Кеше елордада ХІ Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» атты халықаралық форумның пленарлық отырысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Үш күнге созылатын форумның пленарлық отырысы ЭКСПО-2017 көрме кешенінің базасындағы Конгресс-орталықта өтуде. Алқалы жиынға Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге әйгілі сарапшылар, саясаттанушылар, дүние жүзінің бизнес элитасы қатысуда. Пленарлық отырыста мәртебелі меймандар әрі спикерлердің санатында болған Халықаралық Олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші бас хатшысы Пан Ги Мун, Apple компаниясының негізін қалауға қатысқан тұлғалардың бірі, әйгілі меценат Стив Возняк, физик, футурист және ғылымды дәріптеуші Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы, британдық қаржыгер, экономист, философ Джим О`Нил, Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, «Яндекс» компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі басшысы Аркадий Волож және басқалар пленарлық отырыста сөз сөйлеп, форум тақырыбына қатысты ойларын ортаға салды.
Ғаламшар халқын азықпен қамту оңайға соқпайдыМемлекет басшысы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті. – Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Осы орайда осында келген қонақтарымызға, жалпы біздің азаматтарға зор алғыс білдіремін. 11-ші рет форум әлемдік экономиканың инвестициялары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңына айналып отыр. Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәсі болдық. Жаңа қайшылықтар, текетірестер пайда болуда, мемлекеттер арасында өзара келісімге келу қиындап барады. Әсіресе үлкен мемлекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсыластықтың ұстанымын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең, – деген Н.Назарбаев осы тектес қиындықтарға қатысты мәселелерді әділ және объективті түрде талқылау мүмкіндігі адамзат үшін өте маңызды екенін атап көрсетті.
– Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады. Сәйкесінше, форумда осы салалардағы білікті мамандар жиналып отыр. Олардың сөзін тыңдау, ұсыныстарын пайдалану біз үшін қашанда маңызды, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы атап көрсеткендей, бүгінде адамдардың ұзақ өмір сүруі, халық санының қарқынды көбеюі әлемдік экономиканың маңызды факторына айналып отыр.
– Ғаламшар тұрғындары саны жылдам өсіп келеді. Соңғы онжылдықтағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері адам өмірінің орташа ұзақтығын айтарлықтай ұлғайта түсті. Соңғы 70 жылда ол 23 жылға, яғни 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш тек тәуелсіздік жылдарының ішінде ғана 65 жастан 72,5 жасқа жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының сөзінде айтылғандай, қарқынды демографиялық өзгерістерге байланысты туындаған мәселелер тиісінше күрделі шешімдердің қабылдануын талап етеді. Үстіміздегі ғасыр ортасына қарай жер шарын мекендейтін 10 млрд халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қазіргі деңгейден 60 пайызға көп азық-түлік өндіруге тура келмек. Ал ғаламшардағы базалық ресурстардың шектеулі екендігін, әсіресе таза су тапшылығының жыл санап артып бара жатқанын ескерсек, бұл оңай міндет емес. Бұл проблеманы еңсеру үшін ауыл шаруашылығы секторын экономиканың ең озық технологиялық саласына айналдыру керек. Сол себепті бүгінде Қазақстан заманауи технологияларды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімді 2 есеге арттыру міндетін алға қойып отыр.
– Тағы бір сын-тегеурін – адамдардың қартаюына байланысты зейнетақы жүйесін, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін түбегейлі қайта құру қажеттігінде. Бұл аталғандар демографиялық шындыққа сай болуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Криптовалюталар феномені келе жатырGlobal Challenges Summit 2018 форумында Елбасы жаһандық еңбек нарығының өзгеруі әлемдік өзгерістерге ықпал еткен бес негізгі үрдістің бірі деп атады. Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің көп болуы маңызды екеніне тоқталды.
– Таяу болашақта әдеттегі еңбек күшінің 80 пайызын роботтандырылған жүйелер алмастыратын болады. Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің болуы маңыздырақ. Дамушы елдердегі өндіріс орындары да дамыған елдерге кері қайтарылып жатыр. Мұның барлығы ұлттық экономикалар мен әлеуметтік жүйелер үшін үлкен сынақ. Бұл мәселенің басты шешімі – білім беру жүйесін реформалау. Білім беру ісінде креативті ойлау, қажетті ақпаратты таба білу, оны ұтымды пайдалану машықтарын үйретуге көшу керек. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде. Біз бұл сынаққа дайындалдық және әлі де дайындық үстіндеміз, – деді Елбасы.
Осы жиында айтылғандай, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі күрделі кезеңде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша еліміздің жастарына әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туғызған «Болашақ» бағдарламасы өмірге келді. Соның арқасында ширек ғасыр ішінде 13 мыңнан астам адам мемлекет есебінен дүние жүзінің үздік жоғары оқу орындарында білім алды. Бүгінгі таңда 70 мың стипендиат шетелде оқып жатыр.
– Сонымен қатар білім сапасы әлемдік деңгейдегі өз университеттерімізді де аштық. Олардың қатарында Назарбаев университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институты, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар. Аталған оқу орындарында біліктілігі жоғары мамандар әзірленуде. Мемлекет грант санын көбейтуге, студенттердің өмір сүру деңгейін жақсартуға күш салуда. Өткен жылы жастарға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасын іске қостық, осы бағдарлама бойынша жастар алғашқы мамандығын алады, жұмысқа орналасады, әрі қарай өз өмірін жоспарлайды, – деді Елбасы.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, "Егемен Қазақстан"
Сапалы, бәсекеге қабілетті адами капиталды қалыптастыру үшін еліміздің орта мектептеріндегі білім беру жүйесіне де реформалар жасалуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда халықаралық аттестациядан өткен 20 зияткерлік мектеп бар, қалған мектептерді де болашақта осы деңгейге жеткізу үшін жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан Президенті бүгінгі таңда цифрландырудың адамзат өмірінің барлық аспектілерінің бірінші мегатренді болып отырғанына тоқталды. – Көз алдымызда экономиканың жаңа моделі қарқынды түрде құрылуда. Бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның барлық салалары цифрландырылуға бет алды. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы базалық факторларды өзгертеді. Қазір өндірісті қадағалайтын әрі жақсарта алатын, өзін-өзі жетілдіретін электронды жүйелер үйреншікті құбылысқа айналып келеді. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады, – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Елбасы атап өткендей, болашақта криптовалюталар феномені мен блокчейн технологиялары банктерді қамтып, қаржы нарығына түбегейлі өзгеріс әкеледі. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы он жыл ішінде әлемдегі 500 ірі компанияның 200-і жойылып кетеді.
Экономиканың жаңа цифрлы моделінің нәтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты. 2016 жылғы тізімде киберқылмыс тек бесінші орында тұрған болатын. Әрине осы және өзге де факторлар көптеген елдер үшін цифрлы провинцияда қалып қоймау үшін жасалған ескертудей болды. Бұл бағытта елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру Қазақстанда цифрлы инфрақұрылымның дамуына жол ашатын болады.
– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлы инфрақұрылымның және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлы сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мегаполистер дәурені орнайдыХХІ ғасыр ортасында дүние жүзінде мегаполистердің дәуірі туып, олардың арасында бәсекелестік орнайды. Осындай ой айтқан Н.Назарбаев агломерацияны дамыту стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай ірі қалаларда тұратын халықтың саны 7 млрд адамға жетеді. Бұған қоса, агломерацияларға халықтың көптеп шоғырлануы орын алады. Осылайша, мегаполистер дәуірі туады, олардың арасында өзара бәсекелестік болады. Инвестиция, үздік ақыл-ой, технологиялар үшін күрес жүріп, оған қол жеткізу үшін барлық жағдай жасалады. Экономика үшін идея мен білімнің маңыздылығы одан әрі арта түседі, – деді Қазақстан Президенті.
Осы ретте Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын қолға алып отыр. Бұрын миллион тұрғыны бар қала жалғыз Алматы шаһары болса, қазір Астана мен Шымкент осы қатарға қосылды. Бұл процесс одан әрі жалғаса беретін болады. Яғни елордамыз Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу бекер қолға алынып отырған жоқ деуге болады.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдағы жаһандық трендтердің бірі ретінде энергетикалық революцияны, әлемнің таза энергияға бет бұрғанын атап көрсетті.
Энергетикалық революция, әлемнің таза энергияға бет бұрғаны – жаһандық тренд. Соңғы 30 жылдың өзінде жыл сайын балама энергия көздерінен алынатын жаңғырмалы энергия көлемі 13 есеге артты. 5 жыл ішінде күн панельдері арқылы энергия алу құны 2 есеге жуық арзандады.
лектромобильдерге деген бетбұрыс байқалуда. Сарапшылардың айтуына қарағанда, егер автопаркті электрокарлар алмастыратын болса, бұл жер бетіндегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді, деген Мемлекет басшысы әлем елдерінің экономикасының дамуындағы басты орынға цифрлы технологиялар мен жаңғырмалы энергия көздері шығып отырғанын айтты.
– Табиғи ресурстарға әлемдік сұраныстың сақталып отырғанына қарамастан, дәстүрлі энергия көздері бүгінде айтарлықтай басымдыққа ие бола алмай тұр, қазір ол көптеген мемлекеттер үшін жоғары табыстың көзі емес. Осы орайда энергетикалық нарықтардың барлық ірі ойыншылары, яғни корпорациялар мен елдер жаңа энергетикаға көлемді инвестициялар салумен айналысуда,– деді Президент.
Бұдан әрі ол 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне тоқталды. Елбасы айтқандай, Қазақстан жаңғырмалы энергия алу процесін дамытудан тыс қалған жоқ.
– Атап айтар болсақ, «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен табысты өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі елімізде «жасыл» экономиканы жүйелі түрде дамытуға негізгі база болды. Жалпы, 2030 жылға қарай біздің энергиялық балансымыздағы жаңғырмалы энергия үлесі 30 пайызға дейін артады, – деді Мемлекет басшысы.
Бастама БҰҰ аясында қарастырылуы керекАстана экономикалық форумының базасындағы Global Challenges Summit 2018 конгресінің пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы сөз қозғап, мәртебелі меймандарды осы қаржы орталығының ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды.
– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің орнына бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып сіздерді аталған қаржы орталығының ағымдағы жылғы 5 шілдеде өтетін ресми ашылу салтанатына шақырамын,– деді Елбасы. Жалпы, пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда дүние жүзінде шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталды, ғаламдық дамудың басты-басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында жоғарыда аталғандай, адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының өзгеруі, сонымен қатар жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар. Нұрсұлтан Назарбаев аталған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда, барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.
– Осы басқосуда орнықты даму, экономикалық теңсіздікті қысқарту, халықаралық сауда-саттықтың, жалған ақпарат таратудың, криптовалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ережелерін айқындау мәселелерін талқылауға болады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсынамыз, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға табыс тілеп, форум жұмысы нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.
Мәртебелі меймандар ой бөлістіПленарлық отырыста БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, Халықаралық Олимпиада комитеті Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Пан Ги Мун Астана экономикалық форумының жаһандық проблемаларды шешу жолдарын іздестіруге өте тиімді алаң екенін айтты. Сонымен қатар ол дүниежүзілік экологиялық проблемаларды шешу ісімен әлем елдері бірлесіп айналысуы керектігіне тоқталды.
– Барлық саяси көшбасшыларды, бизнес және қоғам көшбасшыларын бірігіп жұмыс істеуге, халықаралық ұйымдарға қолдау көрсетуге шақырамын,– деді Пан Ги Мун.
Әйгілі физик, футуролог Митио Каку болса болашақта медицина саласын революция күтіп тұрғанын жеткізді.
– Мен алдағы 30-100 жылға қатысты оптимистік көзқарастамын. Болашақ 30 жылда компьютерлік чиптер өте арзан тұратын болады. Компьютер сөзі ағылшын тілінен жоғалады. Интернетті тіпті көз линзаларында да қолдануға болады. Ол жарқ етсе, сіз онлайн тәртіпте интернетке шыға аласыз. Сонымен қатар медицина революцияландырылады. Себебі чиптер тегін болады. Шағын ғана микроскопиялық чиптер сіздің ішкі ағзаларыңызды фотосуретке түсіреді. Бұл да адам жасын ұлғайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар алдағы жақын болашақта адамзат баласы трансплантациялауға арналған органдарды зертханаларда өсіріп, дамыта алады. Сіз өз бауырыңызды зертханада дамып-жетілген бауырға алмастыра аласыз. Сол сияқты бұл чиптер де интеллектуалды болады, – деді ғалым.
Силикон алқабының аты аңызға айналған тұлғасы Стив Возняк өзінің алғашқы компьютер құрастыруына кімнің ықпал еткені туралы баяндады. – Бала кезімде өз компаниясын құрған жас инженер туралы кітап оқыдым. Бұл маған қатты әсер етті. Менің әкем де инженер болатын. Бір күні әкем маған болашақта тез жұмыс істейтін компьютер болатынын, оның сол кездегі компьютерлерден қымбат болатынын жеткізді. Сонда «оны құрастыратын инженердің бірі мен болатын шығармын» деп қиялға берілдім. Содан кейін мен арнайы клуб құрдым. Онда профессорлар, қарапайым студенттер болды. Біз «тез жұмыс істейтін дербес компьютерді қалай жасап шығаруға болады» деген тақырыпта өзара пікір алмастық, оны жасап шығарғымыз келді. Ақыры осы арманымыз жүзеге асты,– деді Стив Возняк.
«Жасыл» экономиканы дамыту жайы талқыландыФорум аясында ұйымдастырылған аса маңызды шаралардың бірі – Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының таныстырылымы болды. Оған БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, жаһандық «Жасыл өсім» институтының төрағасы Пан Ги Мун, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Францияның индустрия, энергетика және цифрландыру жөніндегі министрі Эрик Бессон секілді танымал әлемдік саясаткерлер, Қазақстан тарапынан еліміздің Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы Ә.Назарбаева және «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев қатысты.
Сессияда жаңғырмалы энергия көздерін дамыту және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту, ресурстарды үнемдейтін технологияларды, «жасыл экономика» құралдарын енгізу, жоғары технологиялық және ғылымға негізделген салаларға инвестициялар тарту мәселелері талқыланды. Тұрақты даму саясатын алға жылжытуға қызығушылық танытатын тараптардың мазмұнды ашық диалогы өрбіді.
Айтқандай, Астанадағы «Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» биыл ЭКСПО-2017 базасында құрылған болатын. Жиында орталық қызметі таныстырылды. Орталықтың негізгі функциясы – «жасыл» мәдениетті қалыптастыру және алдымен Қазақстанда содан соң Орталық Азия өңірі елдерінде жасыл технологияларды дамыту арқылы экологиялық проблемаларды шешу. Орталық энергетикалық секторды трансформациялау, «жасыл» бизнеске көшу, трансферт және «жасыл» технологиялар мен үздік тәжірибелерді бейімдеу міндеттерін атқаруға арналған.
Ал өз кезігінде Энергетика министрі Қ.Бозымбаев осы салада елімізде атқарылған шаралар, сондай-ақ алдағы жоспарлар жайын баяндады. «Көптеген елдер үшін «жасыл экономика» мемлекеттің экономикасының өсуіне және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналды. «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру жылдарында ресурстарды үнемдейтін таза технологияларды пайдалану қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 94 пайызға және ауылдық жерлерде 57 пайызға жақсартуға мүмкіндік бергеніне көзіміз жетті. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі екі есе өсті. Қазіргі заманға лайықты энергия үнемдеу жүйесінің негізі құрылды. Ағымдағы жылдың соңына қарай жаңғырмалы энергия көздерінің қуаты шамамен 460 МВт болады деп күтілуде. Қолданыстағы көмір электр стансаларында заманауи күлді өңдеу құрылғыларын енгізу жұмыстары жалғасуда. Қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу 31 пайызға жетті», деді министр. Оның айтуынша, жоғарыда аталған нәтижелерге өндіріс пен тұтыну салаларына «жасыл» экономика ұстанымдарын енгізу бойынша жүйелі жұмыстардың және шетелдік серіктестермен конструктивті жұмыстардың арқасында қол жеткізіліп отыр. «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының құрылуының арқасында бұл процестің кеңейе түсеріне сенім артамыз. Орталық елімізде және толықтай алғанда Орталық Азияда жаңа технологияларды пайдаланудың катализаторына айналуы тиіс. Қазақстан жаңа технологиялық шешімдерді іздеуге және инвестиция тартуға мүдделілік танытатындығын атап өткім келеді», деді Қ.Бозымбаев.
Аталған шараның қорытындысында «Қызылорда облысында қуаты 50 МВт Байқоңыр күн электр стансасын салу» жобасын қолдау және ынтымақтастық туралы келісімге және Энергетика министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және «Шелл» компаниясы арасында меморандумға және бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды.
АӨК саласына қомақты қаржы құйыладыНегізінен Астана экономикалық форумы ауқымында көптеген маңызды құжаттарға қол қойылды. Соның бірқатары ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі трансұлттық компаниялармен, соның ішінде Италияның «Crемоnini» («Inalca Eurasia Holding»), Израильдің «M.A.D. Developing Agricultural Projects», аустриялық «Cedar Meаts», америкалық AGCO, қытайлық «Golden Camel GROUP LTD», Оңтүстік Кореяның «Hyundai Corporation», британдық «Dunbia» компанияларымен жалпы көлемі 300 млрд теңгені құрайтын меморандум және жол карталарына қол қойды. Аталған компаниялар ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін өндірушілер арасында көшбасшы болып табылады. Ірі трансұлттық компаниялар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін қаржы ресурстарын ғана емес, қазіргі заманғы технологиялар трансфертімен де қамтамасыз етуге дайын.
Жобаларға қол қойылғаннан кейін инвесторлармен дөңгелек үстел форматында кездесу өткізілді. Аталған іс-шараны ашқан Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ірі шетелдік инвесторларды Қазақстанға тарту, өнеркәсіптің экономикалық және технологиялық әлеуетін одан әрі дамытудың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешені экономиканың қарқынды дамып келе жатқан саласы болып табылады және оның жылдық өсім қарқыны 104,5 пайызды құрап отыр. Қазақстанның табиғи ресурстарының әлеуеті мен агроөнеркәсіп кешенінің қорлары еліміздің одан әрі қарқынды дамуы үшін негіз болып табылады. Елбасы еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Ірі трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық тікелей инвестициялардың жеткілікті мөлшерін ғана емес, сондай-ақ инвесторлардың өздері есебінен дайындалған өнімдерді одан әрі экспорттауды жеңілдетуге мүмкіндік бермек. Ал кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау және инвестициялық ахуалды жақсарту агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі басым факторы.
ЕАЭО маңызды келісімдерге қол жеткіздіАстана экономикалық форумы аясында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы уақытша келісімге қол қойылды. Нәтижесінде тараптар бірқатар тауарлар бойынша кедендік баж салығын 3 жылға дейін төмендетуге уағдаласты.
Атап айтқанда, Иран 246 тауарға, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері 175 тауарға тарифтік жеңілдік жасайтын болады. Мәселен, Қазақстанның 102 экспорттық тауары бойынша Иранда кедендік баж салығы төмендейді. Соның ішінде сиыр еті, қой еті, сары май, ноқат, бұршақ, жасымық, арпа, күріш, өсімдік майлары, макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, болат прокаты, рельстер, аккумуляторлар және тағы басқа өнімдер бар.
Өз кезегінде Иран мемлекеті ЕАЭО-ға пісте, құрма, інжір, мейіз, асшаян, апельсин, лимон, лайм, кондитерлік өнімдер, шырын түрлері, құрылыс бояулары, лактар, ыдыс жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары сияқты тауарларды 10 пайызға дейінгі жеңілдікпен тасымалдай алады. Ал алма, қияр, томат сияқты ирандық өнімдерге тек маусымдық, нақты айтқанда, қараша мен наурыз аралығында ғана жеңілдіктер берілмек.
Иранға шығарылған қазақстандық өнімдер экспорты үлесінің артуы екі ел арасындағы сауда-саттықтың жандануына жол ашатыны сөзсіз. Аталған мемлекетпен арадағы тауар айналымы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 170 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға өсім көрсеткенін айта кету керек. Алдағы уақытта тараптар Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелеріне сәйкес еркін сауда аймағы туралы толық форматты келісімге көшуді қарастырмақ.
Бұған қоса, Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қытай Халық Республикасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, сондай-ақ Арменияның вице-премьері Тигран Авинян, Беларусьтің бірінші вице-премьері Василий Матюшевский, Қытайдың министр дәрежесіндегі xалықаралық сауда өкілі Фу Цзьин, Қырғыстанның вице-премьері Замирбек Асқаров, Ресейдің вице-премьері Дмитрий Козак және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян келісімді ресімдеу шарасына қатысты.
Одан кейін ЕАЭО елдерінің вице-премьерлерінің және Қытайдың министр дәрежесіндегі xалықаралық сауда өкілінің қатысуымен «Еуразия бірыңғай экономикалық кеңістігін қалай құруға болады?» деп аталатын панельдік отырыс өтіп, онда жоғарыда аталған құжат төңірегінде пікірлер айтылды. Өз сөзінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян қазіргі таңда Қытаймен тауар айналымы 100 млрд АҚШ долларын құрайтынын, ЕАЭО-ның экспорты 40 пайызға артқанын айтты.
– Қытай Халық Республикасы экономикалық өсудің жаңа тұжырымдамасын ұсыну барысында бірлесіп жұмыс жасауға мүдделі екенін білдірген болатын. Бекітілген келісімшарт негізінде екі жақта да тауар айналымындағы бәсекеге қабілеттілік артып, тұтыну көлемінің ұлғаятыны түсінікті. Қытаймен жасалған ортақ келісім бір бағытта шектелмей, экономиканың барлық салаларындағы тауар айналымы қамтылып отыр. Бұл ретте, ДСҰ-ның талаптарына бағынып, ережелерін ескеретінімізді айта кеткен жөн. Қытаймен жасалған ортақ мәміле негізінде одаққа мүше елдер арасындағы өзара кедендік келісімдерді нақтылап, құжаттарды реттеу алдағы 60 күн ішінде өз шешімін табады. Екінші мәселе санитарлық және фитосанитарлық шараларға қатысты болып отыр. Көп жағдайда тауарлардың шекараларда тексерілуі біршама уақытқа созылады. Осы мәселені біржақты шешу үшін тұтынушылардың құқығын қорғау орталығын құру жоспарланған. Орталықта электронды құжат айналымын енгізу де назарға алынады. Жалпы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, өндіріс, теxнологиялар, инновациялар, ақпараттық-теxнологиялық инфрақұрылым, қаржы мен қоршаған орта саласында өзара ынтымақтастықты дамытуға басымдық беріледі. Қазірдің өзінде қытайлық әріптестерге көлік саласы бойынша 40 жобаны қарастыру ұсынылып отыр. Келісімде кедендік жеңілдіктер қарастырылмаған. Негізгі мақсат – екіжақты ынтымақтастықты нығайту, қарым-қатынастың нақты жолдарын белгілеу, ортақ жобалар үшін тиімді жағдай жасау, – деді Т.Саркисян.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминның айтуынша, биылғы жылы Қытаймен бірлескен «Бір белдеу, бір жол» жобасына 5 жыл толады. Оның негізінде Қазақстанның өңірлерінде инфрақұрылымдық бастамалар іске асып отыр. Екі жыл бұрын басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі аясында, автомобиль жолдарын жақсарту бағыттары бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қытайдың министр дәрежесіндегі xалықаралық сауда өкілі Фу Цзьин өз кезегінде, өзара ынтымақтастық келісімінің аса маңызға ие екеніне тоқталып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтіндерін де баса айтты. Сонымен қатар ол АЭФ аясында инфрақұрылымды цифрландыруды жүйелеу барысы кеңінен талқыланатынына тоқталды. Оның айтуынша, Қытайда бүгінгі күні электронды коммерция жақсы дамыған, тек интернет арқылы сауда жасаудан түсетін пайда 100 млн долларды құрайды. Қытайдың сауда-саттық алаңында Еуропа мен АҚШ-тың үлесі басым. Енді бұл тізімге ЕАЭО қосылып, сауда нарығын интернет арқылы жүргізу ісі де келісім арқылы оң шешім тапты.
Ресей Федерациясы вице-премьері Дмитрий Козак өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қытай Халық Республикасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім Қытай мен Ресей арасындағы энергетика мәселесінің шешім табуына негіз болып отырғанын жеткізді. Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Еуроодақ және Қытай Халық Республикасы арасындағы байланыстың артуы экономикалық ілгерілеудің тетігіне айналатынын айтқан Беларусьтің бірінші вице-премьері Василий Матюшевский, Жібек жолы жобасы индустриялық парктің жұмысын жеделдетуге ықпал ететініне тоқталып, қол қойылған құжат аясында басымдық берілген мәселелердің болашағы баянды боларына сенім білдірді.
Өзекті тақырыптар талқыландыАстана экономикалық форумы базасындағы Global Challenges Summit 2018 барысындағы экономикалық теңсіздік тақырыбына арналған панельдік сессияда Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун Қазақстанда соңғы 20 жылда кедейлік пен жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендегенін айтты. Оның сөзіне қарағанда көптеген елдерде кедейлікпен күрес жолдары қарастырылмай отыр. Соның салдарынан шиеленістер мен қақтығыстар артып, жағдай ушығуда. Ато Браун Қазақстанда соңғы екі онжылдықта кедейлік пен жұмыссыздық деңгейі төмендегенімен, бұл мәселеде назарға алатын түйіткілдер барын да атады. Оларды шешу үшін Қазақстан өз халқының 65 пайызын құрайтын орта тапқа мән беруі керек. Сонымен қатар қаржы ұйымының еліміздегі тұрақты өкілі атап өткендей, Дүниежүзілік банк өз зерттеулерін жүргізіп, нәтижесінде өте кедей көптеген мемлекеттерде соңғы жиырма жылда біршама экономикалық өсім байқалған.
Мұнай-газ компанияларының стратегиялық даму барысын талқылайтын панельдік пікірталас барысында Григорий Выгон, Оливье Лазар, Николай Горбань, Олег Карпушин сынды мамандар пікір алмасты. Онда дүние жүзі тұтынатын қуаттың 85 пайызы мұнай мен газдан және көмірден алынады деген ақпарат айтылды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, әлем елдері қуат көзін баламалы энергиядан алуды көздейді. Мұнай мен газға, уран мен көмірге бай Қазақстан да «жасыл» экономиканы толық қуаттайды. Ал электр энергиясына сұраныс 2040 жылға қарай 70 пайызға дейін артпақ. Форум барысында Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы елдің экономикасын әртараптандырудың мән-маңызы да назарға алынды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов осы орайда инвесторларға жағдай жасау мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс істейтінін, онда британдық құқықпен тек британдық судьялардың қызметі инвесторлардың сенімдерін нығайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Дүниежүзілік банк келтірген ақпаратта Қазақстан макроэкономикалық өсім бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Оның ішінде соңғы жылдары жекелей институттар жұмысының жандануы, қарқынды дамуы байқалады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Global Challenges Summit 2018 форумы барысында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы сомасы 300 млрд теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыруды көздейтін құжатқа қол қойылғанын мәлімдеді.
Мазмұнды өткен алғашқы күнАЭФ-тің алғашқы күнінде талқыланған тағы бір тақырып – «Жаһандық экономикалық сын-тегеуріндер жағдайындағы салық және бюджет саясаты». Бүгінде елдердің экономикалық өсімінің бәсеңдеуі мен энергия тасымалдаушылар бағасының түсуі нарыққа деген бәсекелестікті күшейтіп, қорғау шараларын ынталандырады. Бұл протекционизмнің маңызды шиыршығына айнала ма немесе қандай да бір сәтте тоқтай ма – бұл әзірге сұрақ күйінде қалып тұр. Қазіргі уақытта қалыптасқан үрдіске қарағанда, елдердің үкіметтері жаһандық өзгерістерге дайын болуға және технологиялық салаларды ынталандыру үдерістерін бастауға тиісті.
Осындай іс-қимылдардың ұтымды құралдарының бірі экономиканың басымдықты салаларын салықтық ынталандыру болуы мүмкін.
Аталған қайта құрулар барысында Қазақстан мен басқа да мемлекеттер қандай салық саясатын таңдаулары тиіс және жаңадан туындаған жағдайларда қандай мәселелер мен мүмкіндіктер бар? Дөңгелек үстелде, міне, осы мәселе төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынды.
Иә, әлемдік тәжірибеде кепілдендірілген дұрыс шешімдер галереясы жоқ, өйткені олардың әрқайсысы белгілі бір сәтте және белгілі бір жағдайда ғана өзекті. Бірақ сонымен бірге алға ұмтылудың табысты кейсі бар, солардың жарқын мысалдарының бірі – Қытайдың экономикалық ғажайыбы. Десе де, Қытай экономикасы капиталдың жылыстауы, мемлекет қарызының өсуі және халқының қартаюы секілді мәселелермен бетпе-бет келеді. Қытай «орташа табыс қақпанынан» қаша ала ма? Өсімнің жаңа көздерін қайдан табуға болады? АЭФ ауқымы бұл тақырыпты да назардан тыс қалдырмады. Бұл ретте әлемге танымал саясаткерлер «Қытай нені жасырады? Еуразия ірі экономикасының мүмкіндіктері мен қиындықтары» атты панельдік пікірталаста Қытай экономикасы жайында ой өрбітті.
АЭФ аясында өткен «Теңізге шығатын жолдары жоқ дамушы елдердегі тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу» бойынша пікірталас та өте тартымды өтті. Онда айтылғандай, аумақта теңізге шығар жолдың жоқтығы, оқшаулану және әлемдік нарықтан қол үзу, жоғары көліктік және транзиттік шығындар теңізге шығуға мүмкіндіктері жоқ 32 дамушы елдің (LLDCs) жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігіне күрделі шектеу салады. Ал LLDCs халықаралық аренада жоғары шығындарды азайтуы және жалпы бәсекеге қабілеттілікті арттыруы өзіне бірқатар сын-тегеурін жүктейді. «Ондағы көлік инфрақұрылымын дамыту және қызмет көрсетуді жақсарту үшін қандай ұсыныстар мен мүмкіндіктер жасауға болады? Тұрақты даму мақсаттарына жылдам қол жеткізу жолында LLDCs мүддесі үшін көліктік байланыстар мен сауда-саттық саласындағы көлікте халықаралық қолдауды кеңейтіп, ынтымақтастықты күшейту керек пе? Теңізге шығар жолдары жоқ елдер үшін қандай көмек болуы тиіс?» деген мәселелер қызу талқыланды.
Жалпы, форум аясында жаһандық сын-қатерлердің барлығы егжей-тегжейлі талқыланды. Мәселен, «Он миллиардқа жуық адамзатты асырайтын технологиялар», «Әлемдік экономиканың бәсеңдеуі. тренд пе әлде ауытқушылық па?», «Жасыл экономика». кедергілер және енгізуге ынталандырулар», «Басқа ақша. Реттеуші қалай үн қатуы тиіс?», «Ғарыш, әлемдік теңіз және атмосфера. Елімізді және ғаламшарды толық тазалау жұмыстарын ынталандыру» «Үшінші әлемдік соғысты қалай болдырмауға болады?» «Мемлекеттік сектордың оңтайлы шегі. Экономикадағы мемлекеттің үлесін қалай азайтуға болады?», «Экологиялық стандарттар, инвестициялар мен сауда. Қазақстан экономикасы үшін сын-тегеуіріндер мен мүмкіндіктер» сияқты жаһандық мәселелер сөз болып, түрлі ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ «Криптовалюта миллиардерлері болашақ элитасы бола ма?», «Үлкен Еуразия құрыла ма? Геоэкономиканың сындарлы сын-тегеуріндеріне жауап іздеу», «Биржаның жаңа келбеті. Қаржы алаңдары қалай өзгереді?» дегендей қаржылық мәселелер де тілге тиек етілді.
Жалпы, Астана экономикалық форумының алғашқы күні қамтылған шаралар ауқымы өте кең. Бір күн ішінде бірнеше маңызды панельдік пікірталастар, дөңгелек үстелдер, таныстырылымдар өтіп, онда жаһандық сын-қатерлерге қатысты тақырыптар тереңінен талқыланды. Айталық, форум жұмысына жалпы 500-ге жуық спикер қатысып жатқаны да шараның салмағын сипаттайды. Ал бұл осымен он бірінші рет өтіп жатқан форум үшін рекордтық көрсеткіш. Форум бүгін және ертең де жалғасын табады
Арнұр АСҚАР, Динара БІТІК,