«Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы:зерттеу,түсіндіру және мәселері» тақырыбында өткен дәстүрлі «Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы табыспен аяқталды. Бұл шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология,этнология және музеология кафедрасы, Мемлекеттік Орталық музейі мен «Таңбалы»тарихи-мәдени қорық музейі бірлесіп ұйымдастырды.
Белгілі археолог, тарихшы Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев өзінің елу жылға жуық ғылыми шығармашылығында еліміздің Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік өңірлерінде қола дәуірінің көптеген қорымдары мен ірі жеті қонысында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми жұмыстарының басым бөлігі қола дәуіріне арналған ғалымның өмірден мансұқ еткен мақсаты да, бақыты да тарихтың осы кезеңдерімен тікелей қатысты болды. Бұл да ғалымның басты мұраты саналатын жетістігі, өз мамандығына деген шын сүйіспеншілігі бола алады.
Танымал тарихшы Әбдіманап Медеуұлының өз мамандығына шын берілгендігін және қола дәуірін зерттеуді жанына жақын көргендігін жеке мұрағатында сақтаулы төмендегі қолжазбаларынан да көре аламыз: «Археологиялық қазба жұмыстары қазіргі археологиялық ғылымның талаптарына сай жоғары ғылыми деңгейде жүргізіліп жатыр. Мұны мен археолог жұмысындағы басты талап деп есептеймін. Дұрыс қазып ашылған мен ғылыми тұрғыдан дұрыс белгіленген материалдар жариялануға мен кез-келген мамандардың ғылыми айналымына енгізуге де болады. Сондай деректер қазба жұмыстарын жүргізген адамға мен ғылыми еңбекті жазатын адамға да дереккөздер ретінде пайдалы болады. Соның бәрі де маманның (археологтың) біліктілігі болып есептеледі. Егер археологиялық қазба жұмыстарын маман емес жүргізсе, онда көптеген материалдар мен теңдесі жоқ ескерткіштер жойылып кете алады. Сондықтан мен жоспарлы қазба жұмыстарын жүргізгенде, «Қола дәуірінде бүкіл Қазақстан» атты көлемді тақырып бойынша зерттеулер жүргіздім» «Эпоха бронзы всего Казахстана» [Оразбаев Ә.М., Алматы қалалық Мемлекеттік Орталық мұрағаты. Ә.М. Оразбаевтың жеке қоры. № 282 қор, № 14 іс, 1-3 бб].
Қай адамның болсын мамандығындағы мәңгілікке мұрат етіп алар ісіндегі түйінді сәті жас шағынан басталары анық. Ол қазба жұмыстарын қазу әдістерін толықтай сақтап, өте таза қазуды ұстазы М. П. Грязновтан қабылдап, шәкірттеріне көп жылғы тәжірибесі негізінде толықтырып беріп келді. Әбдіманап Медеуұлын көзі көрген шәкірттері қазба жұмыстарында сурет салу, фото суретке түсіру кезінде өте қатал болатынын, тіпті бір тасты қозғап алмауды қадағалайтынын еске алады [Төлеубаев Ә.Т., 1998]. Ғалымның Қазақстан жерін мекендеген қола дәуірі адамдары мен олардың заңды ұрпақтары ежелгі көшпелілер тарихына үлкен үлес қосқан тұлға ретінде қарағанымызбен, алайда ұстазымыздың археологиялық зерттеулерінің әлі де байыбына толықтай жетіп аңдамаған тұстарымыз баршылық. Өмірінің соңғы жылдары археологиялық экспедицияда жүргенде қола дәуірінің жерлеу орындарындағы кездесетін тас жәшіктер мен ерте темір дәуіріне жататын құлажорғалықтардың қабірлеріндегі тас жәшіктер арасында мәдени сабақтастық, генетикалық жалғастық барын үнемі айтып отыратын.
Ұстазымыздың тағы бір ерекше қасиеттерінің бірі — ерте темір дәуірінің қорғандарын қазып жатсақ та, міндетті түрде сол маңнан өзіне алабөтен жақын қола дәуірі ескерткіштерін тауып, зерттегенде ғана көңілі тыныштанатын [Омаров Ғ.Қ., 2010]. Әбдіманап Медеуұлы зерттеулерінің негізгі бағытына айналған қола дәуірін қоғамда болған ірі өзгерістер мен шаруашылық және мәдени секірістер кезеңі деп ерекшелеуге болады. Тарихи кезеңдер ішінде б. з. д. екінші мыңжылдықтағы қола дәуірі тайпаларының ең бір тіршілік етудегі қолайлы ортасына айналған Еуразия кеңістігінің, соның ішінде Қазақстан далаларының маңызды өлке болғандығы археологиялық зерттеулер бойынша бізге таныс. Кең жазықты, қыратты, далалы болып келетін Қазақстан жерінде металл өндірісінің дамуына әсерін тигізген көп кен орындарының__болуының өзі қола дәуірі қоғамының басты сипаттарының бірі болды. Сонымен бірге қола дәуірінің негізгі шаруашылықтарының бірі отырықшы бақташылық пен суармалы егіншіліктің дамуы қола дәуірі тайпаларының тіршілігіне қарқын берді. Табиғи қолайлы ортада ұдайы даму үстінде болған қола дәуірінің көне тұрғындары б. з. д. бірінші мыңжылдықтың басына қарай мал санының өсуіне байланысты және металл өндірісінің дамуы дәрежесінде және Батыс Сібір, Орта Азия сияқты аймақтармен саяси, экономикалық байланыстар орнату арқасында ірі тайпа бірлестіктері одағына айналды. Бұған дәлел ретінде соңғы қола дәуірінің Беғазы-Дәндібай сияқты жерлеу тас мазарлары мен бірге Алат І, ІІ, ІІІ ескерткіштері және Кент қонысының археологиялық деректерін келтіруге болады [Варфоломеев В. В., 2003]. Алғашқы қоғам тарихының соңғы белесі саналатын тарихымыздың үлкен бір кезеңін алып жатқан қола дәуірі өзінің хронологиялық уақытымен бірге, ғылыми тұрғыдан зерттелу деңгейі жағынан да бір ғасырдан асатын тарихнамасы бар. Қола дәуірі басқа тарихи кезеңдерге қарағанда көбірек зерттелгенімен, аталмыш дәуірдегі тарихи проблемалардың көпшілігі шешіле қойған жоқ. Неғұрлым қола дәуіріне тән ескерткіштер көбірек зерттелген сайын, бұл тарихи мәдени кезеңге қатысты сан алуан мәселелер легі де ұлғая бастайтыны тарихи шындық болып отыр. Мұның өзі бір шетінен отандық археология ғылымының дамуын да көрсетеді [Құрманқұлов Ж.Қ., Байғонақов Д. С., 2008].
Қазақстан жерінің қола дәуірі терең зерттелген аймақтар саналатын Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлеріндегі Ә.Х. Марғұлан бастаған ғалымдарымыздың мақсатты түрде жүргізілген зерттеулері үлкен маңызға ие. Сол зерттеулердің бастамасы ретінде қола дәуіріне өз кезеңдемелерін жасаған қазақ археологиясының алғашқы қарлығаштары К. А. Ақышев (1953), Ә.М. Оразбаевтар (1958) еді. Қазақстан жеріндегі кезеңдеме ісін К. А. Ақышев, Ә.М. Оразбаевтар тарапынан жасалған үлгілері сол уақыттағы ғылыми айналымда үстемдік құрған К. В. Сальниковтың кезеңдемесі негізінде жасалды дегенмен де, өзіндік ұстанған бағыты, бағдары бар еді. Олар үш кезеңнен тұратындығы мен атауларының біркелкілігін сақтағанмен жергілікті мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін және ұқсастығының ара-жігін ажырата отырып, өз кезеңдемелерін ұсынды.
Конференция кезінде «Таңбалы»мемлекеттік қорық-музейінде далалық семинарға жалғасты.Ғалымның атқарған ерен еңбектері айтылды. Археологтың қазба жұмыстары әңгіме арқауына айналды.Биылғы жылы дәстүрге айналып, қатарынан оныншы рет әріптестерінің, шәкірттерінің күшімен өтіп отырған «Оразбаев оқулары» тағылымды әңгімелерге ұласты.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ