• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Мамыр, 2018

«ҚазМұнайГаз» мұнайшылары Үстірт ескерткіштерін қамқорлыққа алды

548 рет
көрсетілді

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ үшін еліміздің әлеуметтік дамуына атсалысу, тарихи-мәдени құндылықтарды қамқорлыққа алу бағы­тындағы істер күн тәртібінен түскен жоқ. Маң­ғыстау өңіріндегі ескерт­кіш­тердің жаңғыруына бұған дейін де өз үлесін қосқан компания мұнайшылары биыл да өз бағыт-бағдарларынан жа­ңылмай, жарқын істердің жаршысы бола білді. 

Мамыр айының 19-ы күні Маң­ғыстауда күннің ыстығы +35° болды. Аптапты күндерде дала төсінде жұмыс істеуге әбден ма­шықтанған мұнайшылар ауа райы­ның бұл «мінезіне» мән бермей, Ақтау қаласынан 230 шақырым қашықтыққа жолға шықты. Са­пардың мақсаты – «Үстірт ескерт­кіштеріне – ел тағ­зымы!» атты корпоративтік іс-шараны өткізу болатын. Акция аясында аталмыш компанияға қарасты 23 кәсіпорын аймақтағы мемлекет қорғауында тұрған 28 тарихи және мәдени, әдет-ғұрыптық нысандарды өз қам­қорлығына алды. Олардың арасында жалпы жұртшылыққа танымал орындармен бірге, тарихи дәуірі, сон­дай-ақ атқарған қызметіне байланысты маңызды болғанмен, танымалдығы жоғары емес нысандар да бар.

Мамыр айының алғашқы күн­дерінде басталған бұл акцияға Маң­ғыстаудағы барлық кен орын­дары мен сервистік компания­лар жұмылды – әрқайсысы әр ескерт­кішке арнайы барып, сенбілік-тазарту жұмыстарын жүргізіп, әк­теп, сырлап, шарбақ салып, су тартып, түнеуханаларға жөндеу жүр­гізді. Мысалы, 5 мамыр күні «Өзенмұнайгаз» АҚ жастар кеңе­сі «Бабалар жүрген ізбенен» сани­тарлық автоэкспедициясымен жолға шығып, 45 жас мұнайшы екі күн бойы Айрақты және Шерқала тауларына, Самал бақшасына, Ақмыш оазисіне, Шақпақ ата және Сұлтан ене жерасты мешіттеріне барып, абаттандыру, тазалап қоқыстан арыл­ту бағытында қажетті жұмыс көлемін анықтады. Барды бағалап, тарихи құндылықтарды қастерлеу шарасы туған ел тарихын танимын деген жас­тар үшін танымдық сапар болумен қатар, ел жастарының отансүйгіштік, елжандылық рухын қалыптастыратыны белгілі. Бұдан басқа «ҚазМұнайГаз» компаниясы ұжымдарынан құралған 1500-ден астам мұнайшы бір ай бойы Қарауылкүмбет, Ұзынтам, Өмір, Қызан, Қошақ, Махмут баба, Сисем ата, Оғыланды, өз­ге де бір­­неше нысандарға барып,­ жол көр­­сеткіштерін орнат­ты, қорға­ныш тақталары мен шарбақ­тар салып, кең ауқымда санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Нысандардың тарихи маңызын әңгімелеп, мұнайшыларға таным­дық тұрғыда мағлұмат беру үшін өлкетанушы мамандар ілесіп, сапар сәні мен мәнін арттыра түсті.

Біз куә болған сапарда «Маң­ғыс­таумұнайгаз» АҚ мұнай­шылары – «Жас мамандар» кеңесі мүше­лері алдымен «Қызылқала» қала­шы­ғының қазба жұмыстары жүр­гізілген орнында болып, та­за­лап, қоқыстарды жинады. Одан әрі Бо­зашы бойындағы Бекет атаның Тобықты жерасты мешітіне барып, өз жұмыстарын жалғастырды. Қа­зіргі таңда Бекет атаның намаз оқып, шәкірттер оқытқан мешіттер саны бесеу десек, оның үшеуі Маң­ғыстауда орналасқан. Осы үш мешіттің бірі – Тобықты. XVIII-XIX ғасырлардың қолтаңбасы саналатын мешіт «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары күшімен жаңарып, жаңғырып келеді. Мұнайшылар тарихи орынға қоршау салып, қонақүй және ғибадат бөлмесін салу бойынша жұмыстар жүргізумен бірге, электр жарығын және су құбырын тартып берген. Су бар жерге 600 түптен астам ағаш отырғызып, күн шақырайып, аптап ұрған аймақтағы түнеухана маңын жасыл желекке орантып қойыпты. Бұл туралы мешіт шырақшысы қуана айтып, мұнайшыларға алғысын жеткізді.

– Біз Елбасымыздың саясатына үн қосуды, оның халықты ру­хани жаңғырту бағытындағы бағдар­ламасына, сондай-ақ ел экономикасын арттыруға, Қазақстанды да­мы­ған алдыңғы қатарлы елдердің қа­тарына қосуға негізделген барша стратегиялық бастамаларына қол­дау көрсетуді азаматтық парыз санаймыз. Бүгінгі 560 шақырым жолды артқа тастап, «Қызылқала» қа­лашығына және Тобықты жер­­асты мешітіне барып жасаған сенбілік жұмыстарымыз – жоспардағы көп істер­дің бірі ғана. Ал­­дағы уақытта «Қаз­Мұ­най­­­Газ» компаниясының бас­­шы­лы­ғымен, жергілікті жердегі ком­паниялардың жүзеге асыруымен жақсы істер жалғасын табады деп ойлаймын, – дейді сапар соңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жас мамандар» кеңесінің төрағасы Бауыр­жан Қожаев.

Қиын кезде ел экономика­сының аяқтан тұруына қолдау көрсеткен құрыш білек мұнай­шылардың тарихи нысандарды қаморлықтарына алып, әлеуметтік саладан алшақ кет­­пеуі қуантады. Халқын қол­дап, бабаларын ардақтаған мұ­най­шылардың ісі көпке үлгі, көңілге ыстық. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілге сүйенсек, өткенін қастер­леп, келешегін қамдаған елдің ер­теңі осал болмауы тиіс.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, ​​​​​​​«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы