Сейсенбі күні Әзербайжан астанасы Баку қаласында Әзербайжан тарихы ұлттық музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында еліміздің Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев: «Бүгінгі көрменің басты жәдігері – «Қазақстандық Тутанхамон» атанып кеткен «Алтын адам». Алтын адам Қазақстанның тарихи-мәдени құнды жәдігері болып табылады.
Былтыр «Алтын адам» әлем музейлеріне шеруін бастады. Әзербайжан Алтын адам табан тіреген үшінші ел болып тұр. Бір жарым ай бойы әзербайжандықтар назарына ұсынылатын «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты бұл көрме екі ел арасындағы мәдени байланысқа тың серпін берері сөзсіз. Көрмеге келушілер сақ дәуірінің терең тарихына бойлап ерекше әсер алады деген сенімдемін», деп көрме жұмысына табыс тіледі.
Өз кезегінде Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Севда Мамедали «Бізді ортақ тамыр, ортақ дәстүр, ортақ мәдениет жақындастырады. Бұл жақындық біздің көшбасшымыз Гайдар Алиев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ байланысының нәтижесі. Дәл сол байланысты, тату көршілікті қазіргі президентіміз Ильхам Алиев мырза да жалғап келеді», деп екі ел арасындағы саяси байланыстың да мығым екеніне тоқталды.
Қазақстан мен Әзербайжан арасында бұрыннан тарихи және мәдени байланыстарға негізделген дәстүрлі достық сипатындағы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан. Жыл өткен сайын қос мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс барлық бағыттарда және оң нәтижелермен дамып келеді. Әрі аталмыш екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара ықпалдастықтың, көршілік қарым-қатынастың озық үлгісі болып табылады.
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Көрмеде Ұлттық музей қорынан б.з. дейінгі VII-ІІІ ғасырларға жататын алтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.
Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесінде таныстырылатын зергерлік өнер туындылары – Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана.
Биылғы жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» Халықаралық көрме жобасы Шэньси провинциясы Тарихи музейінде (Сиянь қ. ҚХР), Гданьск Ұлттық музейінде (Гданьск қ. Польша) және Корея Ұлттық музейінде (Сеул қ. Корея) өткізіледі. Ал келесі жылы аталмыш көрмені Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркия мемлекеттерінің музейлерінде өткізу жоспарланып отыр.
Бакудегі «Ұлы Дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
«Егемен-ақпарат»