Бала кезімізде Қаратаудың қойнауында күні бойы ойнайтын ауылдың барлық баласы кешке қарай әкелеріміздің жұмыстан қайтқанын күтетінбіз. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, сол кездегі әке бейнесі санамдағы еңбек адамының нақ үлгісін қалыптастырып еді.
Қарап отырсақ, еліміздің дамуы үшін маңызды шешімдердің жүзеге асырылуы барысындағы жұмыстардың барлығы қарапайым жұмысшының ерен еңбегінің нәтижесі екен. Бұл орайда еңбек адамының денінің саулығы мен сапалы білімі, біліктілігі мен тәжірибесі елiмiздiң баға жетпес негізгі байлығы десек артықтық етпес. Сонда адам бойындағы осынау әлеуеттерді қалай арттырамыз? Мемлекеттің тірегі һәм негізі халқы десек, осынау еңбек адамдарының лайықты білім алуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, болашаққа сенімінің нығаюына негізделген нақты бағыт-бағдар қажет екендігі анық.
Осы тұрғыдан алғанда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» дер кезінде жолданған Үндеу дер едім. Өйткені ондағы маңызды әлеуметтік бастамаларды толық жүзеге асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта түседі. Яғни Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілгенін ескерсек, бұл бастамалар еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу және даму жолының негізін айқындайтын басты ұстанымы болмақ.
Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік мемлекеттің басты бағдары – әлеуметтік әділдік пен адам құқықтарының қатаң сақталуын мақсат ете отырып, халықтың жағдайын жан-жақты қорғау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл тұрғыда мемлекетіміздің қоғаммен қазіргі таңдағы байыпты да тығыз қарым-қатынасын елдің әлеуметтік мемлекет ретінде дамуының басты көрсеткіші деуге болады. Яғни Қазақстанды әлемдік өркениеттің маңызды бөлшегі ретінде алып қарасақ, Елбасының белесті кезеңдегі бастамалары еліміздің дамуына, шағын және орта бизнестің экономикаға тиімді үлесінің артуына, жұмыссыздықтың азаюына және жұртшылықтың пайдалы жұмыспен қамтылуына қомақты үлес қосары сөзсіз. Бұл бастамалардың толық жүзеге асуы экономикамыздың барлық саласын оң көрсеткішке жеткізері анық. Енді осы әлеуметтік бастамалардың басты бағдары қандай? Олардың нәтижелі түрде жүзеге асуы үшін қандай іс-шаралар атқарылуы тиіс?
Мәселен, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастамаға сай «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске қосу ұсынылды. Бұл жағдайда әр қазақстандық азамат жылдық өсімі 7 пайыздан аспайтын, бастапқы жарнасы 20 пайызға дейін, 25 жыл мерзімге несие алу мүмкіндігіне ие болатындығы көрсетілген. Қолданыстағы несие алу шарттарына қарағанда бұл бастаманың берері мол, халықтың қаржылық мүмкіндігіне сай келеді. Елімізде алғаш рет жүзеге асырылатын осынау ауқымды бастама мыңдаған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етіп қана қоймай, құрылыс нарығын, өнеркәсіптік және логистикалық нарықты жандандыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ банк және қор секторларына оң әсерін тигізеді. Ал баспана мәселесі оңтайлы шешілген жұмысшы өз жұмысын сапалы орындайтындығы сөзсіз. Десек те, бұл бастама ресми табысы бар азаматтарға арналған. Осы себепті бағдарламаның жүзеге асуы болашақ несие алушылардың төлем қабілетінің тұрақты болуын талап етеді. Мәселен, еңбеккер өзінің күнделікті жұмысынан айырылып қалса, несиені қалай төлейді? Яғни Үкімет тарапынан еліміздегі банктермен алдын ала келісімдер әзірленіп, қолайлы шарттар жасалғаны жөн. Бұл тұрғыда кәсіподақтар да ұжымдық шарттар жасау негізінде еңбеккерлердің төлем қабілетінің тұрақты болуына күш салатын болады. Мәселен, еңбекақының уақтылы төленуі, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мәселелеріне жіті көңіл бөлінеді.
Президенттің жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту туралы екінші бастамасы жұмысшылар үшін де, жұмыс берушілер үшін де маңызды қадам. Мәселен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық жүктемесі 10 есеге төмендетілмек. Яғни 25 айлық есептік көрсеткішке жетпейтін мөлшерде жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығы азайтылады. Олар 1 пайыз ғана табыс салығын төлейтін болады. Елбасының осы бастамасының арқасында 2 миллионнан астам азаматқа қолайлы жағдай жасалмақ. Бұл арқылы еліміздегі жалақының ең төменгi мөлшерi көтеріліп, көлеңкелі экономика деңгейінің бәсеңдейтініне сенімім мол.
Сондай-ақ Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жайындағы үшінші бастамасы жас буын үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Бұл бастамаға сәйкес 2018-2019 жылдары жыл сайын бөлінетін 54 мың гранттың үстіне қосымша 20 мың грант берілетін болады. Соның ішінде 11 мың грант техникалық мамандықтарды қамтиды. Ұлы педагог Ахмет Байтұрсынов «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп атап өткендей, еліміздің жарқын келешегінің кілті жастардың қолында екені анық. Ал 20 мың грант дегеніміз не? Бұл – келешекте еліміздің барлық саласында еңбек ететін кәсіби білікті мамандар. Аталған бастама еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің азаюына үлкен серпін береді. Бүгінгі таңда елімізде жұмыс істейтін халық саны 9 миллионға жуық адамды құрайды. Олардың 28 пайызы орта біліммен шектелген. Ал жұмыссыз азаматтардың 32 пайызы мектептегі біліммен жүр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам азаматтың жартысының, яғни 49 пайызының кәсіби білімі мен еңбек дағдысы жоқ. Аталған көрсеткіштердің айырмашылығы көзге айқын көрініп тұрған жоқ па?! Яғни жастардың оқуы үшін қосымша гранттар бөлу бастамасы осындай ауқымды мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Өйткені жоғары білімді азаматтардың жұмыспен қамтылу мүмкіндігі қашанда жоғары. Сонымен қатар үшінші бастамада 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салу қарастырылған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры болған кезімде байқағаным, жатақханамен қамтылған студенттердің оқуға қабілеті жақсы, ынтасы жоғары болады. Олар өзге қалада жүрсе де, тұрмыстық жағдайға алаңдамайды. Осы себепті бұл бастаманың білім саласына берері көп деп ойлаймын.
Ал Елбасының төртінші бастамасы 2018 жылдың өзінде шағын несие берудің үлесін қосымша 20 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды көздейді. Бұл дегеніміз – шағын бизнеске, қарапайым ауыл шаруасына, ауылға деген үлкен көмек, елеулі қолдау. Яғни қосымша жұмыс күшін арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарының құрылуына негіз болады. Шалғай жердегі ауыл тұрғындары жеке істерін бастауға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ Қазақстанның 5 қаласын газ желісімен қамту бойынша бесінші бастама еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ахуалына оң ықпалын тигізбек. Бұл қадам Қазақстанның үш облысы бойынша 2,7 миллион тұрғынды газбен қамтып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлес қосады. Мәселен, елордамыздың тұрғыны ретінде ауаның көмір түтінінен тез ластанатындығын өзім жақсы білемін. Ал аталған бастама өз кезегінде осы мәселені шешуге негізделген. Миллиондаған азаматтарымыздың көмірдің орнына табиғи газды қолдануды қуана қабылдайтынына сенімдімін.
Міне, Елбасының әлеуметтік мемлекеттің кепіліне айналған бес бастамасы осындай. Ал өз кезегінде кәсіподақтар осынау игі бастамаларды түбегейлі түсініп қана қоймай, өндіріс басында жүрген жұмысшыға жеткізуді көздейді. Осы орайда бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланысқа шығып, әлеуметтік бастамаларды түсіндіру жұмыстарын бастап та кеттік. Себебі бастауыш кәсіподақ ұйымдары – еңбеккерлердің нағыз ортасы. Демек жұмысшылардың түйінді сұрақтары, әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты мәселелердің барлығы бастауыш ұйымдардан шығады. Сондықтан да бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бірқатар мәселені шешетін дербес үні, тегеурінді күші болғанын қалаймыз.
Өткен сәуір айының ішінде Астана, Қостанай, Павлодар қалаларында бастауыш ұйымдар форумдарын, Оңтүстік Қазақстан облысында ауқымды жиын өткізуіміз осы бағытта жасалған басты қадам болды. Басқосулар аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен келелі кездесулер болып, Елбасының әлеуметтік бастамалары, еңбек қатынастары жайлы бірқатар мәселелерді бірлесе талқыладық. Үндеудің маңызын халыққа түсіндіру және жүзеге асу барысын қоғамдық бақылауға алу мақсатында таяуда ғана Павлодар қаласындағы Қазақстан электролиз зауытында еліміздің басты саяси күші болып табылатын «Нұр Отан» партиясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Мұнда ішкі еңбек нарығын қорғау, халықты жұмыспен қамту, азаматтарымыздың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін партиялық және қоғамдық бақылау жүргізу туралы келісімге келдік. Сонымен қатар Қостанай облысы әкімдігімен Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимыл жасасу туралы меморандум бекітілді. Қазақстанның барлық өңірлерінің жергілікті атқарушы органдарымен осы мақсатта меморандумдар бекіту жоспарда бар.
Елбасының бастамаларын басты назарда ұстай отырып, біз еліміздің әлеуметтік-еңбек саласындағы бірқатар маңызды мәселелерге баса назар аударып, қарапайым жұмысшының көңіліндегі мәселелерді көтеруді қалаймыз. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құру жұмыстарын өзектендіру, ұжымдық шарттардың санын арттыру және сапасын жақсарту, жастарды кәсіподақ қатарына тарту мәселелеріне жіті көңіл аударуымыз осы мақсаттан туындап отыр. Өйткені кәсіподақтар Елбасының көреген саясаты мен әлеуметтік бастамалары елімізді дамудың даңғыл жолына бастайтындығына сенімді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, осынау жаңа трендтер еліміздегі кәсіподақтардың рөлі мен орнына жаңаша қарауды талап етеді. Ең бастысы, біз кәсіподақтар қызметінің ашықтығы мен анықтығы қағидаларын басты назарға ала отырып, нақты жұмыстарды бастап та кеттік. Ортақ істерімізге сәттілік серік болсын дейік ендеше.
Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы