• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2018

Жамбылда «Беу, қыз­дар-ай!» комедиясы сахналанды

1407 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» туындысы қазақ комедияларының ішінде классикалық деңгейге жеткен спектакль. Әкемтеатр әртістерінің көпшілігінің бұл қойылымнан соң жұлдызы жанып, шабытының шарықтағаны да белгілі. Әдемі әзілмен өріліп, жастар арасындағы махаббатты бейнелейтін комедияның көркемдігі мен шынайылығы күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.

Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Беу, қыз­дар-ай!» комедиясының тұсаукесері болды. Әуелден әдемі әзілмен басталып, әсем әнмен әдіптелген спектакль ақын жігіт Әубәкір (Мәмбет Қожалиев), суретші жігіт Сұл­тан (Жандар Қырықбаев) және магистрант жігіт Хасеннің (Абзал Дәулетбақов) өзара әңгі­меле­суімен басталады. Өнерлі үш жігіт те өмірлік жар іздеген жандар. Бірі ақындық, бірі сурет­шілік, енді бірі ғылым жолына түскен жігіттердің өмірін өзгертіп, көңілін көркем күйге бө­леген Айсұлу есімді бейтаныс қыз. «Көктөбе» колхозында сауын­шы болып еңбек ететін Ай­сұ­лудың суреті газетке басылады. Әдемі қыздың суретін көр­ген бойда есі кеткен үш жігіт бір-біріне айтпай Алматыдан Айсұ­лу­ды іздеп «Көктөбеге» келеді. 

Әрине арман асқақ, үміт зор. Үш жігіттің де аңсағаны − айдай сұлу Айсұлу. Ауылдағы сауыншы Айсұлу (Альмира Ділдә), Күнсұлу (Жадыра Құл­таева), Жансұлу (Индира Мұста­фаева) және Нұрсұлу (Ризат Қы­лыш­баева) бейнелері де тартымды шыққан. Бірақ қаладан келген үш жігітті байқаған ауылдағы шаруашылық бастығы (Әбу Шоңбаев) пен полиция қызметкері (Анар Алтыбаева) бір қулық қол­данып, оларды Айсұлумен емес, Күн­сұлу, Жан­сұлу, Нұрсұлу­лармен таныс­тырады. Әрине  олар да «бұй­рық» бойынша жігітт­ермен Айсұлу болып танысады. Ақы­ры Айсұлу атына иланған үш жігіт үш сауыншы қызбен көңіл жарас­тырады. Ал Айсұлу өзі­нің сүйген жігіті Серкемен (Бексұлтан Әлекешов) тағдыр қосады.

«Беу, қыздар-ай!» комедия­сы өткен ғасырда жазылған шығарма. Алайда бұл қойылым­ның ерекшелігі – мұнда бүгінгі заманның басты оқиғаларының орын алуы. Қойылымның қою­шы-режиссері Рүстем Жана­манов­тың шығармашылық ше­ші­мі негізінде оқиға барысында бүгінде елімізде бас­тау алған «Дипломмен − ауыл­ға!» бағ­дарламасы көрініс береді. Сондай-ақ режиссердің ше­шімі мен актерлердің ше­бер­лігі үндесіп, бүгінде жұмыс­басты­лықпен тұрмыс құрмай жүрген қыздардың жайын да әдемі әрі астарлы әзілмен айшық­тайды. Ал комедияның суретшісі – Жам­был облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Рахат Сапаралиеваның еңбегі сахнаның өн бойынан көрініп тұрды. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы