Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына іссапармен барып, халықпен кездесті, бірқатар өндіріс орындарын аралап, облыстың даму көрсеткіштерімен танысты, Елбасының қоғамдық-саяси саладағы реформаларының барысы туралы әңгімеледі.
«Тарихы бай, қазыналы мекен Атырау еліміздегі инвестиция көлемінің үштен бір бөлігін қамтамасыз етіп, ірі отандық және шетелдік компаниялардың қаржылық мүдделері шоғырланған өңір. Бұл елімізде өндірілетін көмірсутегі шикізатының негізгі экспорттаушысы ретінде, республикалық бюджетке қомақты кіріс түсіретін донор өңірлердің қатарында», – деді Сенат Төрағасы кездесуге жиналған халықтың алдында сөйлеген сөзінде.
Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың Атырау халқымен кездесуде айтқан: өңірлерді бюджет кірістерін ұлғайтуға ынталандыру, инновациялық, цифрлық экономиканы меңгеру, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету, жастар саясаты және адам капиталын дамыту, тағы да басқа мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері жөніндегі ойларын қысқаша тұжырымдап ұсынғанды жөн көрдік.
Бюджет жүйесі тиімді игеруді қажет етеді
Елдің экономикалық әл-ауқаты өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей тәуелді. Сондықтан өңірлерді бюджет кірістерін ұлғайтуға ынталандыру өңірлік саясаттың басым бағдары болуы қажет. Бұл орайда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процесті және коммуналдық меншікті басқарудағы құзыретін кеңейту мақсатында ағымдағы жылдан бастап аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен ауылдық округтердің дербес бюджеті енгізілді.
Алайда еліміздің бюджет жүйесі әлі де болса жетілдіруді қажет ететінін мойындауымыз керек. Жергілікті бюджеттің кірісін толықтыратын қаражат көзі негізінен республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерден құралып отыр. Бұл мәселелерді Парламент депутаттары Үкімет алдында тұрақты түрде көтеріп келеді. Бюджет мәселесін теңгерімді түрде шешу Атырау облысы үшін де тиімді болар еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру жоспарланған. Бұл әкімдердің салық базасын кеңейтуге деген ынтасын арттыратыны анық.
Орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдары әрбір өңірдің әлеуетін ескере отырып, бюджетті толықтыру көздерін анықтап, резервтерін іздестіруі тиіс.
Цифрлы экономиканы меңгеруде сылдыр сөз бен құрғақ ұранға орын жоқ
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елдің табысты дамуының жаңа бағытын тұжырымдап берді. Бұл – стратегиялық құжат. Оны іске асыруға баршамыз аса жоғары жауапкершілікпен қарауға тиіспіз, бұл мәселені сөзбұйдаға салып кейінге қалдыруға болмайды. «Сылдыр сөз» бен «құрғақ ұран» нақты іске көлеңкесін түсірмеуі тиіс.
Қазақстан өте қысқа мерзімде технологиялық жаңғыртуды, инновациялық индустрияландыруды, адам капиталын дамытуды, кәсіпкерлікке нақты қолдау көрсетуді, сонымен қатар базалық салалар болып табылатын аграрлық секторды, көлікті және логистикалық инфрақұрылымды дамытуды қолға алуы тиіс.
Ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары өзгере бермеуі тиіс
Агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту барысында еңбек өнімділігі мен экспорт әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады. Өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту – біздің алдымызда тұрған басты мақсат болып табылады.
Үкімет Ауыл шаруашылығын дамыту тұжырымдамасын айқындауды нақтылай түсуі қажет. Тұжырымдамалар мен бағдарламалардың жиі өзгеріске ұшырауы стратегиялық жағынан ешқандай пайда әкелмейді, керісінше осы маңызды саланың тұралауына себеп болатыны анық.
Бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету және бизнесті қолдау шараларының жаңа топтамасын әзірлеуді электрондық форматқа ауыстыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Әсіресе өңірлердегі бизнестің ахуалын жақсарту бойынша сенімді әрекеттерге кірісуіміз қажет. Биылғы жылы Парламент тиісті заңдарға еліміздегі кәсіпкерлік қызметті одан әрі ынталандыру мен дамытуға бағытталған түзетулерді қабылдады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайы өзекті
Әлеуметтік саясат азаматтарды толыққанды экономикалық болмысқа бейімдеу арқылы жүзеге асырылатын болады. Әлеуметтік көмекке арқа сүйеп, тек мемлекеттің жәрдемінен дәметіп отыра беруге бой үйрететін жағдайларға біз тосқауыл қоюымыз қажет. Қазақстан – бұрынғы кеңестік республикалар ішінде өз азаматтарына ауқымды жәрдем көрсетіп келе жатқан жалғыз мемлекет. Бір ғана ауыл шаруашылығының өзінде жеңілдікпен берілетін несиелерді қоса алғанда, бірнеше субсидиялардың түрлері бар.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәселесі толық шешімін таппай отыр. Олардың саны 2 миллионнан асып түсті. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың едәуір бөлігі, яғни 70 пайыздан астамы, ауыл шаруашылығы мен сауда саласына тиесілі.
Президент Үкіметке өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәселесіне үлкен ыждаҺаттылықпен аса мұқият қарауды тапсырған болатын. Салық салудан бұрын оларға мемлекетпен өзара іс-қимыл жасаудың түсінікті әрі ыңғайлы тетігін ұсыну қажет. Жаңа мамандық алуына, жұмысқа тұруына, өз ісін бастауына кеңінен мүмкіндік беру керек. Ол үшін бұл санаттағыларды тығырықтан шығаруды ынталандыратын экономикалық жағдай туғызуды ойластырған жөн. Бұл жерде бюрократтық әкімшілік әдістер орынсыз.
Халықтың әл-ауқатын арттыру – бүкіл мемлекет саясатының басты мақсаты. Мемлекет басшысының «7-20-25» бағдарламасы еліміздің барлық өңірлеріндегі көптеген отбасына өз тұрғын үйін сатып алуға мүмкіндік береді. Жеңілдетілген шағын несие беру көлемін ұлғайту азаматтардың көпшілігіне өз ісін ашуға нақты жағдай жасайды. Қосымша білім беру гранттарын бөлу және жаңадан жатақханалар салу мыңдаған жас қазақстандықтар үшін қолайлы мүмкіндіктерге жол ашады.
Қазақ тілінің мәртебесін арттыру маңызды
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша жұмыс жалғасуда. Ендігі өзекті мәселе – қазақ тілін қоғамдағы лайықты орнына көтеріп, мәртебесін одан әрі арттыру. Тәуелсіздік жылдары ана тілімізді дамыту жолында едәуір оң өзгерістер орын алды, осы үрдісті жалғастыра беруіміз қажет. Мұны сөз қадірін өз қадірінен кем көрмейтін әрбір қазақтың парызы деп білемін.
Өз халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін рухта тәрбиеленген, прогресс пен инновацияға бейім жаңа буын – қазақ жастары түбегейлі рухани жаңғыруды жүзеге асыратын аса қуатты күш және бұл істе шешуші рөл атқаруы тиіс.
Сенат Төрағасы, сондай-ақ шикізаттық емес саланы, оның ішінде өнеркәсіпті, сауда мен қызмет көрсету салаларын дамытуға, ауыл шаруашылығында тамақ өнеркәсібін және балық ресурстарын қайта өңдеуді дамытуда Атырау облысының мүмкіндіктері мол екеніне назар аудартты.
Сөз соңында Қ.Тоқаев «Біз, депутаттар, өз тарапымыздан өңірлердің тиімді дамуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіп, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды заңнамалық тұрғыдан жетілдіруді қамтамасыз ететін боламыз. Қазақстанның жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіруін қамтамасыз етуде бізде қажетті жағдайлардың бәрі бар. Біздің халқымыз ең озық елдердің қатарындағы әлеуметтік жағынан бақуатты мемлекетте өмір сүруге лайық», – деді.
Қ.Тоқаев сапар аясында аймақтың экономикалық әлеуетімен танысты. Сапар бағдарламасы бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» «Жігермұнайсервис», «АтырауМұнайМаш», «АтырауАгроФеликс», «Caspian Royal Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барып, жұмысшылармен кездесті.
Әділбек ҚАБА