Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Шығыс Еуропа елдеріне ауқымды инвестиция құйып жатыр. Әсіресе «16+1» бастамасы, яғни Қытай мен шығыс блоктың 16 елі арасындағы ынтымақтастық қарқын алып келеді. Алайда Аспан асты елінің қарт құрлыққа ерекше көңіл бөлуі Еуропалық одақты әбігерге түсіретін түрі бар.
Қытай президенті Си Цзиньпин Астанада өткен форумда Жібек жолын қайта жандандыруды көздеп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жариялағаны белгілі. Бұл жобаға Қазақстанның да қосатын үлесі бар. Ел аумағын басып өтетін жаңа Жібек жолы «тоғызыншы территория» үшін де, өзгелер үшін де тиімді болатыны анық. Бастама трансшекаралық сауда айналымына, инвестиция тарту мен іскерлік ынтымақтастықтың қанат жаюына қолайлы жағдай жасайды.
Алайда Еуропалық одақ үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы «16+1» процесі түйткілді мәселеге айналып отыр. Жоба басталған 2011-2012 жылдардың өзінде Батыс Еуропа елдері одан қауіптенетінін жасырған жоқ. Еуропалық сыртқы істер қызметі өкілдерінің процесс жұмысына араласуымен жағдай тұрақталғандай көрінген. Бірақ кейінгі кезде осы төңіректегі әңгіме қайта көтеріле бастады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қарт құрлық демократиялық батыс және социалистік шығыс блок болып бөлінгені мәлім. Кейінірек екі тарап ортақ келісімге қол жеткізген. Politico.eu порталының пайымдауынша, Қытайдың ықпалымен Еуропа тағы екіге қақ жарылуы мүмкін. Сарапшылар «Шығыс Еуропа 2.0» нұсқасы бұрынғы блок секілді әлеуетті болмағанымен, құрлықтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептейді.
Мұндай қауіп негізсіз емес. Экономикалық дағдарыс пен босқындар мәселесінен кейін аймақтағы әлеуметтік жағдайдың қарқыны бәсеңдеді. Сондай-ақ Шығыс Еуропа елдері сырттан инвестиция тартуға оңтайлы бола түсті. Мұндай мүмкіндікті Қытай қалт жіберген жоқ. The Diplomat порталы таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазірдің өзінде Аспан асты елінің Шығыс Еуропаға салған инвестициясының көлемі 8 миллиард доллардан асып кеткен.
Бастапқыда «16+1» форумы достық, ортақ пайда және Қытай мен Еуропалық одақтың тиімді стратегиялық әріптестігін көздейтіні айтылған. Алайда Орталық және Шығыс Еуропа елдері келісімнің түпкі мәнін дұрыс ұғынбаған тәрізді. Өйткені «16+1» процесіне мүше мемлекеттер Қытаймен ЕО ережелеріне сай әрекет етпейді. Есесіне, әр ел Бейжің билігімен жеке-дара екіжақты қарым-қатынас орнатуы тиіс. Нәтижесінде келіссөздер кезінде қарт құрлықтағы мемлекеттердің мүддесі емес, Аспан асты елінің дегені жүреді. Бұл өз кезегінде Қытай үшін өте қолайлы. Біріншіден, Бейжің Еуропалық одақтың қатал ережелеріне бағынбай-ақ, бірқатар мемлекетпен сауда-экономикалық байланысын нығайтады. Екіншіден, «16+1» процесіне қосылған елдер Қытай үшін Батысқа ашылған қақпа іспетті. Үшіншіден, Қытайдың Шығыс Еуропадағы саяси беделі арта түспек.
Қазірдің өзінде жоғарыда аталған мәселелердің алғышарттары қалыптасып үлгерді. Мәселен, Чехия президенті Милош Земан өз елін Қытай мен Еуропаны байланыстыратын әуе алаңы ретінде ұсынды. Сербия саясаткерлері қытайлықтарға ең үздік оқу орындарын ұсынуды қарастыруда. Сонымен қатар биыл Еуропалық одақтың өңірге дотация беруі аяқталған болатын. Осыған байланысты Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мәлімдеме жасап, ЕО қаржы беруін жалғастырмаса, Қытайға қарай бет бұратынын жеткізді.
Мұның бәрі Батыс Еуропа елдерін «16+1» процесіне қауіппен қарауына себеп болып отыр. Мүше мемлекеттер бұл ынтымақтастықтың экономикалық бағытта екені атап көрсетсе де, оның саяси астары бар екені бесенеден белгілі. Бейжің билігі Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен ынтымақтастығын нығайту арқылы ЕО-ның Қытайға қатысты қатаң шешім шығаруына жол бермеуге талпынады. Сонымен қатар шығыс блоктың мемлекеттері Аспан асты елімен әріптестігін ЕО-мен пікірталаста өз ұстанымын нықтауға пайдаланады. Оның үстіне, «16+1» процесін басқарушы ұйымның бас кеңсесі Бейжіңде орналасқан. Оны Қытайдың Сырты істер министрлігі басқарады.
Бұдан бөлек, «16+1» процесі арқылы Қытай халықаралық аренадағы жақтаушылар санын арттыра түсті. Былтыр Аспан асты еліндегі заңгерлердің азапқа тартылуы туралы Еуропалық одақ елдерінің ортақ келісімін Венгрия тарапы қабылдамай тастады. Сондай-ақ Грекия БҰҰ Адамзат құқығы кеңесінің Қытайды айыптауын ЕО мәлімдемесіне енгізуге қарсы болды. Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде де Венгрия мен Грекия Қытайдың сойылын соқты. Нәтижесінде дауға қатысты қабылданған қарарда Қытайдың аты аталған жоқ.
The Financial Times газеті Бейжің Шығыс Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынасын саяси мақсатта қолдануы мүмкін екенін айтады. Ригада өткен «16+1» саммитінде Қытай премьер-министрі Ли Кэцян қатысушыларды маңызды мәселелерді дұрыс шешіп, әлемдегі бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты қолдауға үндеген болатын. Басылымның пайымдауынша, Бейжің билігі осы арқылы Оңтүстік Қытай теңізі дауы секілді Аспан асты елі үшін маңызды геосаяси мәселелерде өздерін қолдауға шақырып отыр.
Қытай мен Шығыс Еуропа арасындағы қарым-қатынастың бұлай өрбуі кейбір саясаткерлердің шарт кетуіне себеп болды. Мәселен, былтыр Германияның сыртқы істер министрі Габриэль Зигмар Қытайдың «Бір Еуропа» ұстанымын бұзбау қажеттігін талап етті. Сондай-ақ ол Еуропалық одақтың бұған дейін Қытайдың ұстанымын қолдап келгенін, Қытай «16+1» үдерісін жалғастыра беретін болса, Тайваньмен жеке мемлекет ретінде дипломатиялық қарым-қатынас орнататынын ескертіп өтті. Г.Зигмардың бұл сөзі Бейжің билігіне ұнамайтыны сөзсіз. Осы орайда Қытай сыртқы істер министрлігі өкілі Тайвань мәселесі мен Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен қарым-қатынас екі бөлек екенін айтты. Германия канцлері Ангела Меркель де «16+1» процесіне қатысушы мемлекеттерге Еуропалық одақтың сыртқы саясаты ортақ екенін ескертті.
Әйтсе де, Қытай Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне инвестиция құятыны жөнінде үйіп-төгіп уәде берсе де, оны орындауға асықпайтын сыңайлы. Деректерге сүйенсек, өңірдегі Қытай инвестициясының көлемі айтарлықтай көп емес. Мәселен, Си Цзиньпин 2016 жылғы сапарында бір жыл ішінде 3 миллиард доллар еуродан астам инвестиция әкелетінін мәлімдеген болатын. Алайда аталған сома айтылған күйінде қалды. Бұдан бөлек уәде етілген бірқатар инвестиция Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің қоржынына түскен жоқ. Politico.eu сайтының пайымдауынша, Бейжің билігінің басты мақсаты – экономиканы саясаттандыру. Ендеше, экономикалық әріптестікті желеу еткен Қытай Еуропадағы ықпалын күшейте түсті деп айтуға толық негіз бар.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»