайлы тұста қақпаны нысанаға алу қабілеті болғаны жөн. Бүкіл ойынды жартылай қорғаушылар бақылауында ұстайды десек, артық айтпағандық болар еді. Әріптесін байқап, қақпашымен бетпе-бет шығатындай пас беруі оның қаншалықты алғыр екенін айқындай түседі.
Шабуылшы. Қорғаушылардан айласын асыра алатындай техникасы, шаң қаптырып кететіндей жылдамдығы, жойқын соққысы, оңайшылықпен құламайтындай денесі шымыр болуы қажет. Сондай-ақ, алаңның ашық тұсынан дер кезінде табыла білгені жөн. Шабуылшының басты міндеті – гол соғу.
Джейми Варди мен Рияд МарезАғылшын премьер-лигасының 2015/16 маусымында «Лестердің» чемпион атанғаны әлі күнге дейін таңғаларлық жайт. Міне, дәл осы «түлкілердің» тарихи жеңісіне Джейми Варди мен Рияд Марез үлкен үлесін қосты.
«Бір күні достарыммен жиналып «Лидс» – «Флитвуд Таун» арасындағы жолдастық кездесуді тамашалауға бардық. Қонақ команданың сапында сол кезде Джейми Варди ойнады. Өзгелер секілді «ол жұлдыз болады» деп бірден тон пішкенім жоқ. Оның тіпті техникасы да нашар болатын. Бірақ алаңның әр тұсында сауатты қозғалып жүргеніне бірден назар аудардым. Қажет сәтте ыңғайлы тұстан табыла кетеді. Доптың қай кезде, қай тұсқа келетінін алдын ала сезіп отырады. Оның сол кездегі құны бір-ақ миллион еуро болатын. «Лестер» басшылығына ұсынып едім, екі етпеді, трансфер жасады», деді «Лестердің» сол кездегі скауты Бен Вриглсворт.
Ал Рияд Марез туралы Бен Вриглсворт былайша ой бөлісті: «Әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген скауттармен көбірек араластым. Марезді көбісі физикалық тұрғыда осал екенін айтты. Өзім де іштей әлсіз болса ағылшынның футболына жарамайды деп ойладым. Бірақ Риядпен жеке танысқаннан кейін мына бір нәрсеге көзім анық жетті. Бойындағы кемшіліктерін жеңбейінше, тыным таппайды екен. Осындай еңбекқорлығының арқасында физикалық деңгейін арттырды», деді ол.
Футбол – бизнесҚазіргі күні футболдың бизнеске айналып кеткені шындық. Мәселен, өткен жазда төрт ойыншысын сатқан «Монако» командасы 332 млн еуро пайда тапты. Бұл негізінен клубтағы скауттардың еңбегі. Жартылай қорғаушы Бернарду Силва мен қорғаушы Бенжамен Менди «Манчестер Ситиге» 50 және 57 млн еуроға кеткен болатын. Ал монаколықтар кезінде екеуін де 15 млн еуроға сатып алған еді. Ал «Челсиге» 45 млн еуроға сатылған Тьемуэ Бакайоко үшін бір кездері 8 млн еуро ғана жұмсаған. Сондай-ақ өз академиясынан түлеп шыққан Кильян Мбаппе «Пари сен Жерменге» жалға берілгенмен, париждіктер 180 млн еуро төлеуі тиіс.
Ал Италияның «А» сериясында өнер көрсететін «Удинезенің» басшысы Джампаоло Поццо клубтың скауттары туралы: «Жұрттың назарына іліккен құны жоғары, талантты ойыншыларды сатып алатындай дәулетті команда емеспіз. Сондықтан біз үлкен командалар аса назар аудармаған Чили, Колумбия секілді елдерге жиі барамыз. Соның арқасында Алексис Санчесті таптық. Әлемнің түкпір-түкпірінде жүздеген скаутымыз қызмет етеді. Егер олардың әрқайсысы он ойыншыны назарда ұстайтын болса, бізге таңдау еркі көбірек болады. Міне, осындай жұмыстың арқасында «Удинезені» шығынға ұшыратпай ұстап отырмыз», деп ой бөліскен болатын.
Бұл қарапайым ғана Италияның ортаңқол командасындағы алғыр скауттарының арқасында жүзеге асып жатқан маңызды істер. Міне, скауттар жұмысының маңыздылығы. Таланттардың талантын ашып қана қоймай, қаржылық жағынан клубтарға да зор пайда түсіріп отыр.
Елімізде скауттық жүйе дамыған ба?Біз осы тұста еліміздің төрт дүркін чемпионы «Астана» футбол клубының баспасөз қызметіне хабарласып сұраған едік. Нақты қанша екенін айтпағанымен, скауттар еңбегін жоққа шығарған жоқ. Өткен маусымның алдында командадан Таңат Нөсербаев, Рохер Каньяс, Неманья Максимович секілді маңызды ойыншылардың кеткені белгілі. Олардың орнына Марин Томасов, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Срджан Граховац секілді футболшылардың келуіне клубтың скауттары тікелей себеп болыпты.
Қорыта айтқанда, скауттардың жұмысы көзге көріне бермейді, елеусіз ғана жүріп жатады. Алайда кез келген команда үшін олардың орны ерекше. Маңызды ойыншысы ұжымнан кетіп, орнына лайықты ешкімді таппай отырған сәттер жиі болады. Дәл осы кезде тығырықтан алып шығатындар да скауттар.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»