Орал қаласындағы №20 мектептің 4 сыныбында оқитын Нұрәлі Өтеғалиев Францияда өткен IV халықаралық арт-фестиваль – «Young cannes stars» («Канның жас жұлдыздары») атты ән байқауында 1-орынды жеңіп алды.
Мектептен тыс жұмыстар орталығында Светлана Гончарова мен Ақмарал Ахметовадан актерлік шеберлік және вокал жанры бойынша сабақ алып жүрген Нұрәлі 6 жасынан бастап үлкен сахналарға шыға бастапты. Өткен жылы Ресейдің Қазан қаласындағы ән байқауында – 2-орын, Пицунда қаласындағы ән додасында – 1-орын алса, Астанада өткен «Ақ көгершін» байқауының да 1-орын иегері атанған.
– Канндағы бәсеке өте тартысты өтті, – дейді жас әншінің нағашы әжесі, түрлі жарыстарға апарып, жанында жүретін Гүлшат Жандәулетова.
7-9 жас аралығында өнер көрсеткен балғын өнерпаздар арасында Нұрәлі Қазақстанның намысын жалғыз өзі қорғаған. Қазылар алқасының төрағасы, француз композиторы Патрик Неббула қазақстандық әншінің өте жақсы дайындықпен келгенін, сахналық костюмі және репертуары өнерпаздың жасына сай болғанын баса айтыпты. «Нұрәлінің бойында үлкен талант бар. Жалғыз өтінішім – Нұрәлі ән айтуын тастап кетпесе екен» депті Канн консерваториясында ұстаздық ететін Патрик Неббула.
Нұрәлі халықаралық ән байқауының финалында оралдық қаламгер Мира Шүйіншәлиеваның сөзіне жазылған сазгер Әділбек Сүлейменовтің «Қазақстан жас ұланы» атты әнін шырқаған. Нұрәлінің ата-анасы Арыстан мен Мәрия да әскери қызметкер болғандықтан шығар, жас әнші де марш стиліндегі рухты шығарманы жан-тәнімен орындаса керек.
Нұрәлі Өтеғалиев енді Санк-Петербург қаласында 2018 жылы 3 қазанда өтетін супер-финалға шақырту алып отыр. Франциядағы байқаудан кейін жас әншіні түрлі байқауларға шақырта бастапты. Солардың бірі – алдағы 21-23 маусымда Брест қаласында өтетін ән фестивалі.
– Біз Францияға өз қаржымызбен барып келдік. Осы байқауға қатысқан өзге өнерпаздардың жанында ұстаздары, ата-анасы, тіпті психологы бар жанкүйер топ жүргенін көріп, қатты қызықтым. Мұндай қамқорлық, қолдау болса, біздің жастарымыз талай биікті бағындыратыны анық қой, – дейді Нұрәлінің нағашы әжесі Гүлшат Жандәулетова.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ