• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Мамыр, 2018

XV Еуразиялық медиа-форумы 8 жылдан кейін Алматыға қайта оралды

355 рет
көрсетілді

Еуразиялық медиа-фору­мы­ның екінші күні. Қазақстан Респуб­ли­касы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев форум делегаттарына арналған Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтау хатын жеткізді.

Форум сындарлы пікір алмасуды қамтамасыз етеді

Қазақстан Президенті форум­ның жыл сайын кең ауқымды мәселелер бойынша ашық әрі тарап­сыз диалог жүргізуге дайын медиа саласының кәсіп­қой­ларын жинайтынын атап өтті. «Эво­люцияның 15 жылы: құбыл­малы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем» атты күн тәртібі форумның рухын дәл көрсетіп тұр. Бұл жур­налистер мен сарапшыларға ғаламдық ақпараттық кеңістіктегі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасуға, өз ұстанымын айқындауға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат­қа қол жеткізудің ашық арнала­рын жетілдіріп, үздіксіз диалогты­ қам­тамасыз ету қажет деп санай­ды. Бұл өз кезегінде пайда болған бар­лық түйткілдерді шешуде ын­тымақтастық орнатудың өзек­­ті шарты болып табылады. Қазақ­­стан Президенті журналист ма­ман­дығы қоғамға қызмет етудің және жоғары этикалық, моральдық – адамгершілік қа­сиет­тің үлгісі болуы тиіс екеніне тоқталды.

«Еуразиялық медиа-форум – барлық көкейкесті мәселелерді талқы­лаудың тағы бір мүмкін­дігі. Кәсіби құрам мен форум­ның нәтижелілігі барлық қатысу­шы­ларға пайдалы болып табылатын сындарлы пікір және тәжірибе ал­масуды қамтамасыз етеді. Бар­лық қатысушыларға жемісті пікір­талас пен жарқын әсер тілей­мін!» делінген Елбасының құт­тықтауында.

Жаңа буын ер жетіп келеді

Осымен он бесінші рет әлем­нің әр шалғайындағы әріп­тес­терімізді то­ғыс­тырып отырған алқалы жиын­­да Еуразиялық медиа-форум Ұйым­­дастыру комитетінің төр­айы­­мы Дариға Назарбаева XV Еура­­зиялық медиа-форумның күллі мұ­­сыл­ман үшін қасиетті һәм ша­па­ға­­ты мол Рамазан айында өтіп жат­­қа­ны зор мәнге ие екенін атап өтті.

Дариға Назарбаева бүгінгі форумда ақпараттық технология­лардың дамуымен қоса, адамзатты алаңдатқан түйткілді тақырыптар тарқатылатынын атады.

– Мен осы жылдары біздің айналамызда болған өзгерістерді баяндасам деймін. Егер біздің саламыз – бұқаралық ақпарат құралдарына тоқталсақ, мұнда барлығы дерлік өзгерді.

Біз 2002 жылы тұңғыш рет Алматыда басқосқан кезде айфон мен айпад жоқ еді. Фейсбук, инс­таграм, ватсап дейтіндер атымен болған жоқ.

Өмірімізге iPhone, iPad дендеп еніп, үйреншікті құралға ай­нал­ды. Ал «пейджер» сөзі ұмы­тыл­ды десе де болады. Дискілі теле­фонды тек ескі кинодан көре­сіз. Теледидар жәшігі сұйық крис­талды экранға айналды. Ноут­бук­­тардың түр-түрі көз жауын ала­ды. Смартфон – қалтаға сыйып кететін дербес компьютер. Интер­неттегі іздеу жүйесі кез келген ақ­паратқа жол ашады. Балалар девайстармен бұрын қуыршақпен ойнағандай алданады.

Бүкіл әлемде медиатұтыну мүл­­де басқаша сипат алды. Ең бас­­­тысы – жаңа медиада өзін суда жүз­­ген балықтай сезінетін буын пай­­да болды. Көпшілік олар­ды тұң­­ғы­ш цифрлы буын деп атайды.

Әрбір жаңа гаджетке таңғала­тын біздер мен сіздер, қадір­лі форум­ға қатысушылар. Телеви­зия­ны қандай да бір жаңа интернет қосымша жеңе ме, әлде керісінше ме деп ұзақ айтысамыз. Ал 10, 15, 20 жастағылар бұл гаджеттер, қосымшалар, сервистер және әлеуметтік желімен бірге туған, солармен бірге өсіп жатыр. Интернет, смартфон және еркін коммуникациясыз өз өмірін көзге елестете де алмайды.

Осы өскелең ұрпақ дәстүрлі және жаңа медиа арасында таңдау жаса­майды. Оларды өздеріне қо­лай­­­лысын пайдаланады, деді ұйым­­­дас­тыру комитетінің төр­айымы.

Айтпақшы, міне, сондықтан да цифрлық буын интернетке, мобильдік қосымшаларға қандай да бір сервис не мүмкіндік деп емес, ажырамас, өмірлік маңызы бар қызмет деп қарайды. Ал оны пайдалануға шектеу қойса, аз да емес, көп те емес, өмір сүру салтына қастандық деп қабылдайды.

Көп елдерде жүргізілген зерттеулер әке мен бала арасын­дағы бұрыннан келе жатқан текетірестің цифрлық салаға ауысып, көп жағдайда медиатұтыну төңірегінде өрістейтінін көрсетіп берді. Алайда ересектер, интернет пен цифрлық іс-қимылды реттеуге кіріскенде мұны есепке алмаймыз.

Бірақ бұл цифрлы дүние реттеуге, ал оны пайдаланушылар сан қилы киберқатерден қор­ғауға мұқ­таж емес дегенді білдір­мейді. Оны мемлекеттік реттеу ақы­лға қо­ным­ды және жауапты болуы қаж­ет деген сөз. Мұны жас буын ұғы­нып, қабылдауы тиіс. Ере­сек­­тер өз балаларына түсіндіре білсін.

Жаңа цифрлы әлем өзімен бірге мейірім мен өмірдің жаңа бояуларын, қарым-қатынас пен даму үшін тамаша мүмкіндік қана алып келмейді. Бәріміз де әлеуметтік желідегі баланы өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін «өлім топтары» туралы білеміз.

Біздің смартфондағы мессенд­жерлер адамдар арасындағы аса қолайлы коммуникациялық құрал ғана емес, оның артықшылығын террористер, есірткі сатушылар және басқа да қылмыскерлер пайдаланатынын жақсы білеміз.

Бүгінде қоғам мен адамзатқа жаңа коммуникациялық техноло­гиялар төндіретін қауіп-қатер тал­қыға түспеген бірде-бір ел әлемде жоқ, деді ұйымдастыру комитетінің төрайымы.

Қызыл кітап қалыңдап барады

Соңғы 15 жылда қоршаған орта да үлкен өзгеріске ұшырады. Ауа райы қолайсыздығын туында­тып отырған климаттың өзгеруімен қоса, түрлердің жойылу қасіретін көріп отырмыз. Қызыл кітап бар­ған сайын қалыңдап барады.

Күн сайын әлем сан қилы түрге жататын 10-нан 130-ға дейін тірі ор­ганизмнен айырылып жатыр. Олар­ды қалпына келтіру мүмкін емес. Осылайша, 15 жыл ішінде қанша жан-жануардан айы­рылып қа­л­ға­нымызды есептеу қиындық тудырмайды...

Есесіне адамзат ғарышты мықтап игеруде. Дегенмен, тех­нологияның қарыш­тап дамуы әлемдік саясат­тағы қатыгездікпен қатар жүріп жатыр. Соғыс атаулы тоқ­та­май тұр. Қақтығыс дерек­терін қам­титын Упсала универ­си­теті­нің жалпылама мағлұматына сүйен­сек, 1989-2014 жылдардағы тек қанқұйлы қақтығыстардың салдарынан әскерилер арасын­дағы шығын 1 миллионнан асып кетті. Әскери қақтығыстарға тартылған елдерде құрбан болған бейбіт тұр­ғындардың санын есептеу қиын. Өйткені ол жерлерде халық санағын жүргізу мүмкін емес.

БҰҰ мәліметі бойынша, еріксіз мигранттар мен босқындар саны 25 миллион 800 мың адамға жетті. Бұл ХХІ ғасыр басындағы көр­сеткіштен 50 пайыз артық. Батыс және Шығыс Еуропаға жөңкілген бос­қындар легінің жанында «Халық­тарды жаппай көшіру» кар­тинасы өзі жайына қалады.

Әлем терроризмнің қара тол­қы­нына тұншығып тұр. Лаң­кес­тік әрекеттер әлемнің әр түкпіріндегі мыңдаған адамның өмірін жалмады.

Соңғы 15 жыл ішінде халық­ара­лық жағдай «қырғи-қабақ соғыс­тың» белгілерімен мейлін­ше күрделене түскенін айтпай кетуге болмайды. Ол кейде кәдім­гі соғысқа айналып кетердей қауіп төндіреді. Мемлекеттер басшы­ларының сөз ауаны да өзгерді. Онда төзбеушілік, бұлыңғыр, кейде ең қуатты әрі жаңа қару-жара­ғын көрсету арқылы ашық қоқан-лоқы білдіру сезіледі.

АҚШ, Ресей және Еуропа одағы арасындағы өзара түсініс­тіктің төмен деңгейі де алаңдат­пай қоймайды. Сондай-ақ Еуропа достастығы елдері Ұлы­бри­танияның Brexit және Катало­ниядағы сепаратизм әрекетімен күшейген «еуроскептицизм» дағдарысын бастан кешіруде.

Әлбетте, мұндай оқиғалар әлем­дік медиада көрініс таппай қой­м­ады. Интернет, әлеумет­тік желі­лер және өзге де комму­ни­к­а­­циялық сервистердің қар­қын­ды дамуы кәдуілгі жүйені күрт өзгертті. Девайстар мен гад­жеттердің салыстырмалы қол­жетім­ділігі медиа оқиғаларына жү­здеген миллион адамның тіке­лей қатысуына мүмкіндік берді. Желі авторлары – блогерлер пай­да болды. Олардың кейбірі та­ны­м­алдық жағынан дәстүрлі ба­сы­­лымдардың көрнекті журна­лис­терімен бәсекеге түсуде. Өз кезегінде басылымдардың таралымы азайды. Телевизияның бұрынғыдай үстемдігі жоқ. Өйткені смартфоны бар кез келген адам өзі репортаж жасап, тіпті деректі фильм түсіре алады. 2005 жылы пайда болған ауқымды You Tube видеохостингі авторлардың ұжымдық студиясына айналды. Мұнда олар өз бағдарламасын, видеоблогын, сюжетін орналастырып, миллиондардың аудитория­сына ұсынады, деді Еуразиялық медиа-форум ұйымдастыру коми­тетінің төрайымы.

Қарқынды модернизация түрлі мәселелер туындатуда

Медианың қарқынды модернизациялануы, цифрландыру өзімен бірге түрлі мәселелерді туындатуда, деген ұйымдастыру комитетінің төрайымы форум көтеруге тиісті көкейкесті жайт­тарға шолу жасады.

– Интернет кеңістігіне оп-оңай кіру өзін танытқысы келетін таланттарға ғана емес, небір авантюристерге, қылмыскерлерге, түр­лі теріс насихатшыларға, тер­ро­ризм теоретиктері мен прак­тик­теріне, араздық пен өшпен­ділікке шақыратындарға да жол ашты.

Әлгі тролль деп аталатын ақпа­рат соғысының көзге көрін­бейтін жауынгерлері, сондай-ақ жалған жаңалық – фейк жасайтындар нағыз мәселеге айналды. Мойындаған жөн, бұлардың қасында таблоид тәуір дүние сияқты болып көрінеді.

Мен суреттеген картина тым аянышты болып көрінуі де ықтимал. Бәлкім, солай шығар. Он­­да ол осы форумда сөз сайысы, жоққа шығару мен пікірталас тақы­рыбына айналсын. Меніңше, біздің форумның өткен 15 жыл­дағы басты жетістігі де сол – шы­­найы да әділ, сонымен қатар жал­ған саяси ұстамдылыққа жанас­пайтын жайсыз пікір білдіру мүм­кіндігі болып табылады.

Френсис Фукуяма айтқандай, «тарихтың ақыры» дейтін ұғым жоқ. Адамзат тарихы шексіз әрі өл­шеу­сіз қасіретке толы. Бірақ бұл е­ңсені түсіруге себеп бола алмайды!

Д.Назарбаева ұйымдастыру коми­теті атынан форумның негі­зін қалаушылардың бірі, кон­­фе­ренцияның дүниеге келуіне және одан әрі дамуына зор үлес қос­қан Армен Саркисян мырзаға риз­а­шылығын білдіре отырып, оны ұлт алдындағы аса жауапты қыз­мет Армения Прези­денті лауазы­мына сайлануымен құттықтап өтті.

Жаһанды кезген салқын леп

Медиа-форумның алғашқы жиыны «Халықаралық қаты­настар эволюциясы: жаһан­дық салқын­дық» мәжілі­сінен бас­талды.

Әлемдік ахуалдың ауаны өзгеріп келеді. Алайда әңгіме тек ауа райы туралы ғана емес. Саяси метереология да тұрақсыз. Жаһандық климат жылып келе жатқанымен, халықаралық қаты­настарда ызғар сезіледі.

Соңғы жылдары Еуропа бірқатар саяси және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келуде. Брексит пен босқындар нөпірі, Грекиядағы қарыз дағдарысы, терроризм қаупінің жаңғыруы «кәрі құрылықты» қалжыратып бітті. Еуропалық одақтың құрылымы мен болашақтағы сипаты туралы жиі әңгіме көтеріле бастады.

Мәжіліс модераторы, ВВС Еуропа арнасының аға тілшісі Гэвин Хьюитт (Ұлыбритания) дөңгелете жүргізген конфе­ренцияда Еуропаның бүгінгі ахуалына БАҚ әлеміндегі танымал тұлғалар сараптама жасады. Олардың қатарында Италия парламентінің мүшесі, журналист Дебора Бергамини, «Фигаро» (Франция) газетінің шолушысы Рено Жирар, Оксфорд сараптау институтының аға кеңесшісі Сэм Уилкин, «Солшыл күштердің демократиялық одағы» (SLD) партиясы жетекшісінің орынбасары Ежи Вандерлих бар.

Бүгін Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын аяқтайды. Үшінші күні үш бірдей үлкен та­қырып талқыға түседі. Негізгі мә­селе «Медиа эволюциясы: блого­­сфераның өркендеуі қауіп пе әлде өрлеу ме?» тақырыбында өрбиді.

Шахид КУРЕШИ, «Лондон Пост» газетінің шолушысы (Ұлыбритания):

– Алдымен Алматы қаласы туралы өз ойым­ды жеткізгім келеді. Мен бұл шаһарға биыл екінші рет келіп тұр­мын. Ұнатып қал­дым. Қызмет орным Ұлы­британияда болғаны­мен, шыққан тегім пәкістандық.

Енді негізгі сауалға көшейін. Өздеріңізге мәлім, бүгінгі таңда журналистика араласпайтын сала жоқтың қасы. Цифрлы технологияның қарыштауының арқасында ақпарат саласында медиа-этика туралы дабыл қағатын кезең туды. Бұрмаланған ақпараттың қоғамға, халыққа теріс әсері көрінуде. Фейк жаңалықтардың түрлі жолдармен тасқындап таралуы кәсіпқой журналистердің беделіне нұқсан келтірері анық. Оның барлығы да жаңа технологиялар арқылы іске асуда. Бұл форумда қазіргі әлемдік жаһандану аясындағы орасан өзгерістер туралы кеңінен талқылану үстінде. Қатысушылар санының көптігі медиа-форумның беделін арттырады деп ойлаймын.

Айман МҰСАҚОЖАЕВА, Қазақстанның Еңбек Ері (Қазақстан):

– Еуразиялық ме­диа-форумның ке­зекті жиынына ша­қы­­ры­л­ғанымды мәр­тебе санаймын. Оның үстіне мен «Хабар» агент­тігі­нің Ақыл­дас­тар ал­қа­сының мүшесімін. Сондықтан да форум мен үшін де өте қызықты болды. Өйткені күллі әлем өзгеріп, жаһандану дәуірі тұсында кез келген саналы азамат қазіргі ғаламдық өзгерістерден тыс қала алмайды.

Бұқаралық ақпарат құралдары әйел мен қыз балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол беретін әлеуметтік стереотиптерді қайталаудан жалығар емес. Фейк жаңалықтар турасында осыны айтар едім. Қазір смартфонның арқасында әрбір азамат журналистикадан өз үлесін алғысы келетін сияқты, сол себепті де бұл медиа жиын журналист қауымының бойын тездетіп жиюға себепші болады деп сенемін. Ақпарат саласындағы ақиқатқа жүгіну жолындағы шынайы айқас енді басталған секілді.

Маттео РЕНЦИ, Италияның бұрынғы премьер-министрі (Италия):

– Бүгінгі салтанатты мәжіліске Алматы әкімі­нің қатысуына орай әрі кезінде өзім де Фло­ренция қаласының мэрі қыз­метін атқар­ғаныма орай ескіден келе жат­қан тарихи бір оқиға тура­лы айтып, көне бір шындықтың сырын ашайын. Өз заманында жап-жас мүсінші Микеланжело ал­ғаш рет билік тарапынан мәдениетті түрде бір ұсыныс алыпты. Яғни шаһар басшысына Микеланжело мүсіндеген әйгілі Давидтің мұрны ұнамапты. Сонда ол мүсіншіден қалай да Давидтің мұрнын өзгертуді талап еткен екен. Қатты қиналған жас мүсінші ақыр соңында Давидтің мұрнына ұнтақталған құрғақ бояуды шашып жібереді. Бұдан артық өзгеріс жасай алмайтынын айтады. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарына әрдайым да осындай сыни талаптардың қажеттілігі турасында әңгіме қозғалғанда менің ойыма осы бір тарихи оқиға түседі.

Рено ЖИРАР, «Фигаро» газетінің шолушысы (Франция):

– Еуропа күштеп өз­герістер енгізудің үлгі­сін өзі көрсетті дер едім. Әлде біздер еуро­­па­лықтар емес­піз бе?! Егер Ресей төңі­­регі­не билігін күштеп жүр­гізер болса, өзге еуро­па­лық­тар жаппай қару-жарақ қуатын нығайтуға тиіс пе?! Еуропалық қор­ғаныс жүйе­сін күшейтудің алғышарттары Брюссельде қарастырылып та жатыр. Айталық, бүгінгі Еуропа шын мәнінде тәуелсіз бе?!

Алайда қазір Германия өзінің қарулы күштерін нығайтуға соншалықты мүдделі емес. 2014 жылдың ақ­па­нында Германия мен Франция басшылары Минск қаласында Ресей Федерациясының басшысы Путинмен мәртебелі кездесу өткізуі барысында Украина және Қырым түбегі туралы маңызды әңгі­ме болды. Өкінішке қарай, бұл келіссөздер аяқ­сыз қалды. Бұған Еуропа лидерлері кінәлі деп ойлаймын.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

 Суреттер ашық ресурстардан алынды