Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінде адамдар жаппай жиналатын объектілердегі өрт қауіпсіздігі саласын мемлекеттік бақылау бойынша тексерулер қорытындыларына, 2018 жылғы жазғы маусымға әзірлік мәселелеріне арналған брифинг өтті. Оған Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин қатысты.
Жиында белгілі болғандай, азаматтық қорғау органдары 2018 жылғы 2 сәуірден бастап адамдар жаппай жиналатын сауда объектілерінің өртке қарсы жүйесіне тексеруді жүзеге асырған. Тексерілген объектілерде 15 мыңнан астам бұзушылық анықталған. Барлық кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, нәтижесінде 18 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген. Объектілер басшыларына бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілген.
Жалпы, бұзушылықтар эвакуациялау жолдарына, соның ішінде қосалқы есіктердің жабық болуына, есіктердің эвакуация жолы бойынша ашылмауына, эвакуация жолдарында және баспалдақтар астында сауда нүктелерінің орналасуына және т.б. мәселелерге қатысты болған. Сондай-ақ тексерулер барысында электр жабдықтарын дұрыс монтаждамау, электр сымдарының оқшаулау кедергісіне ревизия жүргізілмеуі, автоматтандырылған өрт дабылының және құлақтандыру жүйесінің жарамсыз күйде болуы, қызметкерлерге өрт қауіпсіздігі бойынша нұқсаулықтан немесе өрт-техникалық минимумнан өткізбестен жұмыс істеуге рұқсат беру, өртке қарсы сумен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізілмеуі, алғашқы өрт сөндіру құралдары не жарамсыз, не жеткіліксіз болуы және басқа да фактілер тіркелген.
Тексерулер кезінде персоналмен, күзет құрылымымен және объектіге келушілермен міндетті түрде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқаулықтар және өрт жағдайындағы іс-қимылдар бойынша машықтанулар өткізілген. Бүгінде 41 мыңнан астам адам оқытылған. Бұдан өзге, ірі сауда объектілерінде өрт сөндіру қызметтері 494 өрт-тактикалық оқу-жаттығуын іске асырған.
Адамдар жаппай жиналатын объектілердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында ІІМ тиісті Жол картасын әзірлеген және ол келісу рәсімінен өтуде. Жол картасында мемлекеттік бақылауды қатаңдату, қоғамдық бақылауды күшейту, құрылыс нормалары мен қағидалар жиынтықтарын, тіршілік әрекеті негіздерін оқыту жүйесін қайта қарау мәселелерін қарастыру көзделген.
Тағы бір айта кетер жайт, өңірлердің халқы мен аумағына үлкен қауіп төндірушы табиғи (орман және дала) өрттер болып табылады. Келтірілген деректер бойынша, жыл сайын елімізде орта есеппен 4 мың табиғи өрт пен жану болады, жалын құшқан жалпы ауданы 300 мыңға дейін жетеді, өрттен келген нұқсан 120 млн теңгеден асады. Ал орман өртінің шамамен 80%-ы адамның кінәсінен орын алады екен.
Табиғи өрттердің алдын алу және ден қою бойынша шаралар қабылдау мақсатында ІІМ мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе 2018 жылғы жазғы кезеңге арналған орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша жыл сайынғы іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Бұдан бөлек, елдегі өрт қаупі жағдайына шұғыл ден қою тәртібін анықтау мақсатында аймақаралық сипаттағы орман-дала өрттерін жоятын үкіметтік жоспар түзілді. Орман-дала алаптарын күнделікті патрульдеу үшін өрт қаупі кезеңінің басынан бастап мемлекеттік тексеру, жергілікті полицей қызметі және орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері тарапынан мобильді топтар құрылған.
ТЖК аумақтық бөлімшелері орман-дала алаптарында өрттердің профилактикасы аясында 4,5 мыңнан аса адамды қамти отырып, 243 нұсқама, 75 жиын және 42 дөңгелек үстел, сондай-ақ 25 бірлескен оқу-жаттығу ұйымдастырған.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»