Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында елордалық өнер қайраткерлерінің үлкен тобы Орал қаласына жетті. Бүгін, 17 мамырда Батыс Қазақстан облысының орталығында Астананың мәдениет күндері басталды.
Бүгін кешке Орал қаласында екі үлкен концерт қатар өтпек. Оның біріншісі – «Астанадан ақ тілек» концертінде Астана Мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымдары – «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, эстрадалық би, «Шалқыма» би ансамбльдері, сондай-ақ классикалық және эстрадалық вокал солистері өнер көрсетсе, екінші «Ұлы дала әуендері» атты концертте Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Орал қаласының тұрғындарына керемет кеш сыйлайды. Бұл бағдарлама аясында Шуберттің, Гайднның, Бродиннің, Жұбановтың, Жайымовтың, Тәттімбет пен Құрманғазының шығармалары орындалады.
18 мамыр күні «Нұр Отан» партиясы ғимаратында өтетін «Елордадан елге сәлем» гала-концертіне елордалық филармония ұжымдары қатысады. Сахна төрінде Ринат Малцагов, Клара Төленбаева сынды эстрада жұлдыздары, «Арт-Домбыра» триосы өз өнерін ортаға салады.
19 мамырда осы залда Көркем Шолошова өзінің «Қыз қиялы» атты жеке би бағдарламасын музыкалық тарту ретінде оралдықтар назарына ұсынады. Үш күннің ішінде А.Н.Островский атындағы Орал драма театрының сахнасында М.Горький атындағы МАОДТ артистері өз қойылымдарын көрсетеді. «Репертуар ересектерді де, балаларды да қуантады» дейді ұйымдастырушылар.
Астананың мәдениет күндері өтетін үш күн бойы Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының фойесінде «Ақ тілекпен, Астана» атты бейнелеу өнері көрмесі жұмыс істейді. Экспозицияға отандық суретшілердің 100-ден аса туындысы қойылған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан