• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Мамыр, 2018

Ақжайықтың асыл аруларына арналған арнайы энциклопедия жарық көрді

742 рет
көрсетілді

Дүйім жұртқа мәлімі, қасиетті Ақжайық аңғарында бой түзеген, ой түзеген іргелі елдің қызғалдақ қыздары айдай сұлу көркімен де, салиқалы ақыл-парасатымен де әркез ерекшелене танылған. Хас сұлулық туралы сөз қозғағанда Жайық Жібегіне кім тең келер.

Есте жоқ ескі заманнан бері бағамдасақ, Батыс Қазақстан өңі­рінің арулары арасында небір дүлдүл ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен ана­ла­рымыз аз болмаған. Қа­зақ әйелі қашанда дәстүрлі мәде­ниеттің тұтқасы болып, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын ойлайтын «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» Ел анасы деңгейіне көтеріле білген. Мәселен, атақты Әбілқайыр ханның зайыбы, ақылды да көреген Бопай ханым елдің басын біріктіру, ел ұйыту ісіне белсене араласып, шебер дипломат болуымен ерекшеленсе, Бөкей ханның жұбайы Отан ханым әкеден ерте жетім қалған Жәңгірді ел басқару ісіне жастайынан баулығаны мә­лім. Ал Жәңгір ханның жа­ры Фатима ханым еуропаша білім алған, бірнеше Шығыс жә­не Еуропа тілдерін еркін мең­­герген зиялы әйел хан бас­та­маларына көмек қолын созып, жеке кеңесшісі бола білген.

1857 жылы Орал қаласын­да қазақ даласындағы тұңғыш қыз­дар гимназиясының ашы­­луын, 1883 жылы Орда қаласында жергілікті қыз бала­ларға арнаулы орта білім беру мақсатында қыздар училищесі жұмыс істей бастағанын қай­да қоярсыз. Осы оқу орнынан қоғам қайраткері Алма Ораз­баеваның, алғашқы инженер-металлург Мәдина Бегалиеваның шығуы тегін емес...

Қазақ өнеріне айрықша үлес қосқан талантты тұлға­лар сапында Ақжайық қызда­рының орны ала бөтен. Бұл тізім атақты «Жетім қыз» даста­нының авторы Алмажан Азаматқызынан бастау алады. Бұл саптағы күй анасы Дина Нұрпейісованың қазақ музыка өнеріндегі орнын айтып жеткізу мүмкін емес. Шашасына шаң жұқпас дүл­дүл күйші, халық компози­торы Дина анамыз – Қазақ музыкасының алтын қорына қосылған таңғажайып күй­лері­мен, керемет орын­дау­шылық қабілетімен де күллі әлем жұртының таңдайын қақтырған ұлы феномен. Қазақ театр өнерінің майталмандары КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева, КСРО халық әртісі, опера әншісі Роза Жаманова, қазақ киносының «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовалар – ұлт­тық өнеріміздің деңгейін әлем­дік биік шыңға көтерген бірегей дарындар.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақ­стан аймағы аруларының ты­ныс-тіршілігі мүлдем жа­ңа­ша жаңғыруда. Еселі еңбе­гімен елге танылып, ха­лық ілтипатына бөленген тағы­лымы мол кейуана, ардақты әже, асыл ана, аяулы апала­рымыздың есімдері мен өне­гелі істері әр буынның жадында жаңғыруы қазіргі ұрпақтың рухани түлеуіне сеп. Осы жоғарыда аталған қағидалар үрдісінде ел мерейін еселеген Ақжайықтың асыл аруларына арналған арнайы энциклопедия жарық көрді. («Ақжайықтың асыл арулары» – «Заслуженные женщины Приуралья» энциклопедиясы, екінші басылым, Ал­маты, «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, 2018, 360 бет, қазақ, орыс тілдерінде, таралымы – 500 дана).

Еңбек БҚО әкімшілігі, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры, «КАТЭК» ЖШС жобалау-инжиниринг компаниясының демеушілігімен жарық көр­ген. Тұлғатану саласында күллі көпшілікке ұсынылып отырған аталмыш әмбебап құн­ды еңбек – Ақжайық ару­ларына арналған ыстық ықы­лас пен зор құрмет белгісі.

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры