• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2018

ОҚО-да «Ер есімі – ел есінде» деп аталатын монумент ашылды

675 рет
көрсетілді

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Бабалар ерлігі қазіргі жастарды Ота­нына деген адалдыққа, ұлтына деген сүйіспеншілікке баулиды. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шеңгелді ауылында Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне орай ашылған «Ер есімі – ел есінде» деп аталатын монументтің алар орны ерекше.

Көпшілікке қуаныш сыйлаған мону­ментті ауыл тұрғындары өз қара­жатына тұрғызыпты. Қариялар бұл бастаманы туған жерге деген сүйіс­пеншілік, үлкенге құрмет екенін айтып, ризашылықтарын білдірді. Мону­ментте ел басына күн туған шақта ауылда аянбай еңбек еткен жандардың да есімдері жазылған. Салтанатты жиында игі іске мұрындық болған экономика ғылым­дарының докторы Бейбіт Сыздықов көп­шілікті ата-бабалардың есімі жазылған монументтің негізгі миссия­сын ұмытпауға шақырды. «Шеңгелді ауылының тарихы 300-350 жыл бұрын бастау алған. Бұл уақыт аралығында көптеген ата-бабаларымыз дүниеден озды. Өкінішке қарай, олардың бірін білсек, бірін білмейміз. Сондықтан бұл соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпаққа ата-бабаларымыздың есімдері қашалып жазылған монументті мұра етіп қалдырсақ деген ізгі ниетпен жасалған дүние. Ата-бабаларымыздың аты жазылған жәдігерлерді бүлдірмей сақтап қалу – бүгінгі ұрпақтың негізгі міндеті», деді Б.Сыздықов.

Сондай-ақ шағын елді мекеннің тарихы және қан майданда бейбіт заман үшін жауға қарсы тұрған ауыл азаматтары туралы құнды мағлұматтар қамтылған «Туған жер тарихы» атты кітап та тұрғындарға тарту етілді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»