• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Мамыр, 2018

Оралда ата-аналар оқушылар кітапханасына 486 кітап сыйлады

502 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы орта мектептерде «Рухани жаңғыру – табысты ел болудың кепілі» атты ашық есік күндері өтіп жатыр. Осыған орай №47 орта мектепте «Туған мектепке тағзым», «Мектепке кітап сыйлайық» акциялары нәтижесінде мектеп ауласында жаңа аллея пайда болып, оқушылар кітапханасына 500-ге жуық кітап тарту етілді. 

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қалалық білім беру бөлімі арнайы ереже бекітіп, сол ереже бойынша барлық қала мектептерінде ашық есік күндері өткізіліп жатыр. Тағы бір оқу жылын қорытындылар қарсаңда білім ордаларының жұмыс нәтижесіне, жас ұрпаққа қандай білім беріп жатқанына куә болып келеміз. Бүгін біз жұмысымен танысқан №47 мектеп­те де жақсы бастамалар көп екен. Алда тұрған білім сына­ғы – мем­лекеттік аттестациядан тү­лек­тер өте жақсы өтсін! – дейді Орал қа­лалық білім бөлімінің өкілі Жаз­ира Рысқазиева.

№47 мектеп – 2015 жылы қыр­күйекте ашылған жаңа білім ор­дасы. 1200 оқушыға арналған ғи­маратта қазірдің өзінде 2300-дей бала оқиды. Мектепті 2016 жылы – 45 түлек, 2017 жылы 46 түлек бітір­ген. Ал биыл 69 оқушы бітіргелі отыр. 

– Осы түлектердің өздері және ата-аналары бізге ұсыныс айтып, мек­теп ауласына тал-терек егу үшін орын сұрады. Бұл керемет бас­тама ғой. Бұйырса, мектеп аула­сында түлектер аллеясын жасап, сая­­баққа айналдырғымыз келеді. Мі­не биыл бітіргелі отырған үш сы­нып оқушылары «Туған мектеп­ке тағзым» акциясын бастап, 16 түп ақ қайың көшетін отырғызды, – дейді мектеп директоры Наталья Ерғожиева.

Түлектер аллеясының алғаш­қы көшеттерін еккен онбі­рін­ші­сыныптықтар атынан Аружан Иба­толла осы мектептің 4 «ә» сыныбында оқитын Аманер Амандыққа «жас көшеттерге су құйып, қамқор болып жүріңіздер» деген өтініш-аманатын айтты.

Білім ордасында оқушылардың ата-анасы ықыластана қолдап кеткен тамаша акцияның бірі – «Мектепке кітап сыйлайық» шарасы болыпты. Шыны керек, жа­ңа мектеп болғандықтан, мұн­д­ағы кітапханада оқушыларға ұсынатын әдеби-танымдық кітап­тар тапшы болатын. Өйткені бү­гінде мектеп кітапханаларына оқу­лықтан өзге кітаптар алуға қар­жы бөлінбейді. 

– Мектебімізде 90 комплект-сы­нып болса, олардың бәрі де осы акцияға белсене қатысты. Нәти­же­сінде кітапханамыз бір күнде 486 кітаппен толықты! Бұлардың ішінде әдеби кітаптар да, балалар әдебиеті де, танымдық басылымдар да бар, – дейді мектеп кітапханасының мең­герушісі Кәмшат Базарбаева.

Ашық есік күні аясында осы мек­тептің оқушысы Рүстем Сайра­новтың тұңғыш өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

ОРАЛ 

Суретті түсірген автор