• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Мамыр, 2018

Қостанайда ескерткіштерді сақтау инспекциясының жоқтығы білініп отыр

637 рет
көрсетілді

Биыл Қостанай қаласында көзге сүйелдей болып тиетін көрініс пайда болды. Қостанай қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қаладағы Белгісіз солдаттың, Жеңіс саябағына көшірілген Лениннің ескерткішін және қала орталығындағы Тың игерушілерге қойылған ескерткіш-кешенін қара бояумен бояп қойды. 

Әдетте ескеткіштердің қола түсіне көзі үйренген жұрттың қап-қара мүсін зәресін алатындай кейіпке енген. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметі орталығында журналистерге берген сұхбатында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов та қалалық Тұрғын үй коммуналдық қызметінің бұл ісін түсінбейтінін айтты. Мекеме ескерткіштерді бояу жөнінде Мәдениет басқармасына ешқандай хабарласпаған. Бұрын ескерткіштерді қорғау инспекциясы болатын, ескерткіштер мен тарихи нысандарды жөндеу, сырлау, бояу, көркейту жұмыстарының барлығы оның ережесіне сәйкес мемлекеттік сұраныс арқылы жүргізілетін. Бұл жөнінде облыстық мәдениет басқармасын хабардар ететін.

«Мүмкін мекеме қандай да бір сарапшының бағасына сүйенген болуы керек, ондай болады. Әдетте, ескерткіштер өзіне қарайтын мекеме, ұйым сарапшылардан оларды қандай бояумен бояу, қандай материалдар пайдалану керектігі жөнінде нұсқау ала алады. Алайда заңнамада бұл жөнінде нақты ешнәрсе жазылмаған», дейді Ерлан Болатұлы.

Облыстық мәдениет басқармасы қала әкімі Базыл Жақыповқа ескерткіштердің бояғаннан кейінгі кейпі жөнінде өзінің қарсылығын білдірген акт жіберген.

«Қазір бұл іске заңды түрде араласатын Ескерткіштерді қорғау инспекциясы, яғни мемлекеттік орган  жоқ. Ал боялған ескерткіштерді қайтадан өзгерту жөнінде де ештеңе айта алмаймын. Заңда архитектуралық нысандарды бояма деген сөз тағы жоқ. Бұл талғам мен әдептің ісі болса керек» деп түйді  Ерлан Қалмақов.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»