Жыл сайын Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Міне, бүгін салтанатпен ашылған 11-ші Астана экономикалық форумында (АЭФ) әлемнің ондаған елінен келетін 500-ге жуық спикер пікір алмасады. Әлем сарапшыларының бірауызды пікірінше, АЭФ бүгінгі жаһандық экономиканың даму драйверлерін айқындап, орын алған дағдарыстардың себеп-салдарларын ашып, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін әлемдік пікірсайыс алаңына айналды.
ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік экономикадағы өзгерістердің қорытындысы бойынша әлем елдері арасындағы айырмашылық біршама төмендеді, алайда мемлекеттердің ішкі жағдайында байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық барған сайын артып барады. Экономикалық даму төмендеген сайын байлар өздерінің әлеуетін кедейлерге қарағанда еселей арттыруда. Әлемдік экономикадағы бүгінгі қалыптасқан жағдай 2007-2009 жылдары дүние жүзін тығырыққа тіреген дағдарыс салдарынан еңбек өнімділігінің барлық салаларда төмендеп кетуінің көрінісі болып отыр. Сонымен бірге бүгінде қалыптасқан жоғары мемлекеттік және жекеменшік қарыздар, қаржы секторының әлсіздігі, инвестицияның азаюы дүние жүзіндегі дамыған экономикалардың өзінің дамуын тежеп отыр. Сарапшылардың ұзақ мерзімді болжамдары бойынша, 2050 жылға таман әлемдік экономикада түбегейлі өзгерістер орын алады.
PwC халықаралық консалтинг және аудит компаниясының болжамы бойынша, 2042 жылы әлем экономикасының көлемі екі есе өседі. Бүгінгі жаһандық экономиканың танылған көшбасшысы АҚШ-тың орнын Қытай Халық Республикасы алатын болады. 2030 жылы Аспан асты елі экономикасының құны нарықтағы айырбас бағамы бойынша бәсекелестерінен бірнеше есе артады. 2050 жылы Үндістан экономикасының дамуы АҚШ-тан асып түсіп, рынок көлемі бойынша дүние жүзінде екінші орынды ойып алады. Қазір экономикалық дамуы тұрғысынан «жас айдаһарлардың» қатарына қосылып келе жатқан Индонезия әлемдік экономикалық даму бәйгесінде Жапония мен Германияны артқа тастап, төртінші орынды иеленеді.
Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылы жаһандық ІЖӨ-дегі Еуроодақ елдерінің үлесі 10 пайыздан да төмендейтін болады. Халықаралық валюта қорының жаһандық болжамына сәйкес, 2020 жылы әлемдік несие-қаржы саясатының күрделенуіне байланысты дүниежүзілік экономиканың даму қарқыны күрт тежеледі. Жаһандық қаржы жүйесіндегі тәртіптің қатаңдауы, саудадағы келіспеушіліктің артуы, жең ұшынан жалғасу және геосаясаттағы толқулар әлемдік экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді.
PwC-тың «Әлем 2050 жылы. Ұзақ мерзімді болжам: 2050 жылы әлемдік-экономикалық жағдай қалай өзгереді?» атты есепті баяндамасында жаһандық ІЖӨ-нің 85 пайызын құрайтын дүние жүзіндегі 32 ірі экономикаға сараптама жасаған. Әлемдік ІЖӨ-нің басты драйвері бұрынғысынша ЭЫДҰ-ға кірмейтін мемлекеттер болып қалады. Алайда, таяудағы онжылдықтарда әлем елдерінің даму қарқынындағы айырмашылық елеулі түрде қысқаратын болады. Әлемдік саудадағы тауарлар мен қызметтердің көлемі өткен жылы 4,3 пайызға өсіп, жаһандық экономиканың дамуына маңызды ықпал етті. Осыған байланысты Еуропалық саяси зерттеулер орталығының директоры Даниэль Грос «Бұрынғы бәсекелестік экономикасында сыртқы саудада үлкен тапшылыққа тап болған мемлекеттердің сауда соғысында жеңіл жеңістерге жетуі мүмкін еді. Алайда жаңа экономикалық саясатта басқа елдерді ашықтыққа мәжбүрлеу мақсатында басталған сауда соғысының жеңімпазы барлық игіліктерге ие болады», деп атап көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақстан экономикасы әлемдік экономикаға барынша кірігіп кеткен. Басқасын былай қойғанда, оны еліміздің экономикасында біршама жедел дамып отырған төртінші өнеркәсіптік революция тетіктерінен де айқын аңғаруға болады. Бүгінде қазақстандық экономиканың қай саласын алып қарасаңыз да цифрлы технология мен электронды сауда жан-жақты даму баспалдағына ден қойғанын байқаймыз.
PwC-тың «Әлем 2050 жылы. Ұзақ мерзімді болжам: 2050 жылы әлемдік-экономикалық жағдай қалай өзгереді?» атты есепті баяндамасында жаһандық ІЖӨ-нің 85 пайызын құрайтын дүние жүзіндегі 32 ірі экономикаға сараптама жасаған. Әлемдік ІЖӨ-нің басты драйвері бұрынғысынша ЭЫДҰ-ға кірмейтін мемлекеттер болып қалады. Алайда, таяудағы онжылдықтарда әлем елдерінің даму қарқынындағы айырмашылық елеулі түрде қысқаратын болады. Әлемдік саудадағы тауарлар мен қызметтердің көлемі өткен жылы 4,3 пайызға өсіп, жаһандық экономиканың дамуына маңызды ықпал етті. Осыған байланысты Еуропалық саяси зерттеулер орталығының директоры Даниэль Грос «Бұрынғы бәсекелестік экономикасында сыртқы саудада үлкен тапшылыққа тап болған мемлекеттердің сауда соғысында жеңіл жеңістерге жетуі мүмкін еді. Алайда жаңа экономикалық саясатта басқа елдерді ашықтыққа мәжбүрлеу мақсатында басталған сауда соғысының жеңімпазы барлық игіліктерге ие болады», деп атап көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақстан экономикасы әлемдік экономикаға барынша кірігіп кеткен. Басқасын былай қойғанда, оны еліміздің экономикасында біршама жедел дамып отырған төртінші өнеркәсіптік революция тетіктерінен де айқын аңғаруға болады. Бүгінде қазақстандық экономиканың қай саласын алып қарасаңыз да цифрлы технология мен электронды сауда жан-жақты даму баспалдағына ден қойғанын байқаймыз.
Мемлекет басшысы жариялаған Қазақстанның Үшінші жаңғыруы ел Үкіметінің жұмысын жаңа экономикалық және әлеуметтік даму моделімен тығыз байланыстыра жүргізуге үндейді. Сонымен бірге Үшінші жаңғыру экономикамыздың барлық саласында технологиялық жаңғыруларды арттыруға, жеке кәсіпкерлікті дамытуға, жаһандық даму үрдісінде еліміздің бәсекелестігін арттыруға бағдар береді. Елбасының экономиканы дамыту мақсатындағы жүйелі бастамалары өзінің игі жемісін беріп келеді. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ІЖӨ өсімі 2014-2016 жылдардағы (2,2%) орташа жылдық даму деңгейінен екі есе артып, 4 пайызды құрады. Міне, осындай даму үрдісінде Қазақстан экономикасы үшін туындайтын қатерлердің бірі банк секторында орын алған проблемалар болуы әбден мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта бұл салада түбегейлі әрі терең құрылымдық реформалар жасаудың маңызы зор. Сонымен бірге «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап көрсетілген міндеттер шеңберінде, алдағы уақытта ел Үкіметі экономикалық құрылымдарды әртараптандыруға және жаңғыртуға жан-жақты басымдық беруі қажет.
Роботтар дәуіріАдамдарды жұмыс орнынан машиналардың ығыстыруы ерте заманнан бері жалғасып келеді. Баспа станоктарының шығуына байланысты кітап көшірушілер мен түптеушілер мамандығы жоғалса, ХХ ғасырда телефоншы мамандығы пайда болып, ол ғасырдың соңында құрдымға кетті. Ғасырлар тоғысында пайда болған заманауи технологиялар біздің өмірімізді барлық қырларынан өзгертуге дайын. Соңғы жылдарда қоғамымыздың барлық саласын қамтыған жасанды интеллект, блокчейн, 3D баспа, роботтандыру және басқа да инновациялық жаңғырулар адамдарға келелі міндеттерді шешумен қатар, жаңа мамандықтарды игеріп, өмірлерін өзгертуге әкеліп соғуда.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның зерттеулеріне сәйкес, 2020 жылы жаңа технологиялар 5 миллионнан астам жұмыс орнын жоятын болады. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, жақын арадағы жиырма жылдың ішінде ЭЫДҰ елдерінде жұмыс орындарының 57 пайызы автоматтандырылады. Бұл өз кезегінде мыңдаған адамдардың жұмыс орындарынан айырылып, жұмыссыздықтың жаппай өсуіне әкеліп соғады. Бұл елдердің экономикалық және әлеуметтік жүйесі уақыттың бұл сынына әлі дайын емес. Оксфорд зерттеушілерінің бағалауы бойынша, таяудағы жиырма жылдың ішінде дамушы елдердегі жұмыс орындарының 45 пайызы роботтармен және компьютерлік бағдарламалармен алмастырылатын болады. Үстіміздегі ғасырдың соңына дейін қазіргі қолданыста бар мамандықтардың 70 пайызы автоматтандырылады. Осы ретте «Информационная культура» ұйымының директоры Иван Бегтин «Жүргізушісіз машиналар эксперименті бүкіл әлем бойынша жүріп жатыр. Бұл эксперимент барысында ұзақ сапарларда жүк таситын жүргізушілер, қоғамдық көліктердің жүргізушілері, жол реттеушілер мамандықтарының жойылуына әкеледі», дейді. Жақында Еуропалық одақ комитеті роботтардың құқығын «адам құқығына» теңестіретін «электронды тұлға» құқығы туралы заң жобасын қабылдады.
Адамзат дамуында бұл үрдіс қандай бетбұрыстарға әкеледі? Бұл сұрақтың да нақты біржақты жауабы жоқ. Мәселен, Стивен Хокингтің айтуы бойынша, адам еңбегін жаппай машинамен алмастыру бай адамдарды одан сайын байытады, кедейлер бұрынғыдан да қайыршыланады. Себебі ірі корпорациялардың иелері жалақы төлеуге шығынданбай-ақ, үлкен табыс табуға мүмкіндік алады. Ал Илон Маск өзіне тән оптимизммен «Еңбек түрлерін автоматтандырудың пайдадан басқа зияны жоқ. Адамдар шығармашылық жұмыспен айналысуға барынша көп мүмкіндік алады. Олар мемлекет тапқан базалық пайданың есебінен алаңсыз өмір сүретін болады», деп атап көрсетеді.
Deloitte зерттеулерінің қорытындысы бойынша, соңғы 15 жыл ішінде Ұлыбританияда өндірісті автоматтандыру үрдісінің нәтижесінде 800 мыңға жуық қол еңбегімен атқарылатын жұмыс орындары қысқартылған. Сонымен бірге осы мерзімде 3,5 миллион жаңа технологиялық жұмыс орындары ашылған. Осының нәтижесінде Ұлыбритания 140 миллиард фунт қосымша пайда тапқан.
Соңғы көптеген жылдардан бері ең төменгі жалақы төлейтін елдердің көш басында Қытай елі болып келді. 2016 жылы бұл мәселе түбегейлі өзгерді. Сол жылы Қытайдағы еңбекақы төлеу көрсеткіші Латын Америкасы елдерінен басым түсті. Өнім өндірушілердің елден тысқары шығып кету қаупінің ұлғаюына байланысты Қытай робот өндірісін дамытуға бет бұрды. Өткен жылы бұл елде робот-техника өнеркәсібінің өндірісі 34,3 пайызға артты. Қабылданған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Қытай қызмет көрсету саласына роботтар сату көлемін 2020 жылдары 4,6 миллиард АҚШ долларына дейін арттыруды көздеп отыр. Сөйтіп еңбек қымбаттап, технология арзандауда.
Қазақстанда экономиканы роботтандыру дәрежесі дамушы елдерге қарағанда едәуір төмен деңгейде. Бүгінде бұл көрсеткіш 10 мың жұмыс істеушіге 70 роботтан келеді. Ал Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапурда он мың жұмыс істеушіге 500 роботтан айналады. 2018 жылы Қазақстанның 600 ірі кәсіпорыны цифрландыру технологиясын енгізу шараларын жүзеге асырады. Бұл шара өз кезегінде бірқатар жұмыс орындарын қысқартуға алып келмек. «Қазір біз Қазақстан бойынша ірі компаниялардың роботтандыру шараларына кеңінен қызығушылық танытып отырғандығына куә болудамыз. Алайда бұл үрдіс әлі де сақтықпен жүргізілуде. Жаңа технологияларды өндіріске енгізу мақсатындағы мұндай сақтықты біз Ресей компанияларының мысалдарынан да анық байқаймыз», дейді Каспий аймағындағы «Делойт» консалтингтік департаментінің менеджері Сергей Гончарев.
Су және әлемЖер шарының 70 пайызын су айдыны алып жатыр. Алайда жобамен 1,4 миллиард шаршы шақырым су айдынының 97,5 пайызы тұзды су, тек 2,5 пайызы ғана тұщы су (жоғарғы қабатта орналасқан өзен, көл, бұлақ, батпақ). ХХ ғасырдың өзінде ғана Жер планетасындағы тұрғындар саны 3 есе артты. Осы уақыт ішінде тұщы суды пайдалану 7 есе артты, оның ішінде коммуналдық ауыз суға сұраныс 13 есеге ұлғайды.
БҰҰ-ның соңғы деректері бойынша, қазіргі кезде әлем халықтарының 40 пайыздан астамы су тапшылығын көріп отыр. Жұмыр жерді мекендейтін 783 миллион адам таза су іше алмайды. Сарапшылардың болжамы бойынша, ХХІ ғасырдың ортасында 4 миллиард адам су тапшылығына тап болады. Бүгінгі таңда 2 миллиардтан астам адам таза суды пайдаланбауға байланысты ауруға шалдыққан. Қазіргі таңда әлемдегі су пайдалану көлемінің 70 пайызы ауыл шаруашылығының, 20 пайызы өнеркәсіптің үлесіне тиеді. Қалған 10 пайызы адамдардың тұрмыстық қызметінің сұранысына жұмсалса, тек 1 пайызы ғана ауыз су ретінде пайдаланылады.
Қазақстан аумағындағы су қоры жер үсті сулары (өзендер, көлдер, мұздақтар) және минералды көздерден шығатын су қоры болып есептелінеді. Елімізде ірі қалаларды және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде жер асты сулары пайдаланылады. «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясына сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстан үшін су тапшылығы ХХІ ғасырдағы төртінші жаһандық қатер болып есептелінеді. Осы жаһандық қатерге жауап ретінде 2020 жылы еліміздегі ауылдық елді мекендердің жартысынан астамы жер асты суларының қорымен қамтамасыз етіледі. Бұл су қоры жер үсті су көздерімен бірге тұрғындарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсатындағы негізгі сұранысты қамтамасыз ететін болады. 1,9 млрд текше метр су қорын қосымша жинақтау үшін алдағы уақытта еліміздің 7 облысында 22 жаңа су қоймаларының құрылысы салынады. Бұл өз кезегінде 160-180 мың гектар суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстандағы су тапшылығын болдырмаудың негізгі көзі трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану болып табылады. Еліміздің аумағындағы ірі өзендердің барлығы дерлік трансшекаралық су көздері болып саналады. Көрші мемлекеттердегі су пайдалану көлемінің жылдан-жылға өсуі осы өзендердегі су қорының азаюына әкеліп соқтыруда. Сонымен бірге көрші мемлекеттердегі су пайдалану көлемінің шектен тыс артуы трансшекаралық ірі өзендердің суларының ластануына алып келді. Ертіс, Іле, Сырдария және Талас өзендеріндегі қалыптасқан күрделі жағдайлар нақ осындай себептерден туындап отыр. Алдағы уақытта көрші мемлекеттермен трансшекаралық су көздерінің қорын тиімді пайдалану жөнінде екіжақты келісімдер жасаудың маңызы зор. Бұл бағытта ел Үкіметі кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»