Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.
АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН КӘСІПОРЫН
«Ақтөберентген» АҚ ТМД елдеріндегі рентген техникаларын шығаратын бірден-бір ежелгі және беделді кәсіпорын болып табылады. Ал еліміздегі медициналық және өндірістік осындай техникалар шығаратын жалғыз кәсіпорын. Үстіміздегі жылы кәсіпорын өзінің 69 жылдығын мерекеледі. Осы жылдарда кәсіпорын шағын зауыттан рентген қондырғыларын шығаратын бірден-бір ірі компанияға дейінгі өндірістік қалыптасу жолынан өтті. Ұжымда өндірістік мол тәжірибе жинақталды, бұл зауытқа осы заманғы әлемдік стандарттарға сай сапалы медициналық өнімдер шығаруға мүмкіндік берді. Экономикалық байланыстар үзілген кездегі азғантай уақыт шаруашылық конъюнктуралық тұрақтандырудан кейін кәсіпорын қарқынды дамуға бет бұрды. «Қазақстан Даму банкі» АҚ-пен бірлесе отырып, бірқатар Еуропа елдерінің, Канада мен Жапонияның осы заманғы озық қондырғыларымен жабдықталған жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды. Мұнда өндірісті терең жаңғырту жүргізілді. Ол өндірілетін өнім сапасын анағұрлым жақсартуға және оларға деген тұтынушылар сұранысының артуына ықпал етті. Жаңғырту үдерісінде кәсіпорын бірінші кезекте өндірістік процестің экологиялық тазалығына, өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне, жоғары өнімділігі мен болашақтағы мүмкіндіктеріне бағыт ұстады. Мысалы, қазір мұнда Батыс Қазақстанда үздік гальваникалық технологиялық желі пайдаланылады. Онда экологиялық таза, лас қалдықсыз сумен қамтамасыз етудің толық айналымы қаралған. Жоғары вольтті тораптар өндірістік желісінде вакуумдық қондырғылар пайдаланылады. Бұл бұрынғы Кеңес Одағына қарасты елдердегі осы заманғы рентген-диагностикалық қондырғыларын шығару жөнінен үздігі болып отыр. Өткен жылы кәсіпорын республикалық индустрияландыру картасы аясында ірі инновациялық жобаны жүзеге асырды, мұнда 16 қималы компьютерлік тамограф шығаратын жоғары технологиялық өндіріс пайдалануға берілді. Бұл жобаны жүзеге асыруда әлемдік деңгейдегі өнімдерді көптеп шығарумен белгілі болған ең үздік «GENERAL ELECTRIC» трансұлттық компаниясы сенімді серіктес болды. Бұндай өндірістің Қазақстанда теңдесі жоқ. «KAZNEX» корпорациясы бастамасымен Англияның «HEMINGFORD INTERIM MANAGEMENT» компаниясы жүргізген аудиттің нәтижесінде акционерлік қоғам өз өнімдерін экспортқа шығаруға анағұрлым дайын қазақстандық он машина жасау кәсіпорындарының қатарына кірді. Кәсіпорын өндірісті әртараптандыру үдерісін белсенді жүргізуде. Пайдаланылатын технологиялық процестер оған жоғары сапалы ғылыми негізделген бұйымдар шығаруға мүмкіндік береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осында болғанда кәсіпорынның қазіргі ұстанып отырған өндірістік-технологиялық бағытын жоғары бағалаған болатын. Мұнда кәсіби шеберлігі жоғары зертеушілер, конструкторлар, инженерлер еңбек етеді. Арнаулы конструкторлық бюро компанияның жүрегі десе де болғандай. Мұнда дүниеге келген батыл идеялар өндіріске жол тартып, өмірде жүзеге асырылып жатады. Кәсіпорынның басты бағыттарының бірі ИСО9001, ИСО 13485 халықаралық стандарттары мен 9342ЕС директивалары талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесінің нәтижелілігін тұрақты арттыру. Бұл бағыттағы ізденістер де табысты бола түсуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ.КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФ ӨЗІМІЗДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ
Біздің зауытта шығарылатын 16 қималы компьютерлік томографқа елімізде балама жоқ. Бізде шығарылған алғашқы осындай компьютерлік томографты Ақтөбе қаласындағы медициналық мекеменің біріне өткіздік. Қазір осы өндірісті игеруге технологиялық дайындық пен оны дербес бөлектеуді жалғастырудамыз. Біз игеріп жатқан инновациялық жоба Елбасы тапсырмасын орындаудағы сәтті қадам болып табылады. Кәсіпорын өндірісті кең көлемде жаңғыртумен бірге өндірісті әртараптандыру жұмыстарын да белсенді жүргізуде. Жылжымалы флюорографиялық кешендерді шығару бойынша бай тәжірибе негізінде және қашық және бару-келуі қиын елді мекендерде тұратын тұрғындардың стоматологиялық тексеруге зәрулігін ескеріп, зауыт «ЗиЛ» және «КамАЗ» автомобильдеріне орнатылған жылжымалы стоматологиялық кабинеттер өндірісін жолға қойды. Алғашқы нұсқалары сынақтан ойдағыдай өтіп, жұмыс істеген дәрігерлерден лайықты бағасын алды. Кешенді автомобильге орнатылған өз алдына дербес стоматологиялық кабинет деуге әбден болады. Ол Францияның, Швейцарияның, Германияның және Чехияның осы заманғы қондырғыларымен жарақтандырылған. Бұл қондырғылардың көмегімен аурулардың диагностикасының, терапиясының және хирургиясының барлық түрлерін орындауға болады. «Стомкар-У» деп аталатын кешен зауытта шығарылатын 19-шы өнім, өзі тектес төртінші жылжымалы кешен. Марс МАХМУТОВ, «Ақтөберентген» АҚ атқарушы директоры.ЕКІНШІ ҮЙІМ ІСПЕТТІ
Мен орта мектепті бітірісімен-ақ осында жұмысқа орналастым. Мұнда ағам, апаларым жұмыс істейтіндіктен осы зауыт тартты да тұрды. Оған қазір еш өкінбеймін. Зауыттағы жұмысқа тез төселдім. Білмегенімді сұрадым, қолымнан келмегенін үйрендім. Еңбегім бағаланып, мақтау-марапаттарға да ие болдым. Рентген аппаратураларының электронды бөлшектерін құрастырудың өзіндік қиындықтары да бар. Тәжірибе жинақтай келе, оның да ұңғыл-шұңғылын игеріп кеттім. Алайда, кешегі өтпелі кезеңде бұл кәсіпорын да қиындыққа кезікті. Тұрмыс құрып, балалы болғаннан кейін, басқа да себептермен біраз уақыт жұмысымда үзіліс болды. Қазір бұрынғы жұмысыма қайта кіріскеніме де бес-алты жылға айналды. Жұмысым өзіме ұнайды, үйренген ұжымым. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа сапары кезінде біздің кәсіпорынға келіп, жұмысшылармен кездесті. Мен Елбасы алдында сөз сөйлеп, алға қойылған міндеттерді абыроймен орындайтынымызды жеткіздім. Бұл менің Елбасымен алғашқы жақынырақ жүздесуім еді, біраз толқыдым. Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпорын ұстанып отырған инновациялық бағытқа ризашылығын білдірді, оның қайтарымды болатынына сенім артты. Шындығында да, мұнда соңғы жылдары экспортқа бағытталған өнімдер шығаруға мүмкіндік беретін индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Басқасын былай қойғанда, Елбасына көрсетілген компьютерлік тамографтың өзі неге тұрады. Мұндай компьютерлік тамограф еліміз бойынша бізде ғана шығарылады. Оның болашағы зор, сұранысқа ие медициналық қондырғы екені сөзсіз. Қазір біз құрастырған рентген аппараттарына, жылжымалы медициналық кешендерге еліміздің өңірлерінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден тапсырыс түсіп жатқанына көңіл марқаяды. Тапсырыс болса, жұмыс та ырғақты жүреді, табыс та болады дегендей. Біз ертеңгі күнге деген сеніммен еңбек етудеміз. Ақжарқын ОМАРОВА, электр-монтаждаушы.ЕҢБЕК ЗАҢДЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Шыны керек, экономикалық байланыстардың үзілуі өңірдегі ең ежелгі кәсіпорын болып табылатын біздің зауытты да айналып өтпеді. Алайда, экономикалық дағдарыс жағдайында да негізгі өндірісшілер мен инженер-техникалық құрамды сақтап қалуға қол жеткізілді. Бүгінгі таңда кәсіпорын аяғынан тұрып, дамудың жолына түсті деуге болады. Қазір зауытта 200-ден астам адам еңбек етеді. Олардың 90 пайыздан астамы кәсіподақ мүшесі болып табылады. Мұнда өзге өндіріс орындарындағыдай кәсіподақты басы артық буын деп қарамай, бұрыннан қалыптасқан дәстүрге адалдық танытты. Экономикалық күрделі жағдайда да ардагерлерімізге әлеуметтік қолдау көрсетуді ұмытқанымыз жоқ. Оның қасында қазіргі жағдайымыз шүкіршілік деуге келеді. Сондықтан акционерлік қоғам басшылығы кәсіподақ жұмысына қолдау-көмек көрсетуден қашпайды. Ұжымдық келісім-шартқа сәйкес жеңілдіктер, қажет ететіндерге материалдық көмек қарастырылған, ардагерлерімізді ешқашан естен шығармаймыз. Жұмысшыларға арнаулы киім мен тамақ беріледі. Оларға еңбек өтіліне қарай қосымша демалыс күндері қосылады, әйелдерге балалы болғанда, туысқандары қаза болғандарға ақылы демалыс қарастырылған. Жоғары оқу орындарында өндірістен қол үзбей оқитындарға, олардың мамандығы зауытқа қажет болса, ақылы еңбек демалысы беріледі. Ұжымдық келісім-шарт үш жылға жасалып, әр жарты жыл сайын тексерулер жүргізіліп, қажет болған жағдайда өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мұның барлығы да еңбек жағдайын жақсарту және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады. Осында 25 жыл жұмыс істеген зауыттың ардагерлері, ал 40 жыл жасаған ер адамдар мен еңбек өтілі 35 жылға толған әйелдер «Құрметті ардагер» атағына ие болады. Зейнет жасына толғандарға 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйлық беріледі. Зауыттың жұмысшыларының басым бөлігі еңбек ардагерлері. Бұған дейін жастар мұнда келмеді, станокта тұруды ауырсынады. Токарь, фрезеровщик, электр құрастырушы мамандықтарына төселіп кету үшін кемі бес жыл қажет. Сонда ғана еңбекақысы жоғарылайды. Жастар болса тез көп қаржы тапқысы келеді. Дегенмен соңғы жылдары жастарды қабылдап жатырмыз. Кәсіпорын жұмысшыларының орташа еңбекақысы алғашқы жартыжылдықта 90 мың теңгеге жетті. Кәсіподақ комитеті жұмыс берушінің еңбек және өндіріс заңдылығын сақтауын қадағалайды. Бұл бағытта акционерлік қоғам басшылығымен өзара түсіністік қалыптасқан. Бұдан басқа да мәдени-спорттық шараларға ұйытқы болып, ұжымның ұйымшылдығын нығайту бағытында жұмыстар атқарылады. Сергей БОНДАРЕНКО, кәсіподақ комитетінің төрағасы.НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШ – САПА
Менің саналы өмірім осы зауытпен тікелей байланысты. Орта мектепті бітіргеннен кейін осында еңбек жолымды қайраушылықтан бастадым. Кеңес армиясы қатарында әскери борышымды өтеп келген соң Саратов политехникалық институтын өндірістен қол үзбей жүріп оқып, тәмамдадым. Конструктор, шебер болдым. Зауыт басшылары осы бөлімді басқаруға сенім артты. Бас технолог бөлімі өндірісті жаңа бұйымдар шығаруға дайындаумен айналысады. Жаңа қондырғылар мен технологияларды шығаруға және енгізуге жұмыстанамыз, ЧИП станоктарына бағдарламалар құрамыз. Барлық жаңа өнімдердің сызбасын сызып, қалай дайындалуы қажеттігіне бас-көз боламыз. Бұл өте жауапты да күрделі міндет. Есептеулер мен сызбалардан мүлт кетуге болмайды, ондайда жұмыс үдерісінде кідіріс болады, ал ол өнім сапасына әсер етеді. Бөлім қызметкерлері тәжірибелі , білікті мамандар, өз ісінің шеберлері деу орынды. Сондықтан да жұмыста қолайсыздық болмайды. Жүрек қалауымен таңдаған мамандықтарына деген адалдықтан болар ұзақ уақыт туған кәсіпорнынан табан аудармай жұмыс істегендер қатары көп. Бір-бірімізді ишарадан-ақ түсініп жатамыз. Еңбек жағдайы жақсы, өнімді жұмыс істеудің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Біз «Медкарь», «Стомкарь», «Мамокарь» сияқты халықтың денсаулығын жақсартуға қызмет көрсететін рентген-диагностикалық аппараттар шығаратын беделді кәсіпорында жұмыс істегенімізді мақтаныш тұтамыз. Сондықтан да өз ісімізге асқан жауапкершілікпен қарауға дағдыланғанбыз. Зауыт маркісі біздің әрқайсымыз үшін өте қадірлі. Себебі, бұл біздің екінші үйіміз, күнкөрісіміздің көзі, еліміздің атын шетелдерге танытып отырған озық өндіріс орны. Ақтөберентгендіктер мұны орынды мақтаныш тұтады. Абай БАТАНОВ, бас технолог.ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ДАМУ
Қазіргі уақытта зауыт бес түрлі мобильді рентген жүйесін және 16 стационарлық медициналық рентген аппараттарын шығарады. Зауытта металдарды алып, электронды жинақтау және металл тораптарын дайындаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістің толық циклі атқарылады. Өнімдер жоғары халықаралық сапа стандарттары бойынша сертификатталған. Мемлекеттік тапсырыс болса жұмыс қарқынды жүреді. Соңғы екі жылда тапсырыстар көптеп түсіп, жұмыс көлемі артты. Үстіміздегі жылы отызға жуық мобильді кешендер жеткізуге келісім-шарт жасалды. Кәсіпорында тағы бір бірегей жоба қолға алынды. Ол Қазақстандағы апаттық медицина қызметі үшін көп салалы жылжымалы медициналық кешен, яғни медициналық госпиталь құрастыру болып табылады. Бұл госпиталь – ірі төтенше жағдай кезінде қолданылатын кешен. Апатты жағдайда зардап шеккендер мен ауруларға сауатты медициналық көмек көрсету, оларды уақытша госпитальдау, базалық емдеу және басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Болашақта хирургиялық, урологиялық және басқа рентген-диагностикалық техникалар шығару көзделуде. Біздің өнімдерімізге ішкі рынокта ғана емес, сыртқы рынок та көз тігуде. Соның ішінде зауытта шығарылатын палаталық рентген аппаратураларына Болгария қызығушылық танытып отыр. Басқа шетелдер де бізбен әріптестік қатынас орнатуға ынталы бола түсуде. Үстіміздегі жылғы он айда ғана 2,5 миллиард теңгенің өнімдері өткізілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен анағұрлым көп. Жалпы, кәсіпорында жаңа өнімдер шығару, бұрынғыларын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұның өзі акционерлік қоғам алар асулардың алда да аласармайтынын көрсетеді. Борис КАМЫНИН, стратегиялық даму жөніндегі директор.ҚАЛАҒАН КӘСІБІМ – ӨМІРЛІК НӘСІБІМ
Менің зауытта жұмыс істегеніме 42 жылдың жүзі болыпты. Әрине, осы жылдарда кәсіпорын адам танымастай өзгерді десем артық айтқандық болмас. Жаңа техникалар сатып алынды, бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылуда. Цехтағы қондырғылар Жапониядан, Германиядан әкелінген. Токарлық станоктар да жетілдірілген, сапалы да жаңа. Жоғары технологиялық рентген аппаратураларына орнатылатын бөлшектер де әлемдік стандарттарға сай болуы керек. Жалпы, токарлық мамандықтың қыр-сыры көп, ең мықтымын деген шебердің өзінің білмейтіні болуы бек мүмкін. Сондықтан әр бөлшекті жонғанда ұқыптылық пен байқампаздық керек. Сонда ғана сапалы болады. Токарлыққа жастар келмейді. Олар бұл жұмысты ауырсынады, еңбекақысына көңілдері толмайды. Біз осы мамандықпен өз өмірімізді сабақтастырғандықтан осыдан артық жұмысқа көңіліміз де аумайды. Мұнда қазір жолдасым да еңбек етеді. Біз зейнет жасындамыз. Алайда, кәсіпорын басшылары жұмыс жасай беруімізді қалайды. Ал, еңбек етіп қалған адамның қарап отыра алмайтыны белгілі ғой. Еңбек жағдайымыз жақсы, жалпы, ардагерлерге деген көзқарасқа да ризамыз. Зауыт көзге де, көңілге де ыстық. Сондықтан кәсіпорынның жаңа жағдайда жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруына, қарқынды дамуына үлес қосып жатқанымыз көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Нұрлан АЙТЖАНОВ, 2-цехтың 5-разрядты токарі, құрметті еңбек ардагері. __________________________ Айқарма бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.