Жақында республика бойынша барлық мектептерде жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Әр ата-ананы бала тәрбиесіне белсене араластыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара 15 мамыр халықаралық отбасы күніне тура келді. Жиналыс туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 25 сәуірде Астана қаласында өткен халық алдында есеп беру кездесуінің қорытындысы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында хабарлаған болатын.
Министр ата-аналар жиналыстарына адамдардың қатысу деңгейі өте төмендеп кеткендігін айтқан. «Адамдардың тек 10 пайызы ғана қатысады» деген ведомство басшысы мамырдың 15-сі күні барлық мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларына ата-аналарды жиналысқа уақытында жіберуге Үкімет тарапынан тапсырма беруді сұрады.
Сондай жиналыстардың бірі Астана қаласындағы Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепте өтті. «Білімді ұлт – оқу сапасы және отбасылық құндылықтар» атты тақырыпта бас қосқан жиынға ата-аналар мен ұстаздар қатысты. Жоғарыда айтып кеткендей, басқосудың негізгі мақсаты ата-аналарды мемлекеттік білім саясатының бағыттарымен таныстыру, орта білім беру жүйесінің жетістіктері және мектепті басқарудағы педагогтар мен ата-аналардың күшін біріктіру туралы хабарлау болатын.
Ата-аналар жиналысын мектеп директоры Балжан Айтмұхаметова ашып берді. Өз баяндамасында мектеп басшысы Қазақстандағы жаңа білім стандарттары туралы айтты. Жиынға қатысқан ата-аналардың көбі математика, орыс тілі, қазақ тілі пәндеріне қатысты жаңартылған білім мазмұны жайлы сұрақтар қойды. Сондай-ақ ата-ана Инара Турбасова критерийлі бағалауға байланысты сауал жолдады.
Оған мектеп директоры «Критерийлі бағалау білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің белгілі критерийлері оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс», деп жауап берді.
Басқосуда аталған мектептің болашақ жоспарлары туралы да сөз болды. Қойылған сұрақтардың ішінде мектептің күрделі жөндеуіне қатысты, жан басына шаққандағы қаржыландыруға ауыстыру, ақылы білім қызметін көрсету үшін қазынашылықта шот ашу туралы мәселелер көтерілді.
Лариса Капченко есімді ата-ана ұзартылған топтағы сабақтардың бағасы туралы сұрақ қойды. Сауалға мекеме басшысы «Астана қаласы білім басқармасының 2017 жылғы 14 желтоқсандағы №771 бұйрығына сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының талаптарынан тыс Астана қаласының мемлекеттік қазыналық білім мекемелері іске асыратын ақылы білім қызметтерін беру құны сағатына 450 теңгені құрайды», деп жауап берді.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
АСТАНА