Еліміздегі үлкенді-кішілі қалалар, соның ішінде облыс орталықтары елордаға қарап бой түзесе, өркендеудің жаңа бір өрісі ашылары анық. Сондай-ақ осы арқылы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ісіне де соны серпін берілмек. Екі жаққа да пайдасы мол қарым-қатынастар Астананың 20 жылдығы қарсаңында түндігін түріп жатса, тіптен ғанибет. Осы орайда Ақтөбеде 3 күнге созылған Астана қаласының Ақтөбе облысындағы күндері инвестициялық жобаларды бірлесіп игеру мен өңіраралық кооперацияның көкжиегін кеңейтуге үлкен септігін тигізді деуге әбден болады.
Бұл ретте Ақтөбе аймағында республиканың өзге өңірлерімен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда іргелі де ілкімді істер қолға алынғанын атап өту керек. Ендігі кезек Астана мен Ақтөбе облысы арасында орнығып отыр. Әсіресе аталған екі өңір арасында бұған дейін ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өміршең жобалар жүзеге асырылған-ды. Қазіргі күні Ақтөбе өнімдерін Астана нарығына жеткізудің кең ауқымды бағдарламасы белгіленген. Бұған қажетті басты фактордың бірі тиісті әлеует болуында, оның қалыптаса білуінде емес пе. Бұл жөнінен өңір мәртебесі биік тұр.
– Біз елордалық кәсіпкерлерге «Ақтөбе» индустриялық аймағынан 200 гектар жер телімі мен тегін инфрақұрылым ұсынуға әзірміз. Ал өз кезегінде Астана бізге қандай көмегін тигізбек? Біз Астанадан нені үйреніп, нені көңілге түйе аламыз? Сөз жоқ, елордадағы аумақтарды абаттандыру жобалары қызықтырмай қоймайды. Сондай-ақ қоғамдық кеңістікті қалыптастыру мен қала құрылысы саясатын оңтайлы жүргізе білу ісінде де үйренетін үрдістер мол. Астананың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын өркендету ісіндегі тәжірибесінен де өңірлер өздеріне қажеттісін ала алады, дейді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев екі жақта қалыптаса бастаған инвестициялық әлеует өңіраралық ынтымақтастықтың нәтижелі болуына және бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеруге оң ықпалын жасай алатынын жеткізді. Ал «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК АҚ-тың төрағасы Нұрлан Жақыпов өңіраралық бағдарламалардың бір-бірімен өзара үйлесімді болуы тұрғысынан ой өрбітті. Әрі экономиканы цифрландырудың инновациялық тұтқаларын саралай отырып енгізу қажеттігіне тоқталды. Оның ойынша бизнесті дамытуда цифрлы маркетингтің атқаратын рөлі жоғары.
Астананың Ақтөбедегі күндері аясында өткізілген бизнес-форум кезінде Ақтөбе қаласындағы «Дару» қалпына келтіру орталығының бас директоры Ғалымжан Елеуов мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы бірлескен жобалар екі жаққа да тиімді екенін түйіндеп берді. «Ақтөбеде республика өңірлері арасында баламасы жоқ медициналық кластер құрылған. Бұл Астана мен Ақтөбе клиникалары арасындағы өзара байланыстарды тереңдетуге әсер ете алады», деді ол бұдан әрі. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов облыс орталығының стратегиялық даму сипатын жасақтау үстінде өңіраралық ынтымақтастық жаңа серпін бере алатынына екпін түсірді.
Астана күндері кезінде тауар өндірушілер мен өңірлерді дамыту орталығының өкілдері басқосудың бергені мол болғанын атап көрсетті. «Осы күндерде бірқатар мәселелер уақыт оздырмай тез шешімін тапқаны да бір мәртебе. Атап айтқанда, Ақтөбеден Астанаға құрылыс материалдары мен сүт өнімдерін жеткізу туралы мәселелер шешімін тапқаны, ал елордалық компаниялар Ақтөбеге «е-КСК» электронды жүйесі мен көше жарығына қатысты ақылды басқару жүйесін енгізуге бастамашылдық танытқаны осы пікіріміздің айғағы. Жарықтандырудың аталған интеллектуалдық жүйесі электр энергиясын аса көп мөлшерде үнемдеуге септігін тигізеді», дейді астаналық «LED Colution» ЖШС директоры Қаныбек Айтақов.
Түйіп айтқанда, Астананың Ақтөбе облысындағы күндері өңіраралық кооперациямен ынтымақтастықты дамытудың жаңа парақтарын ашып берді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ