Еліміздегі ең үлкен қаланың бірі десек те, Қарағанды шаһары өзіне лайық көлемдегі концерт залына зәру еді.
Ауқымды шаралар мен қала қонақтарының концерттері әмбебап шаңыраққа айналған Кеншілер мәдениет сарайында, цирк аренасында, тіпті стадионның ашық алаңында өткізіледі. Енді, міне, осы мәселені шешудің де реті келген сыңайлы. Жаңа концерт залын тұрғызуға Қарағандының беделді саналатын Оңтүстік-шығыс ауданынан ауқымды жер бөлініп, біраз уақыт бұрын ғимарат жобасына байқау жарияланған болатын. Осы сында қарағандылық жас сәулетші Ернар Нұрмұқановтың жобасы үздік деп танылды.
– Алғашқыда концерт залы ғимараты дала тасының пішінінде болса деп ойлағам, – дейді Ернар. – Ұлттық болмысымызға жақын дүние ғой. Алайда ол қаланың жалпы көрінісімен үйлесе қоймас деген пайымға келіп, ғимарат классикалық үлгіде болуы тиіс деп шештім.
Төрт қабатты жаңа концерт залының жобасы көне грек Парфенонын еске салады: ғимарат төрт жағынан да колонналармен әсемделеді. Ғимараттың үлкен залына бір мезгілде 1 250 көрермен, ал дайындық залына 400 адам сыяды. Байқау шартына сәйкес, болашақ ғимараттың алдында күн жылыда түрлі шаралар өткізуге болатын үлкен алаң болады.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге тапсырма берді.
– Құрылыс жұмыстарын бастауға қажетті құжаттар мен сараптамалық шараларды реттеп, қаржыландыру көздері келісілген соң, күз айларында іске кірісуге болады, – дейді аталған облыстық басқарма басшысының міндетін атқарушы Тайхан Қалмаханов.
Жалпы, жаңа концерт залы жобаларының байқауына түрлі стильдегі он бір жұмыс қатысқан болатын. Солардың әрқайсысы өзіндік сәулетімен ерекшеленеді. Дегенмен солардың ішінде жас дарынның аты озды. Әзірге үстел үстінде тұрған жоба енді бірер жылдың ішінде еңселі ғимаратқа айналып, халықтың игілігіне қызмет етеріне сенім мол.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ