«Нұр Отан» партиясы IT-мамандарды дайындау, білім беру саласын жетілдіре түсу мақсатында жаңа жобаларды қолға алғаны белгілі. Аталған жобалар аясында алдағы үш жылда елімізде жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың адамға білім беру жоспарланған болатын.
Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының мәліметіне сәйкес, 2018 жылы құны 4 млн 900 мың теңгені құрайтын, 3200 оқушыны қамтитын 20 сынып, ал 2019 жылы 8100 оқушыны қамтитын 30 ІТ-сынып ашу жоспарлануда. Ол сыныптарда ІТ-орталықтарда білімін жетілдірген мұғалімдер сабақ беретін болады.
Осы жоспарлар аясында жақында Шымкентте IT- орталық ашылды. Азаматтардың цифрлық сауаттылықтарын арттыруға, білім беру саласын жетілдіруге бағытталған IT- орталық «Нұр Отан» партиясының «IT-мамандарды дайындау» жобасы шеңберінде іске асты. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында орналасқан IT-орталық заманауи 16 компьютер, жоғары жылдамдықтағы интернет, қажетті веб-бағдарламалармен жабдықталған.
– Бұл орталықта IT саласына қатысты қажетті ақпараттар, түрлі қызметтер ұсынылып, мамандар оқытылатын болады. Бұл өз кезегінде халықтың цифрлық сауаттылығын арттырады, – дейді облыс әкімінің орынбасары Т.Сәрсембаев.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»