Елордадағы Ұлттық музейде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай жаңадан құрылған «Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің салтанатты ашылуымен қатар, елімізде тұңғыш рет үш тілде жарық көрген «Қазақстан музейлері» атты анықтамалықтың тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов және өңірлердегі мәдениет басқармаларының басшылары, республикалық мәртебеге ие музей-үйлердің директорлары мен жетекші қызметкерлері келіп қатысты.
Салтанатты шараны ашқан департамент директоры Әбіл Жоламанов: «Музей – ұлттық ғылым мен мәдениеттің қоры жинақталған мекеме. Еліміз тәуелсіздік алғалы жаңадан 75 музей ашылыпты. Қазіргі таңда ол халқымыздың тарихы мен этнографиясын насихаттайтын бірден-бір орынға айналып отыр. Бұның барлығы мемлекет тарапынан мәдениет-руханият саласына қолдау білдіріліп келе жатқандығының айғағы» деді.
Өз кезегінде сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Леонид Кочетов, мәдени мұраларды сақтап, оны насихаттауға, жастардың тарихи санасын жаңғырту ісінде музейдің алатын орны ерекше екенін айта отырып, бүгінгі таңда бұл мекеменің басты міндеті – халықты өзінің тарихы, өнер-мәдениетімен жіті таныстырып, келер ұрпақты ұлттық құндылықтарды қастерлеуге үйрету, – деп сөзін түйіндеді.
Сондай-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында жарық көріп, аталмыш шара барысында тұсауы кесілген «Қазақстан музейлері» анықтамалығы еліміздің барлық мәдени мекемесі мен ұйымдары және жеке тұлғаларға арналған құнды еңбек десек жарасады. Бұл еңбекке республика аумағында орналасқан 238 музей жайлы электронды карта енгізіліп, ол 3D форматында жасалыпты. Осы арқылы саяхатшы-туристердің еліміздегі музейлер туралы толық ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»