Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде обком ғимараттарының алдында қолын көкке сермеп тұрған, пролетариат көсемі В.И.Лениннің ескерткіші орталықтардан шеткері, адам аяғы аз қалтарыстау қала тұстарына көшірілді. Сол кезде Лениннің тас тұғыры Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі филармония ғимаратының артынан орын теуіпті. Осы жерде оның серіктерінің бірі, алдымен қызыл террордың үгітін жүргізген, содан кейін іле-шала қанды қырғынның өзін ұйымдастырған Михаил Фрунзенің ескерткіші де орнықты. Содан бергі аралықтағы отыз жылға жуық уақыт бойы коммунистік идеяны көксеушілер бұл жерге келіп, «күн көсемнің» туған күнінде гүл шоқтарын қояды екен. Мұны неге айтып отырмыз. Гәп төмендегіше.
–В.И.Ленин мен М.В.Фрунзенің 1991 жылдан бергі мекенжайындағы алаңқай таяуда гүріл мен дүрілге толды да кетті. Менің тұрған үйім филармония артында дәл осы тұста орналасқан еді. Қолдарына күрек пен қайла ұстап, жерді қопаруға кірісіп кеткендерден: не істегелі жүрсіңдер деп сұрап едім, олар маған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тұрғызамыз деген жауап қайтарды. Бұл қалтарыс – арыстарға лайықты орын емес. «Егеменге» соны айтуды өзімнің азаматтық парызым деп санаймын, – дейді тілшілер қосынына арнайы келген Ақтөбе қаласының тұрғыны Ерлан Сәулебаев.
Арыстарға арналған ескерткіш тұрғызылатын орынның дәл осы В.И.Ленин мен М.В.Фрунзе ескерткіштерінің күресінге тасталған қалтарысынан таңдалғаны – халық есімдерін қастер тұтатын саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылатын бедерлі белгі үшін елеусіз қуыстан жер бөлінгені қабырғама қара тастай батады. Сонда алып құрылыс алаңына айналған облыс орталығында бұдан басқа лайықты орын табылмағаны ма деп қынжылады ол. Оның ойынша арыстар рухына арналған ескерткіш мұндай қуыста емес, қаладағы халық көп баратын саябақтар мен алаңдардың қасынан немесе «Батыс-1», «Батыс-2» және «Батыс-3» деп аталатын жаңа тұрғын үйлер мен мәдени әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатқан аудандардан ашылса құба-құп. Міне, «Егеменге» ел ішінен келген тұрғынның жанын мазалаған осы жәйт болып шықты.
Әлбетте оқырман тілегін аяқсыз қалдыруға ешқандай моральдық құқымыз жоқ. Сондықтан мәселенің мәнісін анықтап алмақ оймен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа хабарласқанды жөн көрдік. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары рухына арналып тұрғызылатын ескерткішке қалтарыстан жер бөлініпті, бұған не дейсіз дедік біз қала басшысына.
Жасыратын ештеңесі жоқ, ол бұл мәселеден ат-тонын ала қашқандай түр танытты. Бұған араласымыз жоқ, Мәдениет басқармасына хабарласыңыз деп жауап қайтарды І.Сапарбекұлы. Сонымен Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қорғанбаеваның кабинетінің есігін қағуға тура келді.
– Белгілі бір құрылыс нысанын тұрғызу үшін жер алу немесе жер беру өкілеттігімізге кірмейді. Бұл қала әкімдігінің құзырындағы іс. Рас, облыста ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылатын ескерткіштің эскиздерін таңдау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның мүшелері соның арасынан бір эскизді лайықты деп тауып, соған сәйкес қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Таяу күндерде мұндағы В.И.Ленин мен М.В.Фрунзенің ескерткіштері алынып, «Тарих» саябағына қойылады, – деді газет тілшісіне Маржан Нағашыбекқызы.
Жергілікті мәдениет ведомствосы жетекшісінің мәлімдеуіне қарағанда, ескерткіштер тұрғызу, әрі оған рұқсат беру жөніндегі мемлекеттік комиссия облыстық комиссия мүшелері ұсынған нұсқаны мақұлдапты. Ал осынау қастерлі де, киелі жобаның қалтарыста, қаланың ескі бөлігінде қолға алынғаны қалай деп қойылған сауалға ол: қалтарыс деуге болмас, өйткені бұл шағын саябақ облыс орталығындағы үлкен көшелердің бірі – Есет батырға таяу орналасқан. Екіншіден, бұл алаңқай белгіленген жобаға сай бұрынғы көлеммен салыстырғанда біраз кеңейтілмек деп жауап қайтарды.
Арыстарға арналып тұрғызылатын ескерткіштің түбінде тұратын азамат бұл айтылғандарға қанағаттана ма, жоқ па ол арасы әзірге белгісіз, әйтсе де ескерткіш жөніндегі мәселенің қазіргі мән-жайы осындай екенін оның назарына бергенді жөн көреміз. Сондай-ақ көтеріліп отырған мәселеге қатысты алғанда Ерлан Сәулебаевтың қозғаған мәселесі өте орынды деп білеміз. Өйткені алаш арыстары мен тәуелсіздік – егіз ұғымдар. Ал ашаршылық құрбандарын айтар болсақ – бұл тоталитарлық машинаның қолдан жасаған қырғыны. Бұл отандық тарихымыздың қайғылы да қастерлі беттерінің бірі. Оның қай-қайсын да қастер тұту, есімдерін еске алу, бүгінгі зерделі ұрпақтың басты парызының бірі болып қала бермек.
Осы орайда газетіміздің Ақтөбе қаласындағы тілші қосынына арнайы келіп, биік ұлттық зерде мен парасат және ұлттық намыс тұрғысынан өз ойын бөліскен қала тұрғыны –еліміздің отаншыл азаматының бірі екенін таныта білді деген ойға табан тірегіміз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ