• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Мамыр, 2018

Бір суреттің сыры: Ана мен бала

649 рет
көрсетілді

Қарт абыздай қуат күші сарқылған шағыңда қасыңда әзиз анаң жадырап отырса бақыт деген сол емес пе! Осындай жандардың бірегейі – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шәлкөде ауылының тұрғындары жасы 113-ке келген Тұрақан әжей мен тоқсанға таяған баласы Дәметхан қария деп ойлаймыз. 

Жалғанның жайлы төрінде тұрақтап қалған ешкім жоқ. Де­се де ұл-қызының шаттығына бө­леніп, немересін жетектеп, шө­бе­ресіне елпектеп ұрпағының қы­зық қуанышын ұзағынан көруді кім қаламасын. Хал­қымыз көп жа­саған жанды «сү­йегі асыл екен», «жаратқанның на­зары түс­кен пен­десі екен» деп жатады. Ке­йін­гіге ұлағатын айтып, әдемі қар­таю әрбір адам баласының арманы.

Жапырағын кеңге жайған мә­уелі бәйтеректей абыз ана өзін дү­ниедегі ең бақытты жан деп есеп­­тейді. Мына суретте әжейдің қа­сында отырған тұла бойы тұң­ғышы Дәметхан қария. Бы­лай­ғы жұртқа ақ сақалды абыздай бол­ғанымен, Тұрақан әже үшін әлі күнге бала. Жасы тоқсанға таяған ол көңілдің кейбір сәттерінде анасын мауқын баса құшақтап, еркелеп алатын көрінеді. Шешелі-балалы қарияларға сүйсіне қарап отырып «Анасы бар адамдар, еш­қашан қар­тай­майды» деген ән жолдары дәп осы Дәметхан қа­рияға арналып ай-т­ыл­­­ған ба дерсің.

Он алты құрсақ көтерген батыр ана тағдыр жолында бар мен жоқты тел емді. Қатал тұрмыстың қақаған аязын да, арайлы күндердің шаттық пен шуағын да көрді. Отбасы жағдайына байланысты оқи алмаған ол заманында жылқы мен қой бағыпты. Наубайханада нан пісіріп, тылда тынымсыз еңбек етіпті. Қиын күндердің бәрі де көрген түстей артта қалды деген әже сексенге тарта немере-шө­беренің ортасында отырғанда рахатты жан-тәнімен сезініп, кө­зіне қуаныштан жас алатынын айтады. Немере мен шөберелердің той-думандарында төрде отырып тілегін жеткізетін Тұрақан әже­ні тұтас ауыл құрметтейді. Алыстан кел­ген қонақтар алдына арнайы келіп ырымдап батасын алатын көрінеді. Аман­даса барғанымызда «Жеңіс мерекесінің қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшім­баевтың өзі құттықтау хатын жіберіпті, міне­ки» деп ағынан жарылып қуанып отыр. Әжеймен әңгімелесіп отырып шынында да сүйегі асыл жан ғой деп таңырқайсың. Ұзақ ғұмыр берген Құдай Тағала кейуананы тілден де жаңылдырмаған. Өткен күндерінің естелігін шежіредей шертеді. 

Адамды адам қылатын маңдай тер мен адал еңбек. Қандай қиын­дық келсе де уайымға берілмеу керек. Өмір­дің қуанышын да қиын­шылығын да елмен бірге көрдік. Әйтеуір, өлген жоқ­­пыз. Көптің тілеуі жақсы болады. Ын­т­ымақ бар жерде, ырыс бар. Біз көр­­ген қиыншылықтарды ұрпағымыз көр­­месе екен. Зама­ның бейбіт болса – жұ­­мақ деген сол. Халқымыз, елі­міз аман болсын» – дейді Тұра­қан Әбдібаева.

Көп жасаған кісіні көрсек мұның бір құпиясы бар шығар, сұрап білейік деп ынтамыз ауып тұра­тыны анық. Осы дәстүр­ден жа­ңылмай әжейден көп жасауы­ңыздың сыры неде деп сұраға­нымызда: «жайлы адамның аузында әдемі әзілі болады, көңілді жү­рің­дер және еңбек етіңдер» дегенді естідік. 

Өзің бір ауыл-елдің ақсақалы болып отырғаныңда жаныңда ақыл­гөй анаң болғаны қандай жарасымды.

Ана мен бала... Бақыт деген осы шығар.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген 

Расул СӘЛІМҰЛЫ