Бала – әр отбасының бақыты, ұрпақ жалғастырушысы, ел болашағы. Қазақстанда халық санын көбейту мақсатында денсаулық сақтау жүйесі жылдан жылға дамып келеді.
Болашағын медицина саласымен байланыстыратын жастар мен осы салада еңбек ететін мамандардың шетелде білім алып, тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруының да мүмкіндіктері артып келеді. Бұл шаралардың маңызы зор. Себебі осы қадамдар арқылы денсаулығын сақтау және жақсарту мақсатында қарапайым халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі жоғарылайды. Денсаулық сақтау мәселесінің екінші жағы – отандастарымыз осы бір мәселеге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі, адамдардың өз денсаулығына салғырт қарауы. Жерлестеріміз мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді толығымен қолданбайды. Мысалы, кез келген мемлекеттік медицина орталығында тегін скрининг өтуге жағдай жасалған. Алайда адамдар ауырмайынша дәрігерге бармайды. Сау адам кем дегенде жылына бір рет емханадан скрининг өтсе, денсаулығына сауатты болса, жаңадан басталып келе жатқан ауытқуларды ертерек анықтаса, оны тез емдеуге мүмкіндік болар еді. Ал асқынып кеткен кейбір аурулардан айығуға көп жағдайда заманауи медицина да көмектесе алмайды. ХХІ ғасырдың дерті болған бедеулік те соның салдарынан.
– Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымдауынша, репродуктивті жастағы ерлі-зайыптылардың 15-20 пайызы, яғни әрбір бесінші-алтыншы жұп бала көтере алмайды. Оның көптеген себебі бар. Мысалы, жас кезінде аяқты жылы ұстамау және басқа себептерге байланысты жыныстық мүшелерге суық тию, темекі шегіп, арақ ішу, ерте және ретсіз жыныстық қатынасқа түсу. Ең сорақысы, жасанды түсік жасату. Бүгінде бедеулікті емдеу орталықтарына келетін әйелдердің 70-80 пайызға жуығы осы жасанды түсік жасату зардабынан бала көтере алмай жүргендер. Яғни кезінде бейсаналы түрде бала көтеріп, түсік жасатып, ал кейін тұрмыс құрып, есі кіріп, сәби көтергісі келгенде, бедеулік деген мәселеге тап болады.
Бедеулікті емдеудің нақты себептерін анықтау маңызды. Мысалы, кейбір емделушілер уақытын әртүрлі инфекция ауруларын емдеуге жоғалтады. Бірақ оның қауіпті және қауіпсіз түрі бар екенін түсіне бермейді. Қауіпсіз түрлері 95 пайыз адамда бар. Емделуші бұрын ауырып, қазіргі кезде ағзада иммундық көрсеткіштері ғана калуы мүмкін. Ал қауіпті түрі – емделушінің ағзасында инфекцияның өршіп жатқан түрі болғандықтан жедел түрде емдеуді қажет етеді. Мысалы, үш-төрт бала туған дені сау әйелдің қанын алсаңыз, одан да түрлі инфекцияларға байланысты иммундық көрсеткіштер шығуы мүмкін. Оны емдей берсек, ол ағзаға зиян. Өйткені адам көп антибиотиктер қабылдайды, гормоналды дәрі-дәрмек ішеді. Соны ажырата білуге кейбір дәрігерлердің біліктілігі жетпей жатады да, осы себептен маңызы жоқ инфекцияларды жылдар бойы емдеумен емделушілердің алтын уақыты ысырап болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша, адам денсаулығына әсер ететін бірнеше фактор бар. Онда 20 пайызында адамға туа біте берілген генетикалық ерешеліктері, 20 пайызында экологиялық факторлар, айналаның ластануы, 10 пайызы денсаулық сақтау саласына байланысты, ал 50 пайызында адамның өзінің өмір сүру салтына тікелей қатысы бар делінген. Яғни адам өз денсаулығына алдымен өзі жауапты.
Мысалы, балалы болуды тек бедеулікпен кездескен жұптар ғана емес, табиғи жолмен балалы болу мүмкіндіктері бар ерлі-зайыптылар да алдын ала жоспарлауы қажет. Мұндай саналы қадамдар ана мен бала денсаулығы көрсеткіштерінің жақсаруына апарады, өлім-жітім жағдайларының алдын алады.
Қазір онкологиялық аурулар да өте көп кездеседі. Оны алғашқы сатысында байқап, емдемесе, асқынып кетеді де адам өліміне алып келеді. Қазір жатыр мойынының қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі өте көп. Сондықтан жылына кем дегенде бір рет гинекологқа, маммологқа қаралу, уақытында маммография өту, ер азаматтарға да андрологқа тексеріліп тұру керек.
Жақында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Егер уақытылы медициналық тексеруден өтпесеңіз, дерт сол себептен асқынған болса, онда емделушіге тегін қызмет етілмейді» деген еді. Бұл сөз адамның денсаулығына жауапкершілікті арттыру мақсатында айтылғаны анық. Менің тәжірибемде де 5-6 жыл бала көтермей жүрсе де, тексерілмей жүре беретін әйелдер кездеседі. Ал кейде керісінше, әйел үнемі тексеріліп, дер кезінде емделіп, өзінің де, жолдасының да денсаулығы жақсы болса да, бала көтере алмай жатады. Онда мұны психологиялық жағынан қарау керек. Мәселен, әйел «келін» болып бір үйге түседі. Бірден бала көтермейді. Кейде ол бірнеше жылға созылып кетеді. Мұндай кезде бетіне басып, ауыр сөздер айтып, ажыратамыз деп жататындар да кездеседі. Әйел депрессияда жүргеннен кейін, аналық ұрық дұрыс дамымайды. Салдарынан жүктілік те болмайды. Кейде келген пациенттерді қарап отырсақ, тексеру нәтижелері жақсы, қауіпті инфекциясы жоқ, етеккірі де уақытылы келеді, жатыр түтікшелерінің де өткізгіштік қабілеті бұзылмаған. Бірақ жігері басылып қалған, өмірдің мәнін жоғалтқандай күй кешеді. Ал ата-енесі, қайын апасы-сіңлісі, бәрі соның өміріне араласып кетеді. Тек соның көтергенін күтіп жүреді. Үнемі жүктілікті күте бергеннен әйел психологиялық бедеулікке шалдығады, жүктілік сол себептен де болмайды. Бұл әйелі мен күйеуінің арасындағы ғана мәселе болу керек. Соны отбасылар түсінсе екен деймін.
Тағы бір айтып кететін маңызды мәселе бар. Бізге ерлі-зайыптылардың көпшілігі келген кезде ДТҰ-ның (ЭКО) не екенін түсіне бермейді. Мұндай жерге аяқ басып келген адам мына нәрсені жақсы түсініп келуі керек. ДТҰ сізге бір циклда, яғни бір ДТҰ бағдарламасын өткенде, бала көтеруге тек 30-40 пайыз ғана мүмкіндік береді. Өйткені табиғи мүмкіндіктің өзі 1 айда 15-20 пайыз ғана, оны ел түсіне бермейді. Оған әйел және ер адамның ұрықтарының сапасы, әйел ағзасындағы мамандарға тәуелсіз өзгерістер және басқа да факторлар әсер етеді. Ең бастысы, Жаратушының әмірі екенін ұмытпауымыз керек. «Қаншама ақша төлеп жатырмыз. Неге бала болмай жатыр?» деген ұғым дұрыс емес. ДТҰ-ны жасауға негізі 300-500 мың теңгедей кетеді. Одан басқа қомақты қаражат қымбат дәрі-дәрімекке жаратылады. Францияда ДТҰ жасату үшін жұп арнайы сұрақтарға жауап беру керек. Егер олар оның не екенін, қандай ерешеліктері бар екенін түсінбесе, пациенттерді емдеуге алмайды. Ал бізде адамдар көбінесе ақпараттық тұрғыдан дайындықсыз келеді. Қанша түсіндіріп жатсаң да, емделу әдісінің қыр-сырын толық түсінбейді, емделудің оң-теріс жақтары, мүмкіндіктері жазылған құжаттарға қол қояды, алайда ол жердегі мағлұматтарды толығымен саналы түрде қабылдамай емге кіріседі де, артынан шу шығарып, ренжіп жатады.
Екінші рет ДТҰ жасауға қаражаты болмағандықтан, көп пациенттер «квота» сұрап жиі келеді. Бірақ квота әлі де көп емес. Өйткені мемлекет үшін де бұл қымбат технология. Биылғы квотаны еліміз бойынша 950 адам ғана ала алады. Оның өзінде жалпы денсаулығы жаксы және репродуктивті мүмкіндігі жоғары жұптарға беріледі. Қазір мемлекет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасын 2020 жылға дайындап жатыр. Бұл бедеу жұптарға үлкен көмек болайын деп тұр. Балалы бола алмай жүрген әр әйелдің жылына 1-2 рет ДТҰ жасауға мүмкіндігі туады деп ойлаймыз.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникасының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы